Атырау облысының Құрманғазы ауданында 30 гектарда қамыс қопасы бықсыды. Бүгін оның 12 гектары сөндірілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев мұнайлы шаһарда сезілген иіске байланысты құрылған жедел штабтың жиналысын өткізді. Өрт ошақтарын анықтау үшін жүргізілген мониторинг кезінде өрттің Атырау қаласынан 20 шақырым қашықта тұтанғаны анықталған.
«Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел кезекшісі кеше, 6 қазанда сағат 23:00-де Атырау қаласынан Каспий теңізіне қарай шамамен 20 шақырым қашықтықта 1 гектарда құрғақ шөптің жанғанын анықтады. Кезекші құрамның күшімен бүгін, 7 қазанда сағат 01:12-де өрт ошағы толық жойылды», деп хабарлады департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы.
Ал Құрманғазы ауданында 67 шақырым қашықтағы «Жаркаса» каналының қарсы бетінде, Каспий теңізінің жағалауындағы 30 гектарда қамыс қопасы бықсып жатыр.
«Осы кезге дейін 12 гектардағы бықсу сөндірілді. Елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ. Каспий теңізінің жағалауына таяу маңдағы өртті сөндіру үшін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жіберілді», деп мәлімдеді департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан.