• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:00

Түркі елдері ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруға тиіс

20 рет
көрсетілді

Әзербайжанның Габала қала­сындағы Конгресс-орталық­та Түркі мемлекеттері ұйымының ХІІ саммиті өтті. Айтулы саммитке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев және байқаушы тараптардың басшылары қатысты.

Қазақстан «Түркі мемлекеттері ұйымы+» идеясын қолдайды

Саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, ең алдымен ерекше қонақжайлық көрсеткені үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке ризашылығын білдіріп, осы жиынның мән-маңызы айрықша, күн тәртібі өзекті екенін айтты.

– Түбі бір түркі жұртының тарихы – тамырлас, халықтарымызға ортақ сан ғасырлық шежіреміз бар деп үнемі айтып жатырмыз. Мұның бәрі – берекелі бірлігіміз бен мәңгілік ынтымағымыздың алтын арқауы. Жақында елдеріміз «Түркі халықтарының ынтымақтастық күнін» атап өтті. Бұл – бірлігімізді бекемдей түсетін маңызды мереке. Бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымы достас халықтардың басын қосқан мәртебелі әрі беделді құрылымға айналды. Былтырдан бері Ұйымға құрметті Президент Садыр Жапаров бастаған қырғыз елі тиімді төрағалық етті. Қырғыз тарапына ризашылығымызды білдіреміз. Енді төрағалық құрметті Ильхам Гейдар оглудың басшылығымен Әзербайжан тарапына беріледі. Алдағы уақытта да Ұйымымыздың абырой-беделі арта түседі деп сенеміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жаһандық қауіпсіздік жүйесі күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын атап өтіп, қақтығыстар мен шиеленістер, геосаяси текетірестер әлемнің кез келген мемлекетіне әсер ететін қауіпті үрдіске айналғанына тоқталды.

– Осындай алмағайып заманда 30 жылдан аса уақыт шешімін таппа­ған шиеленіске қатысты Әзербай­жан мен Арменияның Бейбітшілік декларациясына қол қойғанын ерекше атап өткім келеді. Бұл тұрақтылық пен экономикалық өрлеуге жол ашатын тарихи мәміле болды. Қазір әлемдегі геосаяси ахуал аса күрделі, сондықтан түркі елдері ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруға тиіс. Бүгінде жаһан жұрты бізді зор сын-қатерлерге төтеп бере алатын, беделі мықты, ынтымағы жарасқан мемлекеттер ретінде таниды. Бірқатар ел біздің Ұйымға ерекше қызығушылық танытуда. Бұл ретте Қазақстан ынтымақтас­тық аясын кеңейтуге бағытталған «Түркі мемлекеттері ұйымы+» форматын құру идеясын қолдайды. Осы бастама біздің Ұйымның халықаралық беделін арттыруға жол ашатыны сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Түркі мемлекеттері аумағында тұрақтылықты, қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту ісінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің рөлі мен әлеуеті ерекше.

– Кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру үдерісіне қолдау көрсеткен Әзербайжан тарапына, сондай-ақ барша түркі мемлекеттеріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Түркі елдерінің қауіпсіздікті нығайту және сын-қатерлерге, соның ішінде терроризмге қарсы тұру жолындағы мақсат-мүддесі – ортақ, сондықтан осы бағыттағы ықпалдастығымыз табысты жүзеге асуда. Бәріміз жаһандық қауіпсіздікті сақтау жолындағы бастамаларды қолдап келеміз. Бірақ біз мұнымен шектеліп қалмауымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген елдің шекараға бағынбайтын жаңа қатермен бетпе-бет келіп отырғанын алға тартып, Ұйым аясында Киберқауіпсіздік кеңесін құруды ұсынды.

– Бұл Кеңес мемлекеттеріміздің іс-қи­мы­лын үйлестіріп, күш жұмыл­дыруға жағдай жасайды. Сонымен қатар цифр­­лық қауіпсіздік пен техноло­гия­лық бай­ланысты бекемдей түседі. Биыл қыр­­күйекте осы тақырып бойынша Алма­ты­да өткен конференция нәтижелері киберқауіпсіздік саласындағы ықпал­дастықты күшейту аса маңызды екенін тағы да растады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы экономикалық ынтымақтастықты тұрақтылық пен өсіп-өркендеудің түп негізі ретінде атады.

– Біз 2040 жылға дейінгі Түркі әлемі­нің даму бағдарын толық іске асыруға баса мән беруіміз қажет. Бүгінгі саммит осы жоспарды нақты шаралармен толық­тыру­ға тиіс. Ұйымға қатысушы әр мем­лекет­тің өзіне тән артықшылығы және же­тіс­тігі бар. Соған қарамастан Ұйым аясын­­да сауда-экономика саласындағы ірі жо­баларды жүзеге асыру үшін нақты тетіктер ұсынылған. Соның бірі – Түркі инвес­ти­­циялық қоры. Осы қаржы ұйымы­­ның мүмкіндіктерін барынша пайда­ла­нуы­мыз керек. Биыл Түркістанда елдері­міздің экономика және сауда министр­лері бас қосады. Сол кезде Қор қар­жы­лан­ды­ратын жобалар тізі­мін жаса­ған жөн болар еді. Өнеркәсіп сала­­сындағы ықпал­дас­тық елдеріміздің эконо­ми­ка­сын әрта­рап­тандыру ісінде маңызды рөл атқарады. Осы орайда, Түркі сауда-өнер­кәсіп пала­та­сының әлеуеті зор деп есеп­тейміз. Келесі жылы осы палатаға Қазақ­стан төр­аға болады. Бұл бағытта біз нақ­ты жоба­ларға басымдық беретін Өнер­кәсіп­тік коо­пе­рация бағдарламасын қабыл­дауды ұсы­намыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Көлік-логистика саласындағы әріптестік артады

Президент көлік-логистика сала­сындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеруді басты міндеттің бірі санайды.

– Елдеріміз Шығыс пен Батысты, Оңтүс­тік пен Солтүстікті жалғайтын тоғыз жол­дың торабы – Еуразия төрінде орналас­қан. Қазір Қазақстан аумағы арқылы 5 халықаралық теміржол дәлізі өтеді. Азия мен Еуропа арасында тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы Қазақстан арқылы жөнелтіледі. Жақында біз «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісін іске қостық. Бұл қадам ТрансҚазақстан теміржол дәлізін қарқынды дамытуға ықпал етеді. Жаңа жол жүк тасымалының көлемін 5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа тағы да екі маңызды теміржол салынып жатыр. Осы жобалар аймақтық логистиканы әртараптандыру ісіне тың серпін беретіні анық. Транскаспий халықаралық көлік бағдары Еуразиядағы жол торабының стратегиялық бөлігіне айналды. Кейінгі 5 жылда Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі 6 есе өсті. Жақында Ұйымға мүше мемле­кеттердің көлік министрлері Алматыда бас қосты. Тараптар кездесуде осы жол бағдарына қатысты бірқатар келісімге қол жеткізді. Бұл ретте біз түркі мемле­кет­терін Орта дәліз бойындағы әуе хабтары, теміржол бекеттері және теңіз порт­тары инфрақұрылымын жаңғыртуға бел­сене атсалысуға шақырамыз. Қазір көлік-транзит саласын цифрландыруға қатыс­т­ы жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Осы орай­да Жасанды интеллект технологиясын пай­­далану тиімді болатыны сөзсіз. Сон­­дық­­тан беделді сарапшыларды тарта оты­­рып, Ұйым аясында арнайы Цифрлық мони­­то­ринг орталығын құру мәселесін талқы­­лау­ды ұсынамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан цифрландыру ісіне, соның ішінде жасанды интеллект саласын дамытуға ерекше мән беретінін мәлімдеп, толық цифрлық ел болуды стратегиялық мақсат ретінде айқындағанын жеткізді.

– Жасанды интеллектіні жаппай дамыту үшін білікті мамандар даярлауды қолға алдық. Бағдарлама аясында жыл басынан бері 400 мыңнан аса студент арнайы білім алды. Сондай-ақ жасанды интеллект мамандарын оқытатын тұңғыш зерттеу университетін ашуды жоспарлап отырмыз. Қазақстан осы оқу ордасында білім алуға ниет білдірген түркі елдерінің жастарына арнайы гранттар бөлуге дайын, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев аталған салалар бойынша Ұйым аясында жүзеге асыруға болатын бірқатар бастамаға тоқталып өтті.

– Жуырда Астанада Alem.AI жасанды интеллект орталығы ашылды. Соның негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық инновациялар орталығын құруды ұсынамыз. Бұл Орталық стартаптарды қолдап, бірлескен жобаларды дамытуға жол ашады. Жасанды интеллект саласында тәжірибе алмасуға және венчурлік капитал тартуға мүмкін­дік береді. Біз цифрландыру және жа­санды интеллектінің әлеуетін халықтары­мыз­дың игілігі үшін ұтымды пайдалануы­мыз қажет. Сонымен қатар жаңа техно­логиялардан туындайтын тәуекел­дер мен сын-қатерлердің алдын алуы­мыз керек. Сондықтан келесі жылы Қазақ­станда өтетін Ұйымның бейресми сам­митін «Жасанды интеллект және цифр­лық даму» тақырыбына арнауды ұсы­намын. Осы жиынның қарсаңында білікті сарапшылардың басын қосып, халықаралық конференция ұйым­дас­тыруға дайынбыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жағдайда энергетика мәселесіне де баса мән беру керек екенін айтты.

– Бұл – экономикамыздың тірегі, стратегиялық әріптестігіміздің негізі. Бүгінде біз ортақ инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудамыз. Энергия тасымалдаудың қауіпсіз әрі ыңғайлы жолдарын қарастырып жатырмыз. Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан арасындағы жасыл энергия дәлізі – осы саладағы жемісті ынтымақтастық үлгісі. Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздеріне, ең алдымен, күн энергиясына айрықша назар аудару қажет деген ойдамыз. Осыған орай, Түркі мемлекеттері ұйымы ая­сында Энергия тиімділігі жөніндегі озық тәжірибе кеңесін құруды ұсынамыз. Дегенмен мұнай мен газды, уранды, көмірді, сирек кездесетін минералдарды игеру және оларды тиімді пайдалану Қазақстанның энергетикалық стратегиясының негізі болып қала береді, – деді Президент.

 

Каспий теңізінің ахуалы – ортақ мәселе

Мемлекет басшысының пікірінше, қазір әлемде аса күрделі мәселеге айнал­ған су тапшылығы таяу арада Орта Азия­дағы ең өзекті сын-қатер болуы мүмкін.

– Өзен-сулардың ортақ игілік екенін ескере отырып, оны тиімді пайдалану үшін жаңа тәсілдер керек деп санаймыз. Суару жүйесіне цифрлық бақылау орнату, тамшылатып суару әдістерін кеңі­нен қолдану, суқоймаларының тиімділігін арттыру жөнінде бірлескен бағдарлама қабылдауға болады. Қазір Каспий теңізі тартылып бара жатқанын білесіздер. Бұған бәріміз алаңдап отырмыз. Қарт Каспийдің түркі жұрты үшін орны қашанда бөлек. Оны халықтарымыздың арасындағы дәнекер деуге болады. Кейінгі жылдары теңіз деңгейінің төмендеуі аймақтың экологиясы мен экономикасына кері әсерін тигізіп отыр. Бұл – жаһандық ауқымдағы мәселе. Мен мұны Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде және Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерекелік сессия­сында айттым. Біз тамырлас және шекаралас елдер ретінде Каспий теңізінің ахуалын жақсартуға баса мән беруіміз керек. Мен түркі мемлекеттерін осы бағытта күш біріктіріп, бірлескен жобалар әзірлеуге, халықаралық бастамаларды қолдауға шақырамын. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен келесі жылы сәуірде Өңірлік саммит өткізуді жоспарлап отыр. Тақырып – «Тұрақты болашақ жолындағы ортақ көзқарас». Біз түркі елдері осы саммиттің жұмысына жоғары деңгейде белсене қатысады деп үміттенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ұйымға мүше елдер арасында сауда-экономикалық және саяси ықпалдастықпен қатар, мәдени-гуманитарлық байланыс та нығайып келе жатқанын тілге тиек етті.

– Биыл Ақтау қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Соның аясында бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Каспий жағалауында түркі мәдениетінің фестивалі өтті. Осы маңызды іс-шараға 100 мыңнан аса көрермен қатысты. Бұған қоса биыл Алматы қаласы Түркі әлемі жастарының астанасы атанды. Біз өскелең ұрпақты бауырластық рухында тәрбиелеп, жастарымыздың мәдени ықпалдастығын нығайтуды қолға алуымыз қажет. Осыған орай, келесі жылы Алматыда Креативті экономика форумын өткізуді ұсынамыз. Мұндай қадам жас­тарымызды жақындастыруға, олардың білімін және білігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазақта «Өнерлі өрге жүзеді» деген сөз бар. Шын мәнінде, өнер, білім, ғылым құндылықтары өркениетіміздің өрісін кеңейтуге ықпал етеді. Қазақстанда елдеріміздің зиялы қауым өкілдері­нің басын қосып, арнайы іс-шара өткіз­ген орынды болар еді. Бұл іс-шараны Ұйымымыздың Ақсақалдар кеңесінің аясында өткізуге болады. Оның үстіне, Түркі әлемін зерттеушілер клубын құруды ұсынамыз. Оны Түркі академиясының негізінде қалыптастыруға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сөз соңында түркі халық­тарының тұтастығы мен ынтымағын нығайта түсуге шақырды.

– Әзербайжанның әйгілі ақыны әрі осы тарихи жердің тумасы Бахтияр Вахабза­денің «Түріктің түрікке дұшпан­дық жасауға хақысы жоқ!» деген өсиеті бар. Біз аға буынның ұлағатты сөздерін жады­мызда сақтап, түркілердің түбі бір туыс, бірлігі бекем бауыр екенін бүкіл әлем­ге паш етіп келеміз, – деді ол.

Мемлекет басшысы Ұйымға төрағалық ететін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке мол табыс және сәттілік тіледі.

Саммитте Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев және байқаушы тараптардың басшылары сөз сөйледі.

Түркі мемлекеттері ұйымы ХІІ сам­митінің қорытындысы бойынша Габала декларациясына қол қойылды.