• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Дін Бүгін, 12:50

Жетісуда қарилар сайысы мәресіне жетті

20 рет
көрсетілді

Талдықорған қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан ХІV республикалық байқауы мәресіне жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

80 үміткер қатысқан байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, сауапты іс-шараға демеушілік жасаған Бахаридин Аблазимов, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

«Елімізде жыл санап қариларымыздың қатары артып келеді. Тәуелсіздік алған жылдары Құран оқи алатын адамдарға төрден орын берсек, одан кейін оның бірнеше парасын жаттап алған, тағы бір кезеңде Құранды толық жаттаған қариларға айрықша құрмет көрсетілді. Ал бүгінгі таңда Құран оқудан ижазасы бар қари көрсек, жүрегіміз елжірейді. Осы байқауды өткізуге демеуші болған Бахаридин Нұғманұлына, Данияр Жұмабаев қариымыз бастаған әділқазы мүшелеріне алғысымды білдіремін. Байқауға қатысқан қариларымыздың бәрі жеңімпаз атанды деп санаймын. Өйткені бұл байқау әрбір қариға үлкен жігер сыйлады. Жүлделеріңіз құтты болсын» деді Бас мүфти марапаттау рәсімінде.

Сонымен қазылар алқасының шешімімен Құранды толық жаттау бойынша 1-орынды алматылық Есімбек Арсен иеленіп, автокөлік иегері атанды. Екінші орынды Жамбыл облысынан келген Хусей Расул, үшінші орынды ақмолалық Ығылман Мұхаммед жеңіп алды. Бұларға және 4, 5 орындарды алған қариларға ақшалай сыйлықтар табысталды.

Құранның 20 парасын жатқа оқу бойынша бас жүлдені Шымкенттен келген Мұхаммадали Шәкіров, 10 параны жатқа оқу бойынша жергілікті Жетісу облысының қариы Алайдар Бекболат, Құранды мәнерлеп оқу бойынша Атырау облысының үміткері Балтабай Ұлан жеңіп алды.

Сондай-ақ 10 пара бойынша сайысқа түскен ең жас қари Құралбай Мұхәммәд (БҚО, 6 жаста) «Көрермен көзайымы» номинациясымен (200 000 тг.) марапатталды. Жарысқа қатысып, жүлде алмаған үміткерлердің әрқайсына 70 000 теңгеден берілді.