Халық қаһарманы, көрнекті мәдениет және өнер қайраткері, біртуар композитор Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына орай туған жері – Алматы облысы Өтеген батыр ауылында ұлы тұлғаның ескерткіші бой көтеріп, жаңа мәдениет үйі ашылды. Салтанатты іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиев, қоғам және мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен өнер майталмандары қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz аталған министрліктің мәліметіне сілтеме жасап.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықау сөзінде ескерткіштің ашылуы халқымыздың әйгілі тұлғаға деген айрықша құрметі мен ыстық ықыласының белгісі екенін атап өтті.
«Нұрғиса Тілендиев өркениетіміздің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты, еліміздің мәдени мұрасын жаңғыртуға, қазақтың ән-күйін жер жүзіне танытуға зор еңбек сіңірді. «Отырар сазы» оркестрінің негізін қалап, ұлтымыздың рухани дүниетанымын байыта түсті. Ол алтын қорымызға енген пьесалар мен фильмдерге музыка жазып, театр және кино саласында қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Нұрғиса Тілендиевтің теңдессіз мұрасы әлі талай ұрпаққа тағылым берері сөзсіз. Оның есімі қазақ мәдениетімен бірге мәңгі жасай береді», делінген құттықтау хатында.
Мемлекет басшысының мерейлі сәтке орай жолдаған лебізін жеткізген Аида Балаева өз сөзінде ұлы композитордың қазақ мәдениетіне қосқан өлшеусіз еңбегін ерекше атап өтті.
«Ұлы композитор халқымыздың тарихымен тағдырын, қуанышы мен қайғысын, арман-мұратын өнермен өрнектеп, артында мол мұра қалдырды», деді А.Балаева.
Министр Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай елімізде және шетелде ауқымды мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып жатқанын сөз етті. Атап айтқанда, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы 2025 жылды «Нұрғиса Тілендиев жылы» деп жариялап, Анкарада көрме, деректі фильм көрсетілімі мен композитор шығармаларынан концерт өткізді. Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде «Шабыт бастауы» атты көрме ашылып, АҚШ-та Карнеги-холда арнайы экспозиция, Бейжіңде «Құстар қайтып барады» атты шығармашылық кеш ұйымдастырылды. Сондай-ақ Мәскеу, Франкфурт, Бішкек, Алматы және Түркістан қалаларында түрлі концерттер мен фестивальдер өтті.
«Бүгінгі ескерткіштің ашылуы да ұлы тұлғаның рухын ұлықтауға арналған іс-шаралардың бір парасы деп білеміз. Осынау еңселі ескерткіш – Нұрғиса Тілендиевтің ұлт жүрегіндегі мәңгілік орнын айшықтайды. Нұрғиса Атабайұлының құнды қазынасы қазақтың мәңгілік мұрасы болып қала берері сөзсіз», деді министр.
Салтанатты жиынға қатысушылар 400 орындық жаңа мәдениет үйінің ашылуына қатысып, көрме залдарын аралады. Іс-шара аясында арнайы концерт өтіп, дәулескер күйшінің әндері мен күйлері орындалды.
Айта кетейік, Нұрғиса Тілендиевтің мүсінін белгілі мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов жасаған. Қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі – 2,85 метр, тұғыры – 1,5 метр, жалпы биіктігі – 4,35 метр. Тұғыры граниттен жасалған. Еңселі ескерткіш – ұлы сазгердің ұлт руханиятына сіңірген еңбегіне деген ел құрметінің айғағы.