Қармақшы аудандық сотында жергілікті тұрғынға қатысты ӘҚБтК-нің 73-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды, деп жазады Egemen.kz.
Бұған дейін де әкімшілік жаза қолданылған азамат осы жолы араққа сылқия тойып, анасына ауыр сөйлеп, отбасының мазасын алған. Бір жыл ішінде құқық бұзушылықты қайталап жасаған оның кінәсі іс құжаттарымен қоса, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен және тағы да басқа құжаттармен дәлелденіп отыр.
Сот отырысында құқық бұзушы кінәсін мойындап, қоғамдық жұмысқа тартуды сұрады. Сот құқық бұзушының жауаптылығын жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, оны ӘҚБтК-нің 73-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп тауып, оған 40 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын тағайындады.
Сонымен қоса, құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу туралы Қармақшы аудандық полиция бөлімінің ұсынысы қанағаттандырылды.