• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:40

Сот сараптамасы сенім деңгейін арттырады

10 рет
көрсетілді

Сот сараптамасы – сот төрелігі жүйесінің әділ әрі объективті шешімдер қабылдау үшін ғылыми негіз қамтамасыз ете­тін саласының бірі. Қыл­мыстарды тергеудің тиім­ділігі мен қоғамның сот жүйесіне деген сенім деңгейі сараптамалық зерт­теулердің сапасы мен шынайылығына тікелей байланысты.

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында жаңа заман талаптары мен сын-қатері – цифрландыру мен жасанды интеллектіге, сондай-ақ қылмыс сипатының өзгеруіне орай салада болып жатқан өзгерістер жа­йында брифинг өтті. Онда Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының дирек­торы Бақытжан Байтілесов сөз сөй­леп, орталықтың материалдық-тех­ни­калық базасын нығайтуды, инно­вациялық әдістемелерді әзір­леу мен үдерістерді цифрлық трансформациялауды ұштас­тыра отырып, өз қызметін жүйелі ­түр­де жаң­ғырту мәселелері туралы айтты.

«Биыл зертханалық жабдық­тарға арналған бағалар қайта қаралып, есептелді. Бұл жабдық­тар сарапшыларға есірткі зат­тары­­ның іздік мөлшерлерін анық­тауға, олардың химиялық құрылымын дәл белгілеуге және заң­сыз нарықта жиі пайда болып жат­қан жаңа синтетикалық есірт­кілерді дер кезінде тануға мүм­кіндік береді. Бұл – заманауи газды хроматографтар, масс-спектро­метр­лер және сұйықтық хрома­то­графтар. Онсыз сот үдеріст­ерінде сапалы әрі ғылыми негіз­дел­ген қорытындыларды қам­та­­­масыз ету мүмкін емес», деді спикер.

Сот сараптамалары орталығы зертханалық базаны жаңартумен қатар әдістемелік әлеуетті дамытуды да назардан тыс қал­дырмайды. Қазір цифрлық актив­тердің айналымы мен қаржы ағындарына, сондай-ақ ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлау бел­гілеріне қатысты нысандарды сараптамалық зерттеу жүргізуге арналған жаңа әдістемелік жобалар әзірленіп жатыр.

Олардың алғашқысы – цифр­лық активтерге қатысты істерді тергеу барысында айналым көлемін белгілеуге, сондай-ақ ақша қаражаты мен олардың баламаларының айналымын анықтауға арналған. Бұл әдістеме цифрландыру жағдайында эконо­микалық қылмыстарды тергеуде бірыңғай әрі ғылыми негізделген тәсіл үшін маңызға ие.

«Мемлекет басшысы өз Жолда­уында киберқылмысқа, оның ішінде кибералаяқтыққа қарсы белсенді күрес жүргізу қажеттілігін, сондай-ақ осы салада тергеу жүргізетін мемлекет­тік органдардың құзыреттерін арттырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Осыған орай, жаңа әдістеме залалды есептеу дәлдігін едәуір арттырып, соның нәтижесінде істерді сотта қарау кезінде дәлелдемелік базаны нығайтуға мүмкіндік береді», деді орталық басшысы.

Оның айтуынша, екінші әдістеме ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлау белгілерін қамтитын нысандарға сот-сараптамалық зерттеу жүргізуге бағытталған. Оның енгізілуі мұндай фактілерді бағалаудың объективті құралына айналады. Бұл медиа кеңістіктегі құқық бұзушылықтар көбейіп тұрған кезде аса маңызды.

Сондай-ақ Б.Байтілесов сот-медициналық тәжірибеге цифрлық технологиялар енгізіліп жатқаны жайында баяндады. Атап айтқанда, филиалдардың бірінде виртуалды аутопсия бойынша қанатқақты жоба басталған. Жоба аясында зерттеу жүргізіліп, дәстүрлі аутопсия компьютерлік томографиямен салыстырылып, нәтижелер бірқатар өлім жағдайы бойынша сараптамалық қорытындылардың толық сәйкестігін көрсеткен.

«Бұл нәтиже өте маңызды: ол компьютерлік томографияны тек көмекші ретінде ғана емес, сонымен қатар сот-медицина­лық зерттеулердің балама әдісі ретін­де де қолдануға болатындығын көрсетеді. Виртуалды аутопсия қорытындылардың объектив­тілігі мен сенімділігін сақтай отырып, ең аз араласумен талдауды қамтамасыз етеді. Бұл, әсіресе дәстүрлі аутопсияны жүргізу қиын немесе әлеуметтік тұрғыдан қажет болған жағдайларда өте маңызды», деді спикер.