Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палатаның кезекті отырысы өтіп, сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.
Елдерді жақындатқан екі заң
Отырыс барысында алдымен «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қаралды. Депутаттар атап өткендей, келісімді іске асыру көші-қон саласындағы заңдылық режімін нығайтуға, екі ел азаматтарының уақытша болуына қолайлы жағдай жасауға, Қазақстан мен Арменияның құзыретті органдары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе – «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтардың сапарлары мен болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң. Құжатта көрсетілген нормаларға сәйкес екі ел азаматтарының мемлекеттік шекарадан өткен күннен бастап 90 тәулікке дейінгі мерзімге екінші тарап мемлекетінің аумағына келуге, одан кетуге, транзитпен өтуге, жүріп-тұруға және болуға құқы бар. Сонымен қатар екінші тарап мемлекетінің аумағында уақытша болғандар 30 күнге дейін тіркеусіз болу мүмкіндігі қарастырылған. Осы шаралардың барлығы уағдаласушы мемлекеттерде құқықтық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға, саяси және экономикалық байланысты одан әрі дамытуға, сондай-ақ екіжақты қатынастарды нығайтуға бағытталған.
«Қаралған заңдар Қазақстан мен Армения арасында көші-қон үдерістерін құқықтық реттеу тетіктерін жетілдіруді көздейді. Осыған байланысты елдеріміз статистикалық, құқықтық және ғылыми-әдістемелік ақпаратпен алмасуға келісті. Сондай-ақ азаматтарымыздың жайлы сапары үшін жағдай жасалып жатыр. Соған сәйкес бұдан былай қазақстандықтар Арменияға жеке куәлік арқылы бара алады. Алдағы уақытта мақұлданған заңдар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
«Ата жолы» картасына не кедергі?
Заңдар қаралып болғаннан кейін әдеттегідей сенаторлар өздерінің депутаттық сауалын жолдады. Бекбол Орынбасаров «Ата жолы» картасы шетелдердегі қандастардың Қазақстан аумағында бизнес жүргізуіне және елге білікті мамандар тартуға қажетті жағдай жасай алмай отырғанына назар аударды. Бюрократиялық тосқауылдарға байланысты білікті мамандардан, инвестициядан және озық тәжірибеден құралақан қалып келеміз.
Сенатор «Ата жолы» картасы шетелдегі этностық қазақтарды қолдау үшін олардың Қазақстанда ұзақмерзімді болуы, ресми жұмысқа орналасуы, бизнес жүргізуі, сондай-ақ әлеуметтік, медициналық және білім жүйесіне қол жеткізу мүмкіндігін беретін құрал ретінде ойластырылғанын еске салды. Отандастар іс жүзінде ұлттық тиесілігін растаудың шамадан тыс рәсімдерінен өтуге, құжаттардың көптеген аудармасын ұсынуға мәжбүр, ал өңірлерде уәкілетті органдардың қызметкерлері мұндай картаны ұсыну ережелері туралы мүлдем хабарсыз. Сенатор мысал ретінде Швейцарияда жұмыс істейтін этностық қазақ, дәрігер-оқытушы Серік Тұрсынның тарихын келтірді. Кәсіби деңгейі жоғары және отандық медицинаны дамытуға үлес қосуға дайын болғанына қарамастан, ол бюрократиялық кедергілерге және мекемелердің атүсті пиғылына тап болды. Ол сонымен қатар өз қаражатын инвестиция жасауға және заманауи жабдықтар әкелуге дайын еді.
«Бүгінде тұрақты тұруға рұқсат алу кезінде орынсыз бюрократиялық тосқауылдар жиі кездеседі. Осындай жүйелі қиындықтар қандастардың елге оралу ынтасын төмендетіп қана қоймай, мемлекеттің оларды қолдауға және әлеуетін тиімді пайдалану саясатына сенімді әлсіретіп жатыр. Президенттің бастамасы жарияланғаннан бері түрлі елден шамамен 150 этностық қазақ келіп, «Ата жолы» картасын пайдалануға ниет білдірген. Алайда осы уақытқа дейін олардың ешқайсысы өз ойларын жүзеге асыра алған жоқ. Бұл құралдың қазіргі түрінде өзіне жүктелген міндеттерді орындамай отырғанын, ал отандастарымыздың әлеуеті іске аспай отырғанын көрсетеді», деді Б.Орынбасаров.
Сенатор «Ата жолы» картасының толыққанды жұмыс істеуі үшін заңнамадағы олқылықтарды жою қажет екенін атап өтті. Мәртебесі бекітілгеніне қарамастан, оның иесіне рәсімдер мен кепілдіктерді нақтылау, сондай-ақ басқа нормативтік актілермен үйлестіру қажет. Ол мемлекеттік органдардың, депутаттар мен сарапшылардың қатысуымен мекемеаралық комиссия құру қажеттігін, сондай-ақ шетелдік дипломдар мен сертификаттарды тікелей тану тетігін бекітуді ұсынды. Бұл білікті мамандардың еліміздің экономикасы мен денсаулық сақтау саласына ықпалдасуын жеделдетуге мүмкіндік береді.
Шеберлер шетте қалып келеді
Сенатор Дархан Қыдырәлі депутаттық сауалында музыкалық аспаптар жасайтын шеберлердің проблемалары туралы жария етті. Музыкалық шеберлер – ұрпақ жадында сақталған қоңыр үнді қайта тірілтетін, әуезді дыбысты атадан балаға жалғайтын, қымбат қазынамызды сақтайтын жандар. Өткенге үңілсек, музыкалық шеберлер ғылыми зерттеу жүйесіне енгізіліп, ұлттық музыкалық мұраны сақтаушылар әрі зерттеушілер ретінде мойындалды. Ал кейінгі жылдары шеберлер мемлекеттік қолдаусыз қалып, қоғамдағы орны энтузиаст рөліне алмасты.
«Елімізде домбыра күні енгізілді, домбыра пәні мектептерде оқытыла бастады. Керемет күйшілер мен әйгілі әншілер түрлі марапатқа ие болып жатыр. Әйтсе де сол домбыра жасаушылар мемлекет назарынан тыс қалып келеді. Филармония, этно-ансамбльдер мен оркестрлер – бәрі шебердің еңбегіне сүйенеді. Алайда олар «жай қолөнерші» деген кең категорияның көлеңкесінде марапат пен қолдаудан қалып келді. Бұл тұрғыда олар – ұлттық дыбыстың сақшылары, мәдени қауіпсіздіктің кепілі», деп атап өтті Д.Қыдырәлі.
Сенатор шеберлік ағаш өңдеу ғана емес, ғылыми-эксперименттік үрдіс екенін атап өтті. Аспаптың мензурасы, қуысы, қалыңдығы, ішек материалы, лак пен желімнің құрамы, ағаштың табиғи кебуі – мұның бәрі акустикалық нәтиженің теңдеуіне тікелей әсер етеді. Шеберлер күн сайын жасырын зертханалық жұмысты атқарады: тыңдау – өлшеу – салыстыру – қайта пішу – сынау – жетілдіру. Көне үлгілерді кітаби дерекпен ғана емес, қолдағы тәжірибемен жаңғыртады.
«Музыкалық шебер» ұлттық кәсіби мәртебесін енгізу, шеберхана-зертханаларды жаңғырту керек. Ұлттық регистр мен аспапқа арналған акустикалық паспорт, сертификаттау жүйесін енгізу, ұзақмерзімді келісімшарттар жасасу және шеберлерді насихаттау талап етіледі», деді сенатор.
Сондай-ақ палата отырысы барысында сенатор Нурия Ниязова ойын алаңдарында аттракциондар мен жабдықтарды пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне тоқталып, осы саладағы олқылықтарды жоюға арналған нақты шаралар ұсынды.
Геннадий Шиповских Денсаулық сақтау министрлігінің қарқынды бақылауындағы мамандандырылған Республикалық психиатриялық аурухананың инфрақұрылымы сын көтермейтін жағдайда екенін айтып, Үкіметтің назарын аударды. Алматы маңында орналасқан бұл аурухана – қоғам үшін аса қауіпті қылмыстар жасаған психикасы бұзылған адамдар мәжбүрлеп емделетін жалғыз мемлекеттік мекеме.
Депутат Амангелді Есбай өңірлерде цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында жұмыс істеп жүрген ІТ мамандар мен экономист-бухгалтерлердің мәртебесі, еңбек жағдайлары және жалақысы еңбектің күрделілігі мен жүктелетін жауапкершілікке сәйкес келмейді деп есептейді. Сенатор саладағы басқа да түйткілдерді атап өтіп, оларды шешу жолдарын тілге тиек етті.
Ал Серік Шайдаров Ұлытау облысындағы Бидайық және Кеңгір суқоймаларындағы гидротехникалық қондырғылардың тозуына алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты ол Үкіметті аталған нысандардың техникалық жағдайын анықтау үшін мамандандырылған ұйымды тартуға, суқоймаларының түбін тексеруге, тазарту және басқа да қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге шақырды.