Қазақстандық жас дзюдошы Дана Әбдірова (57 келі) Перудің Лима қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында финалға дейін жетіп, күміс жүлдені еншіледі. Әлемдік додаға 65 елден 463 жас татами шебері қатысып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Лимадағы тартысты жарыста Әбдірова бес кездесу өткізіп, төртеуінде жеңіске жеткен. Ол іріктеу кезеңінде Эльвира Гурьеваны (IJF) және польшалық Коралина Сиенниканы жолынан тоқтатса, ширек финалда жапониялық Уено Асуканы, ал жартылай финалда бразилиялық Андраде Жованнаны ұтты. Тек финалда жапон балуаны Мио Шираканеге есе жіберіп, екінші орынға табан тіреді.
Айта кетейік, биылғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында 18 спортшы бақ сынап жатыр. Ерлер арасынан Талғат Орынбасар, Телжан Сұлтанбай (60 келі), Ақылжан Жұбатқанов, Қайырхан Абдрахман (66 келі), Омар Нұрбергенов (73 келі), Даниил Крылов, Арман Билалханов (90 келі), Асқар Бержанов (100 келі) және Жантілек Нұртілепұлы (+100 келі) ел намысын қорғайды.
Қыздар құрамында Дана Әбдіровадан басқа, Тасним Әбдуәлі мен Сабина Юлдашбекова (48 келі), Нұрайлым Сәрсенбек, Аяулым Қайрат, Дильназ Досберген (63 келі), Көркем Орынбек (70 келі), Анастасия Нагачевская мен Салтанат Ахметова (78 келі) жарыс жолына шығады.