Тұрғын үйдегі, түрлі нысандардағы құбырлардың маманы дегенде ойымызға бірден ер адам келетіні анық. Ал қыз баланың техникалық саланы игеріп, тіпті сол бағытта бірқатар белесті бағындырғанын білгенде кез келген кәсіпті меңгеруге ниет пен еңбек қана қажет-ау деген ойға келесіз.
Әсел Кенжалиева – «Жылу электр стансаларының жылу энергетикалық қондырғылары» мамандығын бітіріп, қазір сантехника саласына маман даярлап жүрген оқытушы. Біздің қоғам әйел затына, бәлкім табиғатына жат деп қабылдайтын кәсіпке келуін кейіпкеріміз жып-жылы естелікпен еске алды.
«2010 жыл. 9-сыныпты бітірген шақ. Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжіне құжат тапсыруға келдім. Шыны керек, мұндай мамандықтың барын мүлдем білген жоқпын. Қабылдау комиссиясындағы кісі колледжде оқытатын мамандықтарды тізбелеп, осындай маңызды, маман тапшы бағыты барын айтты. Соған тапсырдым. Сөйтсем, өз саласына тартқан екен ғой, кейін ол оқытушы маған арнайы пәндердің бірінен сабақ берді, қазір әріптеспіз. 2-курста кәсіпке тереңдей түсіп, мамандығыма қызығушылығым артты. Жақсы оқып, колледжді үздік бітіріп, Орал қаласындағы университетке «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» мамандығы бойынша оқуға қабылдандым. Кез келген кәсіп иесіне техникалық қауіпсіздік жөнінде дәріс оқи аламын. Жоғары оқу орнының 3-курсында жүргенде колледжімнен жұмысқа шақырту алып, оқытушылық қызметке кірістім. Сол 2016 жылдан бері осы салада маман даярлауға үлес қосып, қал-қадірімше саланы дамытуға күш салып келемін», дейді Әсел.
Бір кездері «қыз бала – әкенің жаны» деп жазғанымыз бар еді. Ә.Кенжалиеваның әңгімесінен кейін осы ойымыз жадымызда жаңғырды. Өйткені дәнекерлеуші мамандығын меңгеріп, кейін жүк көліктерін жөндеуді кәсіп қылған әкесі бала күнінен Әселді жанынан тастамай көмекші етіп алып жүріпті. Үйде ұл бала болмағандықтан, кіші қызғалдағын икемдеп, бар білгенін бойына сіңіре берген. Ақыры сол кенже қызы қаннан дарыған қабілетін дамытып, кәсібіне ұштастырды. Қазір ол өз көлігін, үйдегі сантехниканың бұзылған, бүлінгендерін өзі жөндейді.
«Оқу орындарында білім алып жүргенде – нағыз өмірлік әрі өндірістік тәжірибе әкеммен жұмыс істеу еді. 14 жасымда көлік жүргізуді тізгіндеп қана қоймай, темір тұлпарды баптай білуді үйретті. Осы күні ол менен қандай да бір кілтті немесе техникалық құралды сұраса, жазбай танимын, әңгімеміз де ортақ. Колледж мені жұмысқа шақырғанда да ұсынысты қабылдауға итермелеген – әкем. Ол кезде оқу орнының ұсынған жалақысы мардымсыз. Сонда әкем: «Тәжірибе жинауың керек, бұл ең маңыздысы» деп келген мүмкіндікті қалт жібермеуге ықпал етті. Қазір студенттерім 4-курста оқи жүріп өндіріс орындарында еңбек етіп, 100 мың теңгеге дейін таба алады. Бірақ олар бүгінін ғана ойлайды, оның орнына 200 мың теңге төлейтін даяршы, бармен, дүкен сатушысы болуға жүгіреді. Өмір бақи даяршы болып жүре алмайтынын, тәжірибе жинап білікті маманға айналса, қазір сантехниктер бір тұрғын үйден айына миллион теңгеден жоғары алатынын айтамын. Бірі тыңдайды, бірі бәрібір дегенін істейді. Сондайда отбасындағы тәрбие, әкемдікіндей ақыл айтатын жанашыр жетпейтіндей көрінеді», дейді Ә.Кенжалиева.
Осы уақыттың ішінде ол техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында өтетін республикалық, бірнеше рет халықаралық «Worldskills» чемпионатына сантехника жылыту жүйелері бойынша студенттерді баптап, олар еліміздің туын әлемдік деңгейдегі білім бәйгесінде биіктетті. Әселдің тұлпарды тайынан танитын қабілетін бағалай білгендіктен, «Worldskills» додасына дарындыларды даярлаушы тараптың бас сарапшы орынбасары қызметіне алыныпты, бірақ оқытушы көп ұзамай өзінің сүйіп айналысатын ұрпақ тәрбиелеу, оқыту жолына қайта түбегейлі бет бұрған. Осыған қоса өндіріске де шақырту алған, алайда баламен жұмыс істеу жанына жақын болғандықтан, бас тартқан.
«Биыл жұмысшы мамандықтарына ерекше көңіл бөлінді. Бұл еңбек адамдарының мәртебесін өсіруге едәуір септігін тигізді. Қазір техникалық салалар бір орында тұрған жоқ, үздіксіз дамып жатыр. Мысалы, біз «Worldskills» чемпионатына қатысатын бір студентті соңғы үлгідегі құралдармен жұмыс істетіп дайындаймыз, өйткені қатысушы әлемдік стандарттарға сай техникаларды меңгеруге тиіс. Қазір тұрғын үйлердің құрылысына назар салсаңыз, бұрынғы темір құбырларды іші металл, сырты пластик құбырлар алмастырып жатыр. Мұны бір-біріне жалғау үшін ішіндегі металын бөлек, пластигін бөлек әдіспен қосуға, басын біріктіруге тура келеді. Металпластиктерді жалғау қиындау болғандықтан, қолақысы да қымбаттау жүреді. Ал шетелдерде мыс құбырын пайдаланады. Бұл бізге әлі жете қойған жоқ, себебі мұндай құбырларды қолдану қалтаға ауыр тиеді. Енді чемпионатқа баратын студент сол мыс құбырымен жұмыс істейтін қондырғының құлағында ойнауы керек. Осындай заманауи әдіс-тәсілдерді игерген маман әлемнің қай қиырында жүрсе де сұраныста болады. Өйткені құрылыс қай жерде де тоқтаған емес», деп түсіндіреді оқытушы.