• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 10:55

Біліміміз бен тәжірибемізді еліміздің жарқын болашағына арнаймыз - Үздік педагог

30 рет
көрсетілді

5 қазан - ұрпақ тәрбиесінің тұтқасын ұстап, білім беру жолын таңдаған ұстаздардың кәсіби мерекесі. Мереке қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-ағарту саласына елеулі үлес қосып келе жатқан майталман мұғалімдерді Ақордада қабылдап, арнайы құрмет көрсетті. Президенттің қолынан  мемлекеттік награда алған педагогтер қатарында мектеп мұғалімдерімен бірге колледж және жоғары оқу орындарының оқытушылары, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеп жүрген мамандар да болды. Саланы біртұтас қамтыған марапат мемлекеттің кемелдену жолында оқытудың әр сатысы маңызды екенін анық аңғартқандай, деп жазады Egemen.kz.

Ақордаға аяқ басқан жауапты мамандық иелері «Парасат», «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медалімен марапатталып, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын арқалады.

Беделі биік марапат алған ұстаздардың қатарында Шымкент қаласы Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Шералхан Гүлмира да бар. Білікті ұстаз ел болашағына сіңірген ерен еңбегі үшін бұған дейін «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін иемденіп, былтыр ғана «Үздік педагог-2024» байқауының республикалық кезеңінде топ жарған. Ал бұл жолғы мәртебелі марапат «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын ізденімпаз педагогке ел Президентінің өзі табыстады.

Шералхан Гүлмира ұстаз марапаттан кейін әдемі әсерімен бөлісіп, бағаланған еңбек ұстаздық қырын ұштай түсуге итермелеп, шабытқа шабыс қосатынын айтты.

«Ел басшысының педагогтерді арнайы марапаттауы ұстаз ролінің жоғары екенін көрсетеді. Бұл мұғалім жетістігінің биігі ғана емес, керісінше жаңа бастамалар мен тың идеялардың бастауы. Бізге артылған сенім. Марапаттау сәтінде ойыма түрлі идеялар келді. Ертерек жүзеге асыруға асықтым. Шабыттанып, мамандығымды адаспай тапқаныма қуандым. Әр марапаттың жауапкершілігі бар, артар жүгі бар. Біліміміз бен тәжірибемізді еліміздің жарқын болашағына арнаймыз деп сеніммен айта аламын», деген ұстаз енді Қасым-Жомарт Кемелұлы баса назар аударып жүрген ЖИ мүмкіндіктерін дер кезінде меңгеріп, заман сұранысына сай болуды діттеп отырғанын атап өтті.

«Мақсат – бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. Олай болса, мұғалім де қазіргі жаһанданудың қатаң талаптарына сай болуы тиіс. Ақпараттық технологиялардың дамыған уақытында функционалдық сауаттылығы жоғары, ЖИ жетістіктерін меңгерген ұстаз ғана  шәкіртін биік белестерге жетелей алады», деді Шымкент қаласы Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназияның мұғалімі.

Қазақтың әйгілі әскери қолбасшысы Бауыржан Момышұлы «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді, өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» деген өнегелі сөзімен өсиет еткеніндей шәкірттерінің санасында білім шамшырағын жағып жүрген ұстаз еңбегінің еленуі тұтас қоғамның құрметі, алғысы.