Заңгер Рауан Есберген жауабы:
– Заңнамаға сәйкес, жалғыз баспананы ешкім тартып ала алмайды. Егер сіздің атыңызда бір үй ғана болса, ол сіздің және отбасыңыздың тұратын жалғыз баспанасы ретінде қорғауда тұрады. Сондықтан қарызды уақытында өтей алмасаңыз да, ол үйді тартып алу шарасы қолданылмайды.
Бірақ кейбір ерекшеліктер бар. Егер іс сотқа жетсе, сот орындаушысы үйге бұғат қоюы мүмкін. Бұл «үйден шығарып жібереді» деген сөз емес. Тек үйді сату, сыйға тарту немесе басқа адамның атына рәсімдеу уақытша шектеледі. Яғни сіз үйде тұра бересіз, коммуналдық қызметтерді төлейсіз, бірақ меншік құқығыңызды еркін пайдалана алмайсыз. Осы тұста өте маңызды бір жайт бар. Байқауымша, азаматтарға өзін полиция қызметкерімін деп таныстыратын алаяқтар көп хабарласады. Олар «несиеңізді төлемедіңіз, енді үйіңізді тартып аламыз», «қылмыстық іс қозғалды» деген сияқты жалған ақпарат айтып, қорқытып, ақша алуға тырысады. Мұндай әрекеттердің барлығы заңсыз. Көбіне «мемлекеттік мүлікті иемдену» деген баппен қорқытып жатады. Бұған сенбеңіздер.
Шын мәнінде, сот шешімі шықса, оны тек сот орындаушысы ресми түрде жеткізеді. Ал мессенджер немесе телефон арқылы келген хабарламалардың ешқандай заңды күші жоқ. Өзін тергеуші деп таныстырғандарға да сенбеу керек. Егер сондай хабарламалар келсе, бірден полицияға барып арыз жазған жөн. Себебі мұндай адамдар жеке деректеріңізді заңсыз алған болуы мүмкін. Бұл да қылмысқа жатады. Негізсіз қорқытып, психологиялық қысым жасап отыр.
Қазір коллекторлардың заңсыз әрекетінен көп адам сары уайымға түсіп жүр. Жақында бір әжей келіп, телефонға келген хабарламаларды көрсетті. Онда «сіздің үйіңізге барамыз, соттың шешімі бар, 7 миллион теңге қарызыңыз төленбеген, мүлікті тәркілеу актісін дайындаңыз» деп жазылған. Сонымен қатар «127 АЕК көлемінде айыппұл салынды» деген жалған сілтемелер берілген. Мұндай хабарламалардың бәрі өтірік.
Есте сақтайық, мүлікті тәркілеу тек қылмыстық істер кезінде ғана болады. Ал кредит төлемеген жағдайда ең алдымен сот шешімі шығуы керек. Одан кейін ресми сот орындаушы хабарласады.