• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 08:50

Экономиканы ырықтандыру тапсырмасы қалай орындалады?

20 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда экономиканы ырықтандыру (либерализациялау) туралы былтыр қол қойылған Жарлықтың орындалмай жатқанын айтты. Үдерісті жеделдетуді тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, бизнесті дамыту үшін қолданыстағы заңнаманы қайта қарап, нақты талдау жүргізу қажет. Осы мақсатта Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі базасында реттеуші интеллект орталығы құрылмақ. Бұл орталық заңнаманы ыңғайлы етіп, артық кедергілерді жойып, кәсіпкерлерге түсінікті ережелер қалыптастырады.

Бизнестің бәсі биік болу керек

«Заңнаманы күрде­лен­­дірудің керегі жоқ. Оны кәсіп­керлердің қажеттіліктеріне бейімдеу қажет. Министрлер мен әкімдер түпкілікті нәтижеге жету үшін жауапкершілікті арттырсын», деген еді Президент.

Дүниежүзілік банктің «Economic Liberalization and Growth in Developing Countries» зерт­теуінде айтылғандай, эко­но­ми­каны ырықтандыру – мем­лекеттің нарыққа араласуын азайтып, бизнестің еркін жұ­­­мыс істеуіне жол ашу. Яғни бағ­а­­ны, тарифті, субсидияны үкі­­мет емес, нарықтың өзі анықтайды. 

Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекет ережелерді ғана белгілейді, ал қалғанын кәсіпкерлер әрі сұраныс пен ұсыныс заңы шешеді. Мұндай тәсіл бастапқыда бағаны өсіріп, әлекке салуы мүмкін. Бірақ алысқа көз тастар болсақ, экономика тұрақты әрі бәсекеге қабілетті бола түседі.

Экономист Алмас Чукиннің сөзіне сүйенсек, мәселе тек заңда емес, ойлау жүйесінде.

«Үкіметтің экономикадағы рөлі тым үлкен. Бізде мемлекет әлі күнге дейін «негізгі құрылысшы» рөлінде. Не салу керек, кімге тапсырыс беру керек – бәрін өзі шешеді. Ырықтандыру дегеніміз – керісінше, мемлекет­тің емес, бизнестің бастама­сын күшейту. Үкімет тек ережені анық­­тап, әділ бақылайтын арбитр болуға тиіс.Тәжірибе көр­сетіп отырғандай, экономикалық өсім мен инновация еркіндік бар жерде ғана пайда болады. Америка мысалы осының дәлелі. Онда президент мектеп те, зауыт та салмайды, бірақ нарық жұмыс істейді. Себебі бизнес өз бетімен дамуға мүмкіндік алады, мемлекет тек әділ бәсекенің кепілі. Бізге де дәл осындай жаңа парадигма қажет», дейді экономист.

 

Үдеріс бар, нәтиже де болады

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровтың айтуынша, экономиканың бәсекеге қабі­лет­тілігін арттыру мақса­тын­да Ұлттық жекешелен­діру кеңсесінің қатысуы­мен мемлекеттік үлесі бар 450-ден астам кәсіпорын жеке секторға беруге ұсынылған.

«Біздің жасап жатқаны­мыз­дың бәрі экономикаға мемлекет­тің араласу үлесін қысқарту мен экономиканы нарықтық негізде дамыту саясатына саяды. Соны­мен қатар агенттік тауар нарық­тарында бәсекелестікті дамыту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Биржалық қызмет заңна­маға және қазіргі нарық талаптарына сәйкестендірілген. Егер бұған дейін елде 22 тауар биржасы болса, қазір олардың нақты жұ­мыс істеп тұрғаны 3-еу ғана. Бұл саладағы бақылау тетіктері рет­те­ліп, артық құрылымдар қыс­қартылған. Мемлекет басшы­сы бізге бірқатар тапсырма берген еді. Негізгі экономикалық сек­тор­ларда әділ бәсекені дамыту, шағын және орта бизнестің мүд­десін қорғау бағытында нақты ш­ара­лар қабылдауды жүктеген-тұ­ғын. Жұмыс жүріп жатыр», деді ол.

Қазақстан инвесторлар қа­уым­­дас­тығының төрағасы Болат Ақшолақовтың айтуын­ша, елі­міз­дің экономикасы кем де­ген­де жартылай өңдеу өнер­кәсі­біне сүйенуі керек. Оның пікірінше, тұрақты әрі тәуелсіз экономика құру үшін басты назар шикізатты емес, дайын өнім өндіруге бағытталуы қажет. Қазір біршама нәтиже бар. Мәселен, өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы қосылған құн 2 есе өсіп, шамамен 17 трлн теңгеге жетті.

«Егер мақсат ІЖӨ-ні екі еселеу болса, онда өңдеу өнеркәсібінің үлесі кем дегенде 50% болуға тиіс. Бұл үлкен әрі батыл мақсат, десе де жетуге болады. Кейінгі жылдары инвестиция тек шикізат саласына емес, өңдеу секторына да келе бастады. Мысалы, автокөлік өндірісі мен фармацевти­када жаңа жобалар іске қосы­лып жа­тыр. Бұдан да биік белеске шы­ға­мыз десек, бізге тек «бір тере­­зе» қағидаты емес, толық­қан­­ды онлайн платформа қажет. Ин­вестор мемлекеттік меке­ме­­лерге бармай-ақ, бизнес тір­кеу, жер алу, инф­рақұры­лым мен са­лық мәселесін бір жер­ден шешуі керек», дейді Б.Ақшолақов.

Оның пікірінше, қазір инвес­тиция тартуға кедергі келтіріп отырған үш негізгі фактор бар. Олар – мемлекеттік органдардың өзара үйлесімсіз жұмысы, артық бюрократия және экономиканы ырықтандырудың баяу жүруі.

«Мемлекет әлі де жеке сек­тордың өз бетімен дами алатын салаларына араласып отыр. Ал шын мәнінде, бизнеске көбірек еркіндік беретін уақыт келді. Қа­зіргі экономикалық жүйе мем­­лекеттік құрылымдардың ба­қы­лау функцияларына тым тәуелді. Бұл өз кезегінде кәсіп­керлердің бастамасын тежеп, жаңа инвестициялардың келуін баяулатады. Мемлекеттік сая­сат­­тың басты қағидасы «мем­лекет – қызмет» деген ұста­нымға негіз­делуге тиіс. Яғни шенеуніктер биз­неске кедергі келтірмей, кері­сінше, оны дамытуға жағдай жа­сауы қажет. Егер бизнеске сенім артылса, ол өздігінен эко­номикалық өсім мен жұмыс орындарын өрге сүйрейді. Қазір бізде осыған қатысты 21 кодекс, 300 заң және 400 мыңға жуық нормативтік акт бар. Алдымен осының бәрін реттеу керек», дейді қауымдастық төрағасы.

 

Шикізатқа тәуелділік басым

Экономист, қаржы сарапшысы Мұрат Темірхановтың айтуынша, еліміздегі реформалар мұнай бағасына тәуелді. Сосын да былтыр қол қойылған Жарлық әлі орындалған жоқ.

«Біз әлі де шикізатқа тәуел­діміз. Экспорттың 85%-ы – мұнай, металл және астық. Ин­дустриялық-инновациялық да­му туралы көп айтылады, бірақ нақты нәтиже жоқ. Қазір экономика субсидияға сүйеніп тұр. Экспорттың тек 5%-ы ғана бәсекеге қабілетті. Бір қолымен субсидия береді, екінші қолымен қарыз алады. Ал бюджет бос», дейді сарапшы.

Оның сөзінше, тіпті мемлекет қолдауынсыз өмір сүре алмайтын кәсіпорындар көбейіп кеткен.

«Өткен жылы шағын және орта бизнеске 2 трлн теңге бөлінді. Бірақ бұл ақша кәсіп­орындардың тек 1,5%-ына жетіп отыр. Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың эконо­миканы ырықтандыру туралы Жарлығы қоғамда үлкен үміт тудырған еді. Бірақ ол орын­далмады. Керісін­ше, мемлекеттік меншіктің үлесі артып барады. Мысалы, «Қаз­МұнайГаздың» небәрі 3%-ы ғана жеке­шелендірілді. Мемле­кет рөлін қысқартпай, нарық ер­кін­дігін дамыту мүмкін емесін ұғынар уақыт жетті», дейді М.Темірханов.

Қаржы сарапшысы мұнай бағасы төмендесе, жағдай одан әрі қиындайтынын да ескертті.

«Келесі жылы мұнай өндірісі баяулайды. Егер баға 70–80 доллардан төмен түссе, бюджетке қысым күшейеді. Салық өседі, белсенділік азаяды. Өсу қарқыны 3,5–4% деңгейінде қалады. Халық­аралық валюта қоры мен Дүние­жүзілік банк те осындай болжам жасап отыр», деді ол.