Қазағы қалың Түркістан облысында кейінгі кездері елді елең еткізген жантүршігерлік қылмыстар болды. Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық, оған қатысты құқық бұзушылықтар және олардың алдын алу өзекті мәселеге айналып отыр. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар көбіне жабық есік күйінде қалып, көп жағдайда жария болмай жатады.
Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы Айдын Төребековтің баспасөзге берген мәліметіне қарағанда, өңірде биылдың 8 айында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыс саны 23,7% немесе 135-тен 167-ге өскен. Оның басым көпшілігі әйелдерге қарсы жасалған. Яғни аталған көрсеткіш 120-дан 145-ке жоғарылаған.
«Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстарға талдау жасайтын болсақ, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 3-тен 5-ке (66,7%), денсаулыққа қасақана орта зиян келтіру 11-ден 16-ға (44,5%), ұрып-соғу 64-тен 98-ге (53,1%) өссе, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бойынша 47-ден 39-ға (-17%), адам өлтіру 5-тен 1-ге (-80%) төмендеген. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – тек жеке адамның мәселесі емес, қоғамға тікелей әсер ететін әлеуметтік проблема. Онымен күресу үшін құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау бірлесіп жүргізілуі қажет», дейді департамент бастығы.
Иә, үйде ұрыс-керіс, төбелесті көріп өскен балада қандай болашақ болмақ? Яғни қоғамның дамуы мен тұрақтылығы көбіне оның заңға бағынуы мен тәртіп сақтау мәдениетіне байланысты. Бұл бағытта жастардың рөлі ерекше. Өңірде жыл басынан бері жастар мен жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың, әлімжеттіктің алдын алу, жастардың құқықтық сауатын арттыру мақсатында 567 психо-профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, 36 210 жас қамтылған. Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция капитаны Нұрғиса Амангелдиевтің айтуынша, жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғалары өткен жылмен салыстырғанда 25,3 пайызға және жарақат алу жағдайы 28,4 пайызға көбейген. Соның ішінде тәртіп бұзғандардың жартысынан астамы жаяу жүргіншілерді соғып, салдарынан 12 адам қайтыс болған және 151 адам жарақат алған. Осы ретте полиция департаменті жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында кешенді шаралар қабылдаған. Атап айтқанда, кәмелет жасына толмай жатып көлік басқарып, жол-көлік оқиғасына ұшырағаны үшін 142 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек, жасөспірімдерді жүгенсіз жіберген 700-ге жуық ата-ана мен заңды өкіліне әкімшілік хаттама толтырылыпты.
Ювеналдық полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Бексұлтан Ташимов кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау бағытында бірқатар профилактикалық жұмыс атқарылып жатқанын айтады. Қабылданған шаралар нәтижесінде жасөспірімдердің қатысы бар қылмыстар 1,2 пайызға азайған. Дегенмен сабақтан тыс уақытта және түнгі мезгілде бақылаусыз жүрген жасөспірімдердің ұсақ бұзақылық, ұрлық және агрессиялық әрекеттері көбейіп барады.
«Орын алып жатқан қылмыстардың басым бөлігін түнгі уақытта ата-аналардың бақылауынсыз жүрген жасөспірімдер жасайды. Сол себепті «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шаралары мен түнгі рейдтер үздіксіз жүргізіліп жатыр. Рейд барысында 6 500-ден аса ата-ана жауапқа тартылды. Ата-ананың қарауынсыз және панасыз қалған 105 жасөспірімді Сайрам ауданындағы «Балаларды қолдау орталығына» орналастыруға мәжбүр болдық», дейді полиция майоры балалардың қауіпсіздігіне қатысты өткен брифингте.
Жуырда апараттық жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы» жүзеге асыруға арналған қоғамдық акциялар мен іс-шаралар, пікірталастар формальды түрде емес, білікті сарапшылар мен мамандарды қатыстыра отырып, ауқымды деңгейде өткізу керектігін айтты. Облыс тұрғындарына тегін заңгерлік кеңес беру акциялары жыл бойы тұрақты түрде ұйымдастырылуға тиіс. Сондай-ақ облыс әкімі жауаптыларға нақты міндеттер жүктеп, халықтың қаржылық қауіпсіздігін нығайтуға арналған профилактикалық жұмысты жандандыруды тапсырды. Облыста жоғарыда аталған тұжырымдама шеңберіндегі жоспар 5 негізгі бағыттан және 55 іс-шарадан тұрады. Полиция департаменті, сондай-ақ жергілікті атқару органдарына іс-шараның 10 тармағы белгіленген. Тиісті жұмыстар нәтижесінде өңірде 520 полицияның қоғамдық көмекшілері жұмысқа тартылып, олардың көмегімен 47 қылмыстың ізі суымай ашылған және 1 917 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Азаматтардың құқықтық санасы мен мәдениетін көтеру жөніндегі іс-шараларды іске асыру мақсатында қала, аудан, сондай-ақ шалғай ауылдарда үйме-үй аралау жұмыстары ұйымдастырылып, интернет-алаяқтық қылмысының алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Азаматтарға тегін заңгерлік кеңес беру бойынша жолда қабылдау акциялары өткізілді. Есірткіге қарсы профилактикалық жұмыстар атқарылып, іс-шараларға 76 мыңнан аса оқушы мен студент, ата-аналар және жергілікті тұрғындар қатысқан. Облыстағы білім беру ұйымдарының маңына жылдамдықты шектеуге арналған 514 дана жол белгісі, 276 жасанды жол кедергісі және жаяу жүргіншілер өткеліне 4 дана бағдаршам орнатылып, 2 100 метр аяқжол мен 2 264 білім беру ұйымының алдындағы жаяу жүргіншілерге арналған жолақтары жаңартылған. Қоғамда құқықтық мәдениетті арттыруға, азаматтардың заңға деген құрметін күшейтуге және тәртіпті сақтауға бағытталған тұжырымдаманы іске асыру үшін әзірленген іс-қимыл жоспары – нақты қадамдар мен шаралардың жиынтығы. Бұл мемлекет, қоғам және әрбір азамат арасындағы өзара жауапкершілікті нығайтуға септігін тигізеді.
Осы орайда биыл мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру бойынша қоғамдық даму басқармасы және аудан, қала әкімдіктері тарапынан 21 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысы