«Шардара» су қоймасының жағалауынан 3,2 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық арнайы техникамен полигонға шығарылды. Республикалық «Таза Қазақстан» акция аясында жүргізілген сенбілік жұмыстары барысында экологиялық тазалықты сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары да жүргізілді.
Тазалық акциясына қатысушылар негізінен «Шардара» су қоймасының ауданмен шектесетін аумағын тазартып, шөбін шапты. Қураған ағаштарды бұтады. Іс-шараға 300-ден астам тұрғын жұмылдырылды. Ауқымды сенбілік Арыс қаласында да ұйымдастырылды. Тұрғындар Арыс жағалауындағы қоқыстарды жинап, арамшөптерді отап, айналаны тазартты. Жетісай ауданындағы сенбілікке 2 мыңнан астам адам, 10 техника жұмылдырылды. Ордабасы ауданында «Amanat» партиясының «Taza Qazaqstan» road-эстафетасы ұйымдастырылды. Қатысушылар Қарауылтөбе мен «Бірлік» монументінде тазалық жүргізіп, вандализмге қарсы акция өткізді.
Түркістан қаласының айналасынан 2019 жылы құрылған «Жасыл белдеу» аумағы жыл санап кеңейіп, орман ағаштары жайқалып, экологиялық ахуалы жақсарып келеді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, жалпы 29 544 гектар жер мемлекеттік орман қоры санатына ауыстырылған. Оның 18071 гектарына әртүрлі ағаш отырғызылған. Атап айтқанда, 8337 гектарға жапырақты ағаш көшеті, 9734 гектарға сексеуіл екпелері егілген. Биылғы күзде қосымша 900 гектар аумаққа сексеуіл тұқымын себу жұмыстары басталды.
«Қазірде мәдени орман екпелерін сумен қамтамасыз ету мақсатында 240-тан астам ұңғыма қазылған. Жасыл белдеуді қоршау жұмыстары 434 500 метрге жетті. Түркістан қаласы айналасының су тапшылығына байланысты отырғызылған ағаш көшеттерін суаруға қатысты жаңа әуежай жолының бойындағы 252 га жер телімі толықтай тамшылатып суару жүйесіне қосылды. Қалған учаскелердегі отырғызылған ағаш көшеттердің 63%-ы ұңғымалар, 25%-ы каналдар, 12%-ы насостар арқылы суарылады. Биылғы жазда күннің ыстығына шыдас бермей қураған, өсімін тоқтатқан ағаштарды қайта толықтыру жүргізіліп жатыр. Бүгінде жасыл белдеуге отырғызылған көшеттердің 60-65%-ы көгеріп келеді», дейді «Жасыл аймақ» КММ директорының орынбасары Нұржан Кашкенов.
Арыс қаласында кейінгі жылдары жасыл желекті көбейту бағытында тың тәсілдер қолданылады. Соның бір мысалы – қалада арнайы тұқымбақтың құрылуы. Қалалық тұқымбақта бүгінде 200 мыңнан астам түрлі ағаш көшеті өсіріледі. Олар алдағы күзгі, көктемгі ағаш егу маусымында қала аумағына отырғызуға дайын. Ең басты артықшылығы – көшеттердің сырттан әкелінбеуі. «Жасыл Арыс» КММ-нің мамандары қалада өскен ағаштардан ұрық жинап, оны сұрыптап, тұқымбаққа отырғызады. Осылайша табиғи жолмен алмасу үздіксіз жүріп жатыр. Арыстың топырағы мен климатына бейімделген көшеттер небәрі 1-2 жылда өсіп, қала көшелеріне отырғызуға жарамды халге жетеді. Бұл тәсіл өнімділігімен де ерекшеленіп отыр, жерсіндіру көрсеткіші – 95%. Қазір жасыл желекке жауапты қызметкерлер қалада өскен сабын тал, арша, боз арша секілді ағаштардың ұрықтарын жинауға кірісіп кеткен. Әрбір піскен тұқым сұрыпталып, арнайы технологиямен тұқымбаққа егіледі. Мамандардың айтуынша, табиғи сұрыптау арқылы көбейтілген көшеттер сырттан тасымалданатын ағаштарға қарағанда төзімді, күтімі жеңіл әрі өсімі жоғары. Жас көшеттерді өз жерінде өсіріп, табиғи жолмен жерсіндіру қаланың экологиялық ахуалына да, бюджет тиімділігіне де оң ықпал етеді.
Айта кетелік, Түркістандағы «Жасыл аймақ» мекемесінде бүгінде 120 га орман тұқымбағы бар. Оның 58 гектары тұрақты түрде пайдаланылады. Орман тұқымбағында 21 түрлі ағаш-бұта көшеті өсіріледі. Заманауи тұқымбақта 576 шаршы метр жерге жылыжай орнатылды. Жылыжайдың мақсаты – сирек кездесетін сәндік, қылқан жапырақты ағаштар өсіру. Қазірде «Жасыл аймақ» мекемесінде 600-ге жуық қызметкер мен 70-тен астам арнайы техника жұмыс істейді.
Түркістан облысы