Футболдан ел кубогінің финалдық ойыны Қызылордада ашылған 11 мың орындық жаңа стадионда өтті. Жалпы ауданы 20 мың шаршы метрді құрайтын жаңа спорттық кешен халықаралық талаптарға сай салынған. Мұнда футбол алаңы ғана емес, олимпиадалық стандарттарға сәйкес келетін бокс, күрес, фитнес, спорттық гимнастика, ауыр атлетика залдары тұрғындарға қызмет етеді. Сонымен қатар нысанда дүкендер мен дәмханалар да бар.
Ғимараттың бірінші қабатында спорт залдары, футболшылардың дайындық бөлмелері, сауықтыру орталықтары орналасқан. Екінші қабатта әкімшілік бөлмелер, үшінші қабатта жиындарға арналған мәжіліс залы бар. Мүмкіндігі шектеулі спортшылардың жаттығуына да толық жағдай жасалған.
11 мың орындық «Қайсар-Арена» УЕФА-ның 4-санатына сәйкестендірілген. Жасыл алаң халықаралық стандарттарға сай жасанды төсенішпен жабдықталып, заманауи жарықтандыру, дыбыс жүйелері орнатылған. Мамандар бұл халықаралық деңгейдегі түрлі спорттық, мәдени шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік беретінін айтады.
«Қайсар-Аренадағы» шымкенттік «Ордабасы» мен қостанайлық «Тобыл» командаларының финалдық кездесуіне Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, еліміздің Футбол федерациясының президенті Марат Омаров, мыңдаған жанкүйер жиналды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, командаларға сәттілік тіледі.
«Бүгін – ел спорты тарихындағы айтулы күн. Мемлекет басшысының өңірлерде спорт инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде стадиондар мен спорт кешендерін салу туралы тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында жаңа стадион бой көтерді. Жаңа стадионның ашылуы футболдан ел кубогінің финалдық ойынымен тұспа-тұс келіп, жанкүйерлер асыға күтетін спорт мерекесі отандық футбол тарихында алғаш рет Қызылорда қаласында өтіп жатыр. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш. Жаңа нысанның салынуына ерекше қолдау білдірген Мемлекет басшысына, Үкіметке Сыр жұртшылығы атынан шынайы алғысымызды білдіреміз. Баршаңызды жаңа стадионның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Командаларға сәттілік тілеймін. Ел футболының даңқы арта берсін», деді облыс басшысы.
Тартысты басталған ойын басында «Ордабасы» сәтті шабуылдар ұйымдастырғанымен, «Тобылдың» тегеуріні сезіліп тұрды. 19-минутта Асхат Тағыберген тепкен айып добын командаласы Николай Сигневич голға айналдырды. 33-минутта «Ордабасы» қақпасын тағы бір мәрте дәл көздеген Ислам Чесноков есепті еселей түсті. Швейцариялық Свен Вольфенсбергер бас төреші болған кездесу таблосындағы есеп ойын соңына дейін өзгермеді.
Жеңімпаздарды облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Футбол федерациясының президенті Марат Омаров марапаттап, кубок пен медальдар табыс етті.
Он бір мың орындық жаңа стадионда ине шаншар орын болмады. Ауласына да үлкен LED экран қойылып, сырттағылар матчты содан тамашалады.
ҚЫЗЫЛОРДА