• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Президент Бүгін, 12:17

Президент: «Жасанды интеллект бейбіт мақсатта ғана қолданылуға тиіс»

10 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні тек бейбіт әрі игі мақсаттарға пайдалану керектігін атап өтіп, Қазақстанның жаһандық ынтымақтастыққа ашық екенін және «Alem.ai» халықаралық орталығы мен тұңғыш зерттеу университеті елдің цифрлық экожүйесінің өзегіне айналатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Президенттің айтуынша, отыз жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздік жолын таңдап, ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Бүгінде еліміз жасанды интеллект бейбіт мақсатта ғана қолданылуға тиіс деп батыл түрде мәлімдейді. Оның әскери салада, кибершабуылдарға және халықаралық тұрақтылыққа қатер төндіретін жобаларда пайдаланылуына жол беруге болмайды.

«БҰҰ Бас Ассамблеясының таяуда өткен сессиясында мен Қазақстанның Ұйым аясында Жасанды интеллектіні басқару жөніндегі жаһандық диалог жұмысына атсалысуға дайын екенін растадым. Біз серіктестеріміздің бастамаларын, соның ішінде Қытайдың ЖИ саласындағы жаһандық ынтымақтастық ұйымын құру туралы ұсынысын қолдаймыз.

Мен биыл халыққа Жолдауымды цифрландыру және жасанды интеллект мәселесіне арнадым. Біз алдымызға нақты мақсат қойдық: Қазақстан үш жыл ішінде нағыз цифрлық ел болуы керек. Бұл – өте ауқымды міндет. Сондықтан біз қазір еліміздің біртұтас цифрлық экожүйесін құру ісімен белсенді түрде айналысып жатырмыз», деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологиясын жауапкершілікпен қолдану өте маңызды екенін атап өтті. 

«Кеше Астанада Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің бірінші отырысы өтті. Жиында білім беру мәселелері қаралды. Әлемге танымал сарапшылармен бірге адам капиталын дамыту мәселесі талқыланды, нақты міндеттер айқындалды. Ең бастысы, жасанды интеллект саласындағы тұңғыш зерттеу университетін құру туралы өте маңызды шешім қабылданды», деді Мемлекет басшысы. 

Сондай-ақ Президент бүгін «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығы өз жұмысын бастағанын айтты. Бұл орталықты инновациялар мен тың идеялардың мекені деуге болады. Жалпы, Қазақстан осы саладағы кез келген ынтымақтастыққа ашық.

«Сондай-ақ біз елімізде екінші суперкомпьютер кластерін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жасанды интеллект тек игі мақсатқа қызмет етуі керек. Адам игілігі басты орында тұрады. «Alem.ai» жасанды интеллектіні барынша тиімді әрі этикалық нормаларға сай қолданатын жаһандық орталық болуға тиіс. Жасанды интеллект технологиясын жауапкершілікпен қолдану өте маңызды. Сондықтан жаңа университет және «Alem.ai» орталығы біртұтас экожүйенің негізгі өзегі ретінде қызмет етуі керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.