• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ұстаз Бүгін, 08:25

Айрықша оқулық авторы

20 рет
көрсетілді

Өз саласында мемлекеттік марапатқа лайықты, бірақ өз бағасын алуға кешігіңкіреп жүргендей көрінетін бір жан бар еді Маңғыстауда. Ол – тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқы төл оқулықты құрастырған математик ұстаз, бүгінде ардагер-зейнеткер Қуантқан Ванов. Математика маманының қазақ тілі, оның емлесі, әліпби мәселесімен айналысып, өзінің тың ойларын құзырлы орындар назарына ұсынып жүргеніне де біраз жыл болды.

Биыл ұстаздар күні мерекесі маңғыс­таулықтарға жа­ғым­ды жаңалықпен басталды. Маң­ғыстаулықтар кеңі­нен танитын азамат, белгілі ұстаз Қуантқан Ванов Мемле­кет басшысының қолынан «Қазақ­станның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алды.

1974 жылы Гурьев педагоги­калық институтын математика пәнінің мұғалімі мамандығы бо­йынша үздік бітірген маман 1974 жылдан 2004 жылға дейінгі аралықта  Маңғыстау об­лысындағы Е.Ай­шуақұлы атындағы орта мектепте математика пәнінен сабақ берді.

Оның математика саба­ғында қолдану үшін ойлап тапқан «Демон­страциялық тақта», «Бес­аспап циркуль» атты құ­ралдары 1990 жылы Бүкілодақтық өнер­тапқыштар конкурсының Құрмет грамотасына ие болды. Ол математиканы оқытуда қолданылатын донецкілік педагог В.Шаталов әдістемесін зер­делеумен айналысып, оны жетілдіру арқылы «Өзгермелі сүйеніш жазба», «Бағалаудың екілік жүйесі» сияқты өзіндік әдістемесін ойлап шығарды. 1988–1990 жылдары Маңғыстау облысында оның математиканы оқыту әдістемесі бо­йынша құрылған озат тәжірибе мектебі жұмыс істеп, озат ұстаздың тәжірибесі Ақтөбеде өткен ұстаздар слетінде қолдау тапты. Сондай-ақ  Павлодар облысында өткен республикалық педагогикалық оқуда жүлдегер атанды. 

Тәжірибелі мұғалім егемен еліміздегі орта мектептің алғашқы математика оқулық­тарының авторы. Оның «Ма­те­матика-5» оқулығының алғашқы басылымы 1993 жылы, «Математика-6» оқулығы 1994 жылы жарық көрді. Бұл оқу­лықтар 1993 жылдан 2000 жылға дейін республика мектептерінде және кейбір шетелдегі қазақ мектептерінде қолданылды. Ал  1985–2000 жылдары Маңғыстау облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының тұрақты лекторы болып, республикамыздың бір­неше облысында өзінің тәжірибесі мен оқулықтары бойынша арнаулы курс өткізді.

«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, математиканың майын ішкен Қуантқан Рзаұлы кейінгі кезде дыбыстану саласымен, әліпби түзу мәселелерімен айналысып жүр. Бұл орайдағы еңбектері мерзімді баспасөз бен  бірнеше республикалық, халықаралық конференция­лар жинағында жарық көрген. Жақында оның тілге қатысты еңбектері «Емлеміздегі қайшы­лықтар және фонетикалық әліпбидің артықшылығы» деген атаумен жеке кітап болып шықты.

Тағы бір ай­рықша өнері – сазгер әрі әнші. Баянның құ­лағында ойнап, алуан әнді шыр­қайтын Қуант­қан Рзаұлының балалар мен үлкендерге арналған көптеген әні бар. Маңғыстау облысының бірнеше мектебі оның «Біз – жас ұлан», «Қайнары білімнің» әндерін мектеп әнұраны ретінде пайдаланып жүрсе, «Жас ұлан­дар жыры» облыс жас ұланда­рының, ал «Ұстаздар әні» облыс ұстазда­рының гимні болып саналады. Оның әндері бойынша Маңғыстау облысында екі рет арнайы шығармашылық кеш өткізілсе, «Ән лебіз» деген атпен 30 шақты  жеке туындылары топтас­тырылған ән жинағы жарық көрді.

Бүгінде Маңғыстау облы­сының бірнеше мектебінде Қ.Ванов атындағы  кабинет ашылып, Мұ­найлы ауданында біраз жылдан бері оның атындағы  оқушылар олимпиадасы өтіп келеді. Ал Түпқараған ауданында Қ.Ванов атындағы мұғалімдер олимпиадасы өткізіледі.

«Адам жұмысты марапат үшін істемейді, бірақ еңбегің үшін марапат алып жатсаң, ол көңіліңді көтереді, жаңа жұмысқа шабыттандырады, берілген атаққа сай болғың келеді. Бұрын жасаған азғантай еңбегімізді ұмытпай елеп-ескеріп, жоғары марапат берген ел басшылығына ырзалығым шексіз, рахмет айтамын!», дейді ұлағатты ұстаз ағынан ақтарылып. 

 

Маңғыстау облысы