Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының ХІІ саммитінде сөйлеген сөзінде қазіргі жағдайда энергетика мәселесіне де баса мән беру керек екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының пікірінше, қазір әлемде аса күрделі мәселеге айналған су тапшылығы таяу арада Орта Азиядағы ең өзекті сын-қатер болуы мүмкін.
«Өзен-сулардың ортақ игілік екенін ескере отырып, оны тиімді пайдалану үшін жаңа тәсілдер керек деп санаймыз. Суару жүйесіне цифрлық бақылау орнату, тамшылатып суару әдістерін кеңінен қолдану, су қоймаларының тиімділігін арттыру жөнінде бірлескен бағдарлама қабылдауға болады. Қазір Каспий теңізі тартылып бара жатқанын білесіздер. Бұған бәріміз алаңдап отырмыз. Қарт Каспийдің түркі жұрты үшін орны қашанда бөлек. Оны халықтарымыздың арасындағы дәнекер деуге болады. Соңғы жылдары теңіз деңгейінің төмендеуі аймақтың экологиясы мен экономикасына кері әсерін тигізіп отыр. Бұл – жаһандық ауқымдағы мәселе. Мен мұны Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде және Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерекелік сессиясында айттым. Біз тамырлас және шекаралас елдер ретінде Каспий теңізінің ахуалын жақсартуға баса мән беруіміз керек. Мен түркі мемлекеттерін осы бағытта күш біріктіріп, бірлескен жобалар әзірлеуге, халықаралық бастамаларды қолдауға шақырамын. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен келесі жылы сәуірде Өңірлік саммит өткізуді жоспарлап отыр. Тақырып: «Тұрақты болашақ жолындағы ортақ көзқарас». Біз түркі елдері осы саммиттің жұмысына жоғары деңгейде белсене қатысады деп үміттенеміз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.