Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін жаңғырту мәселелері қаралды. Сонымен қатар көлеңкелі экономиканы төмендету бойынша қабылданып жатқан іс-шаралар туралы талқыланды.
Медициналық көмек баршаға қолжетімді болуы керек
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жаңғырту қолға алынды. Тиісті жұмыс жүріп жатыр. Ол медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – ашық, әділетті және ең бастысы, барлық азаматтар үшін қолжетімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру», деп атап өтті Премьер-министр.
Осы мақсатта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған заң қабылданды. Заң көрсетілетін қызметтердің аясын кеңейтіп, сапасын арттырумен қатар, бүкіл денсаулық сақтау саласының ұзақмерзімді қаржылық орнықтылығына оң әсерін тигізеді. 2026 жылдан бастап тұрмысы төмен азаматтар жергілікті бюджет есебінен медициналық сақтандыру жүйесімен қосымша қамтылады. Бұл әрбір азамат үшін қолжетімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ауқымды өзгерістерді жүзеге асыру үшін орталық және жергілікті органдар күш жұмылдыруы қажет. Осыған байланысты Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірге медициналық сақтандырудың жаңа тетігін енгізу бойынша үйлесімді жұмыс жүргізуді тапсырды.
«Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты алаңдаушылық білдірген азаматтарға да құлақ асу қажет. Кейбір жаңа ережелерді түсіну қиын. Сондықтан әрбір отандасымыз медициналық көмек алу тетіктері мен оны жетілдіру жұмыстарынан хабардар болуы керек», деді Премьер-министр.
Бұл ретте балаларға, зейнеткерлерге, мүгедектер мен азаматтардың басқа да жеңілдікті санаттарына медициналық көмек көрсету тәртібі мен көлемі өзгеріссіз қалуға тиіс.
Қомақты қаржы тиімді жұмсалса игі
Медициналық инфрақұрылым қарқынды түрде дамып келеді. Биыл 655 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталып, 1 млн ауыл тұрғыны алғашқы медициналық-санитариялық көмекпен қамтылады. Жалпы, биыл медициналық көмек көрсетуге мемлекеттік бюджеттен 3 трлн теңге бөлінді.
Мемлекет басшысының медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру және оларды әлеуметтік қолдауды күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде кейінгі жеті жылда елімізде дәрігерлердің орташа жалақысы 2,8 есе өсті. Бұл туралы Үкімет отырысы барысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндады.
«Дәрігерлердің орташа жалақысы 159 мың теңгеден 442 мың теңгеге дейін өсті. 1 адамға арналған медициналық шығыстар 98 мың теңгеден 258 мың теңгеге дейін ұлғайды. Қаржыландырудың ұлғаюы медициналық көмектің қолжетімділігіне тікелей әсер етті. Бастапқы деңгейде көрсетілетін қызметтер және консультациялық-диагностикалық қызметтер саны 2,7 есе ұлғайды», деді А.Әлназарова.
Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне қаржының тиімді жұмсалуын және медициналық қызметтердің сапасын, оның ішінде цифрлық құралдар мен жасанды интеллект элементтерін енгізу арқылы қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар министрлік медициналық көмек көрсету стандарттары мен ережелерін қайта қарауы керек. Емделушілер үшін бәрін оңтайландырып, барынша жеңілдету қажет.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ басқарма төрағасы Айдын Құлсейітов қорды кешенді трансформациялау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Ол бүгінде барлық бизнес-үдерістерді түбегейлі қайта құру, оларды автоматтандыру, олардың тиімділігін арттыру жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Қорды трансформациялау мақсаттары субъективизмге қарсы цифрлық тосқауыл жасауға бағытталған. Біріншіден, біз қатаң көпсатылы бақылауды енгізу арқылы қызметкерлердің жеке шешім қабылдау мүмкіндігін болдырмауға тырысамыз. Екіншіден, шешімдерді топ болып дербес есептіліксіз қабылдайтын алқалық жауапсыздық қағидатын барынша азайту қажет», деп атап өтті А.Құлсейітов.
Қорытындылай келе, Премьер-министр тиісті сала басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді. Атап айтсақ, Денсаулық сақтау министрлігі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін Қордың бизнес-үдерістерін автоматтандыру мен оңтайландыру жұмыстарын аяқтауға тиіс. Сондай-ақ азаматтар мен медициналық ұйымдар үшін ыңғайлы сервистерді енгізе отырып, цифрлық платформаны толықтай қайта қарауы керек. Бұдан бөлек, аталған ведомство Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, биылғы 1 желтоқсанға дейін медициналық сақтандырудың жаңа нормаларын ақпараттық-түсіндіру бойынша жұмыс жоспарын әзірлеп, жүзеге асыруы қажет. Өңір әкімдіктері мен Денсаулық сақтау министрлігіне медициналық көмек сапасын арттыру бойынша пәрменді шаралар қабылдап, сақтандыру жүйесіне жарна төлеуге қатысты міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Кешенді шешімдер талап етіледі
Үкімет отырысында көлеңкелі экономиканы төмендету бойынша қабылданып жатқан іс-шаралар туралы да талқыланды.
«Мемлекет басшысы биыл ішкі жалпы өнімдегі көлеңкелі экономика үлесін 15%-ға дейін азайту міндетін қойды. Бұл көрсеткішті одан әрі төмендете беруге тиіспіз. Бізге таза әрі ашық экономика керек. Осы бағытта барлық мемлекеттік органдар мен бизнес субъектілерінің жұмысын күшейту қажет. Бұл жұмыс тек хат-хабар алмасып, есеп берумен ғана шектелмеуге тиіс. Экономика және салық тұрақтылығы, цифрландыру, сондай-ақ бизнес жүргізуді оңайлату ісінде сапалы әрі кешенді шешімдер қажет», деп атап өтті О.Бектенов.
Президент Жолдауда жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын енгізу арқылы экономиканың барлық саласын жаңғырту қажеттігін атап өтті. Бұл – стратегиялық міндет.
Қаржы министрі Мәди Такиев экономиканы көлеңкеден шығару үшін жасанды интеллект пен цифрлық теңгені пайдаланып жатқаны туралы баяндады.
«Электронды шот-фактуралар беру кезінде биометриялық жеке басын анықтау талабының енгізілуі 33 млрд теңгеден астам сомаға жалған шот-фактуралар жазу әрекетінің алдын алды. Е-таңба жобасы арқылы енгізілген автоматтандырылған қадағалау жүйесі ҚҚС теңгерімін тексеруге және «сұр» схемаларды ерте бастан анықтап, жолын кесуге мүмкіндік беріп отыр. Қазірдің өзінде 250 млн электрондық шот-фактура және 500 млн төлем өңделді. Жоба нәтижесінде бюджетке жылына 100 млрд теңгеге дейін түсім түседі деп күтіліп отыр. Одан бөлек, Ұлттық банкпен бірлесіп «Цифрлық қосылған құн салығы» қанатқақты жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Цифрлық теңгемен есеп айырысу ақшаны көлеңкеге жасыру жолын бұғаттап, барлық жеткізу тізбегін ашық етеді», деді М.Такиев.
Әлі де бірқатар секторда, оның ішінде сауда, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында цифрландыру деңгейі жеткіліксіз деңгейде екеніне назар аударылып, барлық мүдделі министрліктерге өз саласында жаппай цифрландыруды қамтамасыз ету тапсырылды.
Деректерді өңдеу орталығы құрылады
Цифрлық бастамаларды жүзеге асыру үшін тиісті ресурстар қажет. Осыған байланысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі келесі жылы Мемлекеттік кірістер комитетінің өз алдына Деректерді өңдеу орталығын құруы керек.
Жалпы, еліміздегі бірқатар цифрлық жоба өз тиімділігін көрсетті. Көлеңкелі экономикамен күресте қолма-қол ақшасыз төлемдер маңызды рөл атқарады.
«Жобаны одан әрі тарату үшін Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен бірлесіп, республикалық және жергілікті бюджеттер, сондай-ақ мемлекеттік холдингтердің бюджеттері шеңберінде цифрлық теңгені пайдалануды қамтамасыз етуі қажет. Жұмыстың нәтижесі туралы маған келер жылдың 1 ақпанына дейін баяндаңыздар. Қарыздар мен субсидиялардың мақсатты түрде жұмсалуына автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу үшін ақпараттық жүйелердің интеграциясын қамтамасыз етіп, бақылауды күшейту қажет», деп тапсырды О.Бектенов.
Кедендік әкімшілендірудің жан-жақты әрі ашық болуы республикалық бюджет кірістерінің көлеміне айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан Қаржы және Сауда министрліктері экспорттық және импорттық операцияларға мониторинг жасауды күшейтуі қажет. Тәуекелдер бейінін жаңартып, жүк тасымалдарын «жасыл дәліз» қағидаты бойынша транзиттеу үшін жағдай жасау адами фактордың алдын алуға тиіс.
Сонымен қатар жүктерді тексеру деректерін талдау кезінде жасанды интеллектіні енгізу қажет. Бұл сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге әрі шекарадан өту үдерістерін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр жауапты ведомстволарға бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері нақты ұсыныстарды енгізе отырып, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралардың тиімділігі туралы жыл сайынғы кеңейтілген талдамалық баяндаманы әзірлеуді қамтамасыз етуге тиіс. Заңды тұлғаларды тіркеу мен қайта тіркеуді қадағалап отыру үшін Әділет, Қаржы, Жасанды интеллект министрліктеріне Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, биылғы 25 қарашаға дейін тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізуді аяқтау тапсырылды. Талдау дәлдігі мен әкімшілендіру сапасын арттыру үшін мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдары арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды күшейту қажет. Осыған байланысты Қаржы, Жасанды интеллект министрліктері және басқа да мемлекеттік органдар деректерді «Smart Data Finance» жүйесімен интеграциялауды қамтамасыз етуі қажет.