Жуырда Шымкентте Қазақстан Судьялар одағы XI Спартакиадасының финалдық кезеңі өтті. Екі күнге созылған жарысқа еліміздің әр өңірінен 20 команда қатысты. Бұл сында судьялар спорттың 9 түрінен атап айтқанда, шағын футбол, волейбол, арқан тарту, бильярд, үлкен теннис, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат және дойбыдан өзара бақ сынады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Финалдық ойындардың салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Жоғарғы Соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов, ҚР Судьялар Одағының төрағасы Досжан Әмір сөз сөйлеп, аталған спорттық іс-шараның маңыздылығы жөнінде айтып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Судьялар спартакиадасы – бұл тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен қатар еліміздің сот жүйесінде қызмет ететін азаматтардың достығын, кәсіби ынтымақтастығын және бірлігін көрсететін маңызды іс-шара. Салауатты өмір салтын қалыптастыру, дене тәрбиесін насихаттау, белсенді өмір сүру мәдениетін дамыту – спартакиаданың басты мақсаттарының бірі. Сонымен қатар, бұл дода әріптестер арасындағы рухани байланысты нығайтып, сот жүйесінің адамгершілік және қоғамдық біртұтастығын айқындайды. Осы жолғы спартакиада өзінің ауқымдылығымен, жоғары деңгейде ұйымдастырылуымен және қатысушылардың белсенділігімен ерекшеленді. Осындай сайыстар арқылы біз кәсіби әлеуетімізді де арттыра түсеміз, – деді ҚР Судьялар Одағының төрағасы Досжан Әмір.