• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Сұхбат Бүгін, 08:30

«Ұлттық жоба дәстүрді жаңғыртып, рухты шыңдайды»

30 рет
көрсетілді

Жуырда «Amanat» партиясының қолдауымен Қостанай облысының Торғай аумағында Алаш арысы Міржақып Дулат­ұлының 140 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі өтті. Айтулы шараға елімізден және шетелден 18 команда қатысып, 90 жүйрік бағы мен бабын сынады. Торғайдан бастау алған жорық Арқалық қаласына ат басын тіреді. Жол қашықтығы – 500 шақырым. Бірінші орынды бауыр­лас қырғыз елінің командасы алса, екінші орынды Ақтөбе облысының командасы, ал жүлделі үшінші орынды Қостанай облысының командасы еншіледі.Осы дүбірлі дода туралы республикалық «Joryq» ат спорты федерациясының құрметті президенті, Парламент Сенатының депутаты Дархан Қуандықұлы Қыдырәлі мырзамен сұхбаттасқан едік. Жорық жайы туралы сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Дархан Қуандықұлы, бұл жорық басқа жорықтардан өзгеше болғанын өз көзімізбен көрдік. Жоба мақсатына жетті ме?

– Жалпы, жылқының жалында өскен жаужүрек баба­лары­мыз­дың өмірі жорықта өткен ғой. Десек те бұл жорықтың мақ­саты – ат жалын тартып мін­ген тәуелсіз, еркін ұрпақ­тың ұлы даланың қыр-сырын танып-білуіне мүмкіндік туғызу, жерімен, елімен мақтанатындай қасиет қалыптастыру, мұқал­мас жігерін ояту, намыс­ын қайрау. Ұлттық брендіміз сана­латын жылқыларымыз бен қатысушылардың сабыры мен төзімін сапарда сынау. Бабалар жүріп өткен жолдан тағылым алу. Бұл тұрғыда алғанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Ұлы дала жорығы» – қазақ халқының атқа міну мәдениетін жаңғырту, ұлттық спортты дамыту әрі жастарды патрио­­тизмге тәрбиелеу жолындағы маңызды қадам», – деген сөзі жобаның мән-мағынасын толық ашады.

«Ұлы дала жорығы» – жарыс­тыра отырып, жарастыратын, ұзақ жолда команда мүшелерін тас-түйін табыстыратын ауқымды жоба. Сондықтан жорықты тек спорттық шара деп емес, өзіндік жолы бар идеологиялық жоба ретінде қарастыруымыз керек.

Көпшілік байқап отырғандай, әр жорық белгілі бір тақырыпты арқау етіп, мазмұнға, мәнге негіз­деледі. Мәселен, өткен жылы Көшпелілер ойындарының қарсаңында ұйымдастырылған жорық Ботай мәдениетін дәріп­теуге, оны халықаралық дең­гейде насихаттауға ден қойған еді. Ал осы жылы көктемде өткен жорық Жеңістің 80 жылдығы аясында батырларымыздың ерлігін, жанкешті қайсарлығына ұрпақ ризашылығын білдіру үшін өтті. Осы сіз айтып отырған шара – киелі Торғай жерінде өткен жо­рық­тың бірқатар маңызды миссиясы болды.

Біріншіден, осы өңірдің тума­сы, Алаш арысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы аясында ұлы ағартушының еңбегін, жүріп өткен жолын жастарға тереңірек таныстыру мақсатын алға қойдық. Тұлғаны тұлға ете­тін кіндік қаны тамған жердің қасиеті, өскен ортасы екені анық. Мақсат – Міржақыптай арысымыздың мекенін көрсету болды. Туған жері Қызбел ауылына соғып, жерленген жері Бидайық ауылында орналасқан кесенесіне бардық. Ауыл ақсақалдарымен сұхбаттасып, Міржақыптың атқа жақын болғанын білдік. Оның Алагөз атты арғымағы болған екен.

Екіншіден, жобамызға алғаш рет Қазақстан халқы Ассамблея­сының «Бірлік» команда­сы қа­тыс­ты. Бұл команда қазақ, өзбек, тәжік және орыс этнос­тары­­­ның шабандоздарынан құралды. Аты айтып тұрғандай, ел бір­лігін көрсеткен команда жақсы нәти­жеге қол жеткізді. Қиын қыстау ке­зеңде ел біріктіріп, пана болған қазақ­тың кең даласына тағзым етті.

Үшіншіден, маршрут барысында ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілері Амангелді батыр мен хас мерген Кейкінің кесенелеріне зиярат еттік. Олардың ұлтқа қызмет жолдарын дәріптеп, көпшілікке жаңа қырларын өнеге қылдық. Әрине, ең алдымен, бұл – олардың атқа жақындығы. Деректерге сай, қазір біз насихаттап жүрген Қостанай жылқы тұқымы сол батырларымыздың сенімді серігі болғанын көрсеттік.

Төртіншіден, өздеріңіз біле­тіндей, жорық идеясы 2019 жылы осы Торғай өңірінен басталған. Сол кезде жоба авторы Бақытжан Тұрлыбеков бірнеше жігітпен, Торғайдан Созаққа дейін атпен жүріп өткен еді. Дәл осы жолды Кенесары хан жүріп өткендігін тарихтан анық білеміз.

Араға алты жыл салып «Ұлы дала жорығы» Торғай жеріне халықаралық ауқымдағы жобасымен қайта оралды. Бұл – біз үшін аса маңызды рәміздік  мәнге ие шара. Жалпы алғанда, жоба халықтың жадынан тыс қалған қазақ тұлпарларын қайта жаңғыртумен қатар, ағарту­шылық миссияны қатар атқарып келеді.

–  Бұл жолғы жорықта командалар рекорд көрсеткені белгілі. Оқырмандарымызға сол жөнінде айта кетсеңіз.

– Иә, командалар 500 шақы­рымды қысқа мерзімде өтті. Бұл алты мәрте өткен жорықтың ең үздік уақыты болды. Оның бірқатар себептерін атап өтейін.

Ең алдымен, командалардың дайындығы бұрын­ғыдан әлде­қайда артқан. Бұл дегеніміз – жорыққа ат баптау мәдениетінің жаңғырып-қалып­та­сып, дамып келе жат­қан­дығының айқын көрінісі.

Жорық­тағы жыл­­дамдықтың артуын ­­заңдылық деп қа­был­­даймыз. Осы тұста бір мысал келтіре кеткен жөн. 1950 жылы алғаш ұйымдастырылған Фор­мула-1 жарысында орта жылдам­дық сағатына 150–154 шақы­рым болса, 2025 жылы бұл көр­сеткіш сағатына 220–250 шақы­рымды көрсетіп отыр. Жорық­тың көрсеткіштері «Формула-1» сияқты жыл санап өзгеретіні сөзсіз. Жылдамдықтың жоғары болуының тағы бір басты себебі – Торғай даласының атқа қолай­лығы. Жазық дала, тау-тас, қой­тастардың жоқтығы, ауа райының қолайлығы. Бірінші орын иемденген қырғыз ағайындардың командасы жолды небәрі 26 сағат, 41 минут, 47 секундта жүріп өтті. Бұл – өте жоғары көрсеткіш.

Тағы бір мысал, осы жорықта үшінші орын алған Қостанай облысы командасының жалпы уақыты өткен жылы жеңімпаз атанған Ресей Федерациясы Қабардин-Балқар командасының уақыт көрсеткішінен әлдеқайда жақсы шықты. Қостанай командасы ресейліктердің уақытынан жарты сағатқа басым түсті. Бұл жорықтың жылдан-жылға дамып келе жатқанын айғақтайды.

– Қырғыз командасының бірінші орын алуының себебі неде? Біздің командалардың дайындығы аз болды ма?

– Жыл сайын өтіп жатқан жорық әділдік пен жүйелілікке негізделген. Мәселен, қырғыз ағайындар бұл додаға үшінші рет қатысып, мол тәжірибе жинап, тек осы жылы ғана бірінші орынды жеңіп алды. Бұл – жорықтың тек күш пен төзімділік емес, тиянақтылық пен жоспарлы еңбекті талап ететінін көрсетеді. Жоба бауырлас екі ел – Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достықты одан әрі нығайта түсті. Көкпар таластырған бауыр­лас­тықт­ы жорық табыстырды деу­ге де болады. Сондықтан бұл жолы жорық өз миссиясын тек спорттық аренада ғана емес, дип­ло­­матиялық деңгейде де ат­қар­ды.

Отандық командаларымыздың дайындығы да өте жақсы болды. Әр команда – жорық шежіресінің бір парағын жазу үстінде. Барша қатысушыларға, әсіресе командаларды ұйымдастырып, бастап келген жетекшілерге ерекше алғыс айтамыз. Ескере кету керек, биылғы жорықтың өз деңгейінде өтуіне әрбір команда жетекшісінің еңбегі зор.

– Қостанай өңірін таңдау­дағы мақсаттардың бірі – осы жерді халықаралық ат спор­тының орталығына айналдыру деп айтылып жүр. Осы ойды тарқатып өтсеңіз.

– Расында, бұл өңірдің ат спорты сала­сындағы орны ерекше, әлеуеті басым. Өзіңізге мәлім, Солтүстік өңіріндегі ежелгі Бо­тай қонысы – жылқының ең алғаш қолға үйретілген жер. Бұл тұжырым археологиялық қазба жұмыстары арқылы дәлелденгені белгілі. Осы құтты қоныста байыр­ғы бабаларымыз адамзат тарихында алғаш рет атқа қонып, оны тізгіндеп, қолға үйретіп, қымыз ішкен. Оның үстіне бұл өңір­дің табиғаты, климаты мен геогра­фия­лық ерекшелігі өте қолайлы. Осындай факторлар мен тарихи негіз Қостанай аймағын халық­ара­лық ат спортының орта­лығына айнал­дыруға мүм­кіндік береді. Өткен жо­рығымыз жос­парлы түрде соның алғашқы бас­­тамасы деп қабыл­­даған жөн. Біз осы ба­ғытта Қостанай об­лы­сының әкім­ді­гімен тығыз жұмыс жүр­гізіп, ке­шенд­і жос­пар әзірлеп жатырмыз.

Жалпы, ат спорты деген әлем­дік масштабы бар, қаржысы көп, ке­шенді индустрия. Мамандардың пі­кірінше, әлемдік ат спорты сала­сындағы қаржы 2030 жылы 800 млрд доллар болады деп бол­­­жанып отыр. Жаңа жұмыс орын­­дарының ашылуымен қатар, туризм­нің дамуына өз септігін ти­гізіп, Қостанай өңіріне жаңа серпін берері анық. Осындай игі бастаманы қолға алған Қос­танай облысының әкімі Құмар Іргебайұлына ризашылығымыз мол.

– Қостанай жылқы тұқымы жорықта жақсы нәтиже көр­сетіп жүр. Осы жайында айта өтсеңіз.

– Жорық межелеген тағы бір миссия – қазақ тұлпарларының атын шығару, жаңа деңгейге көтеру. Жалпы, жорыққа ұзақ қашықтыққа төзімді келетін ат қана қатыса алады. Олардың қата­­­рында Қостанай және Адай тұқымдары бар. Екеуі де жорық­тың чемпионы атанып, жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүр. Сонымен қатар Әулие Ата, Найман торы, Жетісу арғымағы және басқа да қазақ жылқы тұқымдары ресми тіркеліп, пат­тент­теледі деген жоспарымыз бар.

Осы ретте соңғы кезде бай­қаған бір маңызды үрдісті атап өтейін. Жорыққа кез келген ат қатыса алмайтынын айттым. Оның дайын­далу барысы да басқа бәйге­лерден өзгеше. Жорыққа қаты­сатын ат бағасының екі, үш есе қымбаттағанын айта кету керек. Ойдан мақсат, мақсаттан міндет туады ғой, соның біреуі – жорыққа ат баптау, дайындау тәсілін ЮНЕСКО-ның материалдық емес құн­ды­лықтарының қатарына енгізу болмақ.

Жалпы алғанда, қазақ қай кезеңде де жылқы малына жақын болған. Тіпті қоғамда «қазақ пен жылқы егіз ұғым», «ер қанаты – ат» секілді мағыналы ойлар қалыптасқан. Жеті қазынаның бірі болып табылатын жылқы бізді қа­шанда рухтандырады, жаңа баста­ма­ларға жол аша түсе­тіні анық.

– «Алда­­ғы өтетін жорық­­та жаңа техно­логиялар қолда­ны­лып, заманауи жүйе қалып­та­са­­ды» деген пікір  айты­лып жүр. Ондағы мақсат қандай? Далада өтетін жорыққа ол қан­шалықты қажет?

– Бүгінде жорыққа қатысушы ко­ман­­далардың өзіндік, жеке-дара мәдениеті қалыптасты. Әлі де дами береді. Бұл үрдіс тоқ­тамайды деп есептеймін. Жорық барда ол ұдайы жаңғыра бермек.

Қоғамда осы жорық пен әділдік тең ұғынылып жатыр. Ендігі мақсатымыз – қысқа уақыт­та қалыптасқан осы заңды үрдісті әрмен қарай жетілдіру. Бұл, әрине, жаңа заманауи технологияларды пайдалану арқылы жүзеге асырылатыны анық. Мәсе­лен, командалардың мәреге келуінің есебі электрондық түрде есептеледі, қай команда қай жерде келе жатқаны, қанша атпен келе жатқандығын онлайн форматта, жанкүйерлері үйден шықпай-ақ көруге мүмкіндік алады. Бұдан бөлек, келер жорықта осы бағытта бірқатар жаңалық болады.

– Келер жылы да «Ұлы дала жорығы» Қостанай облысында өткізіледі деген хабарды есті­дік.

– Иә, келер жылы жорық Қостанай облысында өтетіні тура­лы шешім қабылданды. Ол жөнінде аймақ басшысы Құмар Іргебайұлы осы өткен жорықтың салтанатты жабылу шарасында жұртшылыққа мәлімдеді. 2026 жыл – Арқалық қаласының мерейлі белесі. «Ұлы дала жоры­ғы» – осы айтулы мерекенің негізгі шараларының бірі болмақ.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan»