• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Айбын Бүгін, 16:58

«Аға сарбаздар» институтының тиімділігі неде

20 рет
көрсетілді

ІІМ Ұлттық ұланында тәрбие жұмысын жетілдіру және қызмет өткеру жағдайын жақсарту мақсатында 5573 әскери бөлімде «аға сарбаздар» институты енгізіліп жатыр. Бұл бастама мерзімді қызмет әскери қызметшілері арасындағы тәлімгерлік жүйесін дамытуға бағытталып, алғашқы оң нәтижелерін көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңа үлгі бойынша тәртібімен, көшбасшылық қасиетімен және қызметке деген жауапкершілігімен ерекшеленген сарбаздарға үшінші біліктілік сыныбы мен «аға сарбаз» мәртебесі беріледі. Олар өз қарамағына бірнеше жас сарбазды алып, олардың бейімделуіне, тұрмыстық жағдайының ұйымдастырылуына, тәртіп пен моральдық-психологиялық ахуалды сақтауға көмектеседі. Аға сарбаздар қамқорлығындағы жас сарбаздарды мәдени және патриоттық іс-шараларға бастап барып, тәлімгерлік және үлгі көрсетушілік рөлін атқарады.

Жаңа жүйенің ерекше белгісі ретінде аға сарбаздарға қызыл-қоңыр жолақ кеудеше беріледі, ол олардың қызмет өткерудегі ерекше мәртебесін айқындайды.

Астана бригадасының басшылығы атап өткендей, бұл жүйе келісімшарт бойынша қызметтегі әскери қызметшілердің жүктемесін азайтып, күнделікті тәрбие және бақылау мәселелерінде оң әсерін тигізуде. Қазіргі таңда 15-тен астам аға сарбаз келісімшарт негізінде қызметін жалғастыру мүмкіндігін пайдаланды. Бұл олардың әскери қызметке деген ынтасының артқанын және ортақ іске қосқан жеке үлесінің маңыздылығын терең түсінетінін көрсетеді. Салтанатты жағдайда оларға әскери бөлім аумағындағы жатақханадан жеке бөлмелердің кілттері табысталды.

«Аға сарбаздар» институтының енгізілуі Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығының бастамасы және қолдауы арқасында жүзеге асып жатыр. Бұл қадам қызмет өткеру жағдайларын жақсартуға, әскери тәртіпті нығайтуға және жеке құрам арасында ұжымдық рух қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі.

Айта кету керек, жаңа жүйе Астана бригадасында сынақтан өткізіліп жатыр. Егер тәжірибе өз тиімділігін дәлелдесе, «аға сарбаздар» институты Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімінде енгізілмек.