Мәжіліс депутаты Абзал Құспан жазасын өтеп жатқан Жомарт Ертаевқа қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы қаулының күші жойылғанын хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Ол бұл туралы Facebook парақшасында жазды.
«Бүгін Ертаевқа қатысты сот қаулысы жойылды. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына, прокурорға және Алматы облысының сотына, сондай-ақ бұл мәселені алғаш көтерген журналистерге шын жүректен алғыс айтамын!», деп жазды ол.
Өз кезегінде басқа Мәжіліс депутаты «Жомарт Ертаев қайтадан түрмеге барады» деп мәлімдеді.
2 қыркүйек 2025 жылы Алматы облысы Алатау қаласының соты сотталған Жомарт Ертаевтың ҚР Конституциясының 30 жылдығына байланысты қабылданған рақымшылық актісін қолдану туралы өтінішін қараған. Сот шешіміне сәйкес оған рақымшылық жасалып, ол бостандыққа шыққан.
Айта кетейік, 2 қыркүйекке дейін ол 8 жыл 3 ай 14 күн түрмеде жазасын өтеді. Ертаев 2018 жылғы 15 қарашадан бастап қамауда отырды, мерзім «бір күнге бір жарым күн» есебімен есептелген. Жазаның өтелмеген бөлігі 11 ай 16 күнді құрады.
2020 жылдың қарашасында Алматыда бұрынғы банкир Жомарт Ертаевқа үкім шыққан. Оған Bank RBK-ға тиесілі 144 млрд теңгені жымқырды деген айып тағылды. Оның мүлкі тәркіленіп, орташа қауіпсіздік колониясында 11 жылға сотталды. Сондай-ақ оған 10 жыл бойы банк және қаржы саласында жұмыс істеуге тыйым салынды.
2021 жылдың наурызында, ол Bank RBK, Qazaq Banki және Еуразиялық банктен 188 млрд теңгеден астам қаражат ұрлау ісі бойынша тағы да сотталды. Сот Жомарт Ертаевты қылмыстық топ ұйымдастырды және алаяқтық жасады деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды.
2021 жылдың мамырында апелляциялық инстанция алғашқы үкімді жеңілдетіп, жазаны 11 жылдан 9 жылға дейін қысқартты.