• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әйел әлемі Бүгін, 08:30

Әйелдердің 50%-дан астамы контрацепцияны пайдаланбайды, ал үштен бірі шұғыл қорғаныс құралы туралы ештеңе білмейді – сауалнама нәтижесі

30 рет
көрсетілді

Мұндай қорытындыны Kazakhstan Women’s Health жобасы аясында өткен «Ayelder Dausy 2025» жыл сайынғы сауалнамасы көрсетті. Зерттеудің мақсаты – Қазақстандағы әйелдердің өз денсаулығына көзқарасын анықтау. Сауалнамаға елдің әртүрлі өңірлерінен 18-60 жас аралығындағы 540 әйел қатысты. Нәтижелер 30 қыркүйекте Алматыда өткен «Әйелдер денсаулығы қоғам назарында» атты ашық пікірталаста таныстырылды.

Сауалнама деректеріне сәйкес, 51,9% әйел гинекологқа кем дегенде жылына бір рет барып, профилактикалық тексеруден өтеді. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш жақсарған: 2024 жылы респонденттердің 19%-ы дәрігерге бармайтынын айтса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 4%-дан төмендеген.

2024 жылы дәрігерге бармаудың басты себебі шағымның болмауы (47%) болса, 2025 жылы қаржылық себептер алдыңғы орынға шыққан: анализдердің қымбаттығына шағымданған әйелдер үлесі 21%-дан 42,6%-ға өскен, ал медициналық қызметтердің жоғары құны 38,9% респондент үшін кедергіге айналған. Сонымен қатар, дәрігерге баруға уақыт таппайтындардың үлесі де күрт артқан (46,3% – бір жыл бұрынғы 18%-бен салыстырғанда).

Өткен жылмен салыстырғанда өзін-өзі емдеу деңгейі әлі де жоғары болып тұр, әйелдердің 60%-дан астамы дәрігердің кеңесінсіз дәрі қабылдауды жалғастыруда.

«Репродуктивті денсаулық – тек медициналық емес, әлеуметтік мәселе. Егер әйел дәрігерге сұрақ қоюдан қорқатын болса немесе өзін-өзі күту – артықшылық деп санаса, біз қоғам ретінде үлкен әлеуеттен айрыламыз. Жаңа мәдениет қалыптастыру маңызды: дер кезінде көмекке жүгіну, мамандарға сену және денсаулықты күтуді өмірдің табиғи бөлігі ретінде қабылдау қажет», – деді медицина ғылымдарының докторы, Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин.

Сауалнамаға қатысқан әйелдердің жартысы (51,9%) ешқандай контрацепция әдісін қолданбайды. Олардың ішінде 54,8%-ы мұның қажеті жоқ деп есептесе, 19%-ы жанама әсерлерден қорқады. Әйелдердің шамамен үштен бірі (29,6%) шұғыл контрацепцияның бар екенін мүлде білмейді.

Контрацепцияны пайдаланатындардың ішінде 60%-ы тосқауыл әдістерін, 22,2%-ы жатырішілік спиральды, 15,6%-ы гормоналды таблеткаларды қолданады.

«Сауалнамаға қатысқан әйелдердің 72,7%-ы дәрігермен менопаузалық гормоналды терапияны (МГТ) қолдану мүмкіндігін ешқашан талқыламаған. Сонымен бірге, олардың 45,5%-ы климаксты емдеудің қажеті жоқ десе, 27,3%-ы гормоналды терапия қауіпті және ауыр жанама әсерлері бар деп санайды», – деп атап өтті IRM Clinic Almaty акушер-гинекологы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Галина Гребенникова.

Оның айтуынша, Қазақстан әйелдері ақпарат тапшылығын әлі де сезінеді, ал әлемде гормоналды терапия кеңінен қолданылады. Қазақстандық дәрігерлер де бұл әдісті қолданып, әр науқасқа жеке ем тағайындайды.

«Бүгінде фармацевтика әйелдің өмірінің әр кезеңінде – контрацепциядан бастап репродуктивті денсаулықты кеңінен қамтитын қолдауды ұсынады. Біз үшін Қазақстандағы әйелдер заманауи әдістерге және сенімді ақпаратқа қол жеткізе отырып, өздерін қауіпсіз әрі сенімді сезінуі маңызды», – деді «Гедеон Рихтер Қазақстан» компаниясының бас директоры Павел Хегай.

Өткен жылы әйелдер денсаулығы үшін негізгі мәселе өзін-өзі емдеу болса, 2025 жылы оған қосымша қызметтердің қымбаттығы мен уақыт тапшылығы қосылды.

«Ayelder Dausy нәтижелері көрсеткендей, әйелдер өзіне қамқор болғысы келеді, бірақ ақпараттық кедергілерге тап болады. Біздің міндетіміз – заманауи шешімдер ұсынумен қатар, дәрігерлерге деген сенімді қалыптастыруға, ағартуға және ақпаратқа қолжетімділікті кеңейтуге көмектесу. Бұл – Kazakhstan Women’s Health жобасының басты мақсаты болып қала береді», – деді «Гедеон Рихтер Қазақстан» өкілі Динара Бірмағанбетова.

Ayelder Dausy 2025 тағы да мынаны дәлелдеді: әйелдердің хабардарлығын арттыру, профилактика және медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету – жағдайды жақсартудың шешуші қадамдары бола алады.