Вьетнамға биыл 10-шы рет соққан «Буалой» тайфуны соңғы деректер бойынша 51адамның өмірін қиды, тағы 16 адам хабар-ошарсыз кеткен, ал 153 тұрғын жарақат алды, деп хабарлайды Egemen.kz Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Табиғи апат салдарынан 200 үй толығымен қирады, тағы 169 мыңнан астам үй бүлініп, шатырсыз қалды, ал 64,8 мың үйді су басты. Сондай-ақ, 80,6 мың гектардан астам күріш және басқа да ауыл шаруашылығы алқаптары су астында қалды, 21 мыңнан астам мал мен шамамен 500 мың құс қырылды.
Тайфун көптеген әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына да залал келтірді. Су тасқыны мен көшкіннің кесірінен 7,5 мыңнан астам автожол қозғалысқа жарамсыз болды.
Билік өкілдері қазір зардап шеккендерге көмек көрсетіп, негізгі қызметтерді қалпына келтіру және залалды бағалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Алдын ала есеп бойынша, экономикалық шығын көлемі шамамен 12,8 трлн донгты (518 млн АҚШ доллары) құрайды.