• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Зерде Бүгін, 08:15

«Шарқи сурх» журналындағы жазба немесе Әуезовтің тәжік қаламгері Икрамиға тигізген шапағаты хақында

30 рет
көрсетілді

Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Жазушылар одағы бірлесіп жүзеге асырып жатқан «ТМД архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» атты жоба аясында Тәжікстанның астанасы Душанбе қаласына барған едік. Сол сапарда қоржынымызға қазақтың классик қаламгері Мұхтар Әуезов пен Тәжікстанның халық жазушысы Жалол Икрами арасындағы рухани достықтың дәнекері боларлық деректер түсті.

1957 жылдың қазан айында Тәжікстан­ның «Шарқи сурх» («Қызыл шығыс») атты ғылыми, әдеби, қо­ғамдық һәм сая­си журналының №10 санында Мұхтар Әуе­з­ов­тің 60 жылдық мерейтойына орай тәжік жазушысы Жалол Икрамидың (тә­жік­­ше Ҷалол Икромӣ) «Нависан­даи азиз ва мухтарам» (Қадірлі, әрі құрметті жазушы) атты алғысөзімен «Абай жолы» романының үзіндісі жарияланыпты. Сол алғысөзді оқып шыққанда Әуезов пен Икрами ара­сындағы рухани байланысты, көңіл қимас достықты, бір-біріне құшағын айқара ашқан бауырлықты байқағандай болдық.

Тәжік қаламгері Жалол Икрами: «Қа­зан төңкерісі қазақ халқына азаттық әкеліп, ұлттық тәуелсіздікке, теңдікке, бақытқа жол ашты. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, қазақ халқы өзінің ұлы перзенті Абай Құнанбаевты мәңгілікке таныды. Ал Мұхтар Әуезов болса, өзінің «Абай» романы арқылы осы ұлты таныған ұлы бейнені әлемдік деңгейге көтер­ді. Бұл роман тек қазақ ұлты үшін ғана емес, бүкіл кеңес халықтары үшін қымбат қазына болды. Әрбір оқырман оны сүйіспеншілікпен қабылдады. Әр халық өз жүрегінен орын берді. Әуезовтің бұл еңбегі халықтар дос­тығын, олардың бірлі­гін, өзара түсіністігін нығайтты», деп ағынан жарылады (материал көлемді болғандықтан үзіндісін ғана жариялап отырмыз).

Рас, мұндай ықыласты сөз, ақ­жарма тілектің айтылуына да жел­дің үп етіп соқ­қанындай болсын себеп керек. Әуезовтің абыройы асқақтап тұрған кезеңде Тәжік­стан­ның «Шарқи сурх» журналында «Абай жолы» романының тәжік тіліндегі аудармасының жариялануы қалыпты жағдай дегені­міз­бен, алғысөзді басқа емес, дәл Жалол Икрамидың жазуының сыры неде?

Ол сырды ашпас бұрын оқырман­ға Жалол Икрамиды қысқаша та­ныс­тыра кетелік. Жалол Икрами ­1909 жылы қазіргі Өзбекстанның ­Бұхара қаласында дүниеге келіп, ­30-жыл­­­дары әдебиет табалдырығын ақын ­ре­тін­де аттап, кейіннен Садриддин Айни­дың кеңесімен біржола прозаға ауысқан, осылай кеңестік кезеңдегі тәжік прозасының жетекші өкіліне айналған тұлға. «Душман» (Жау, 1933), «Тухми муҳаббат» (Махаббат дәні, 1934), «Тирмор» (Тамыр, 1935), «Зуҳро» (1940), «Шоди» (Шаттық), «Ман гунаҳгорам» («Мен кінәлімін», 1957),  «Тори анкабут» (Өрмекшінің торы, 1960), «Духтари оташ» (От қызы, 1962), «Дувоздаҳ дарвоза-и Бұхоро» (Бұхараның он екі қақпасы) және «Тахти вожгун» (Тақтың ауда­рылуы) сынды ондаған роман жаз­ған суреткер. Қаламгердің ұзақ жылғы тынымсыз еңбегі кейіннен әділ бағасын алып, 1964 жылы Руда­ки атындағы мемлекеттік сыйлық­ты, 1976 жылы Тәжікстан Халық жазу­шысы атағын алған.

Жалол Икрамидың Әуезовке қатысты ақжарма тілегін айтардан жарты жыл бұрын, яғни 1957 жыл­дың басында  «Мен кінәлімін» атты психологиялық романы жарияланып, туындыда коммунистік қоғам­ға сын көзімен қарағаны себепті ­кеңес­­­тік тоталитарлық жүйенің қырына ілігеді. Кеңес одағы ауқымында  түрлі пікірталас туып, қаламгердің басына қара бұлт үйріледі. Социалистік жолда аяғы шалынып кеткен қаламгер­ді біржола тұқыртып жазалайтын, ең азы Сібірге ұзақ жылға жер ауда­ратын күн таяп келе жатты.

1957 жылы 9 сәуір күні кеңес одағының астанасы Мәскеуде тәжік әдебиеті мен өнерінің онкүндігі ­басталып, 11 сәуір күні кеңес ­Жа­зу­шылар одағында тәжік прозасы бірнеше өкілінің туындылары тал­қылаудан өтті. Бұрын әлемге Рудаки, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Жами сынды классик ақындардың шығар­маларымен кеңінен танылған тәжік әдебиеті Қазан төңкерісінен кейін жаңа дәуірге аяқ басып, Айни бастаған кеңестік қаламгерлер шо­ғыры қалыптасып үлгерген кезең еді. Десе де социалистік заман­­­ның рухындағы шығармалар көптеп жазылғанымен, кейіпкерлердің шынайы болмысын, адами мінездерін, тағдырын жазар өріс тарылған-ды. Сол тар өрісті кеңіткен 48 жастағы жазушы Жалол Икрамидың «Мен кінәлімін» романының тағдыры қыл үстінде тұрды. Алғаш болып Икрамидың кітабы жайын­да филология ғылымдарының докторы, шығыстанушы, сыншы, парсы-тәжік тілінің білгірі Израэль-Иосиф Брагинский, өзбектен шыққан әйгілі әдебиет сыншысы Иззат Сұлтанов ойларын ортаға салды. Осы екі әдебиетшіден кейін мін­бер­ге көтерілген Мұхтар Әуезов Икра­мидың туындысын асыра мақта­май-ақ, басты кейіпкердің іс-әрекеті бір сарынды баян­даудан тұратынын, шығарманың күрде­лі тартысқа құ­­рыл­мағанын мысалға келті­ріп, кітап­тың атауы да сюжеттік, психо­ло­гия­лық тұрғыдан ақталмағанын айтып, сипай қамшылап сынай отырып, жа­зу­шының өз кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесін ашудағы шебер­лігін, табиғатты суреттеудегі өзіндік мәнеріне де тоқталып, ақырында ақ батасын береді.

Арада 15 күн өткенде Әуезовтің осы бір уәлі сөзі  «Жалол Икрамидың жаңа кітабы жайында» деген атпен «Тәжікстан коммунисі» («Коммунист Таджикистана», 1957, 24 сәуір) басылымында жарияланды.

Икрамидың сиясы кеппеген туындысы қылкөпірде аяғын қалт-құлт басып құлап кетейін деп тұрған­да Әуезовтің: «...мені романдағы негізгі кейіпкерлердің күресі мен әрекеттері ойландырды. Олар бір қырынан ғана көрсетілген және сәл тым идиллиялық («идиллия» гректің «eіdyllіon» картина, шағын өлең деген сөзінен шық­қан. Яғни Әуезов автордың роман­дағы кейіп­керлердің табиғат аясын­дағы қам­сыз, алаңсыз өмірін тым поэтика­лық тұрғы­да жазғанын меңзеп отыр) сипат алған. Біржақты бейнелер белгілі бір жасан­дылыққа, жанжалсыз жағдайларға әкеледі. Автор­­дың бас кейіпкері Әнуардың жеке өмі­рін­дегі өткір тартыстарды, күр­делі драма­лық шиеленістерді кеңі­нен ашуға үл­кен мүмкіндігі бола тұра, оны толық пай­даланбағаны өкі­нішті әсер қалдырады. Сірә, ол шынайы драманы жасауға батылдық етпегендей» деп сынап алып, оған қоса: «Бұл кітапта мені ерек­ше қызықтырған тұстардың бірі – кейіп­керлердің ішкі болмысын ашуда­ғы психологиялық тереңдік. Жеке тұлғаларды жазушы бір ғана бояумен – қара не ақ түспен емес, мінез-құлқының бар қырын, түрлі реңктерін көрсете отырып сипаттайды. Бұл тек қана олардың іс-әрекеттерінен, негізгі ерік-жігерінен ғана емес, сонымен бірге ең жасырын сезімдерінің нәзік әуездерін бей­­не­леу арқылы да айқындалған. Икра­ми­дың көптеген кейіпкерлерінің бейнесі нанымды әрі кейде нәзік әсер қалдырады», деп бағалауы талантты қаламгердің басына үйірілген қара түнек бұлтты сейілтіп, тағдырын қа­тер­ден арашалап қалды.

Әуезовтің мінберден айтқан сөзі мен мақаласынан кейін роман төңірегіндегі айтыс-тартыс бәсеңдеп, Икрамидың бұдан кейінгі шығармашылық жолы ашылды. Әрине, аға қаламгер Әуезовтің бұл жақсылығына қайырым жасау Шығыс мәдениетін бойына сіңір­ген Жалол Икрамиға парыз екені анық. Икрами Мұхтар ағасына деген інілік алғысын араға алты ай салып: «Мұхтар Әуезовтің ұлылығы сол, ол «Абай жолы» романында өз халқының тағдырын ұлттың асқақ армандарымен ұштастыра отырып бейнеледі. Сол себепті Әуезов қазақ халқының ғана емес, бүкіл кеңес ха­лықтарының құрметті жазушысына айналды. Оның ақын Абай туралы жазған романы Сталин сыйлы­ғы­на ие болып, әлемдік әдебиетте де жоғары бағаланды. Мұхтар Әуезов өзінің ғылыми әрі әдеби еңбектері арқылы тәжік халқының да сүйік­ті ұлына айналды. Қазақ халқы оны туған перзенті ретінде мақтан тұтса, тәжік оқырмандары да Мұхтар Әуезовтің шығармаларын жылы қабылдап, өздерінің сүйікті жазушысы санайды», деп «Шарқи сурх» журналындағы «Нависандаи азиз ва мухтарам» (Қадір­лі, әрі құрметті жазушы) атты алғы­сөзімен айтыпты. Тәжік қалам­герінің «Мұхтар Әуезов өзінің ғылыми әрі әдеби еңбек­тері арқылы тәжік халқының да сүйікті ұлына айналды» деген пейілді ықыласындағы «тәжік халқы» дегеннің орнына «мен» деген сөзді қойып көрсеңіз, автордың «Әуезов сүйікті ағама айналды» деген лебізді сөзін естігендей боласыз.

Әуезов саналы ғұмырында кеңес одағы деңгейіндегі әдебиетке қатыс­ты түрлі даулы мәселеге араласып, білімі мен білігінің арқасында қара қылды қақ жарып, кесімді сөзін айта білді. Шоқан Уәлихановтың қағазға түсіруімен әлемге танылған «Манас» жыры соцреалистік тұр­ғыдан талауға түсіп, кеңестік темір шеңгел цензураның пышағына ілін­гелі тұрғанда да қырғыздардың «Шоң қазағы», яғни Мұхтар Әуезов кеудесін «оққа» төсеп, қорғап қалды. Біздің ойымызша, осындай алып тұлғаның тәжік қаламгеріне шапағаты тигенін де бүгінгі қазақ пен тәжік жұртшылығы ұмытпауы керек. Ұмытпайды да.

 

Астана – Душанбе – Астана