• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 10:16

Оралда аурухана науқастың өлімі үшін 3 млн-нан астам өтемақы төлейді

20 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында 45 жастағы әйелдің өліміне байланысты сот аурухана қызметкерлерінің кінәсін анықтап, марқұмның анасы мен әпкесінің пайдасына моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жоғарғы Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2022 жылдың наурыз айының соңында 45 жастағы әйел Орал қаласындағы ауруханаға жедел жұқпалы ауру диагнозымен жеткізілген. Дәрігерлердің емдеу шараларына қарамастан, науқастың жағдайы нашарлап, бір аптадан кейін қайтыс болды.

«Қайғылы оқиғадан кейін марқұмның анасы мен әпкесі облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен аурухананың үстінен моральдық шығынды бірлесіп өндіріп алуды сұрап, сотқа шағым түсірген. Олар талап қоюда жақындарының өліміне медицина қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындаудағы салғырттығы мен медициналық көмек көрсету нормаларын бұзуының салдары себеп болғанын көрсеткен. Талапқоюшылар қызы мен әпкесінен айырылу олар үшін ауыр психологиялық күйзеліс болғанын атап көрсеткен. Үш жыл өтсе де, олар ауыр психикалық, физикалық және эмоционалдық азапты бастан кешіріп отыр», делінген хабарламада.

Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті жүргізген тексеру барысында науқасты диагностикалау, емдеу және бақылау кезінде бірқатар заң бұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, емдеуші дәрігер медициналық көмек көрсету стандарттарынан ауытқып, кәсіби міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған, сондай-ақ медициналық құжаттарды бұрмалаған.

Әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған сот аурухананың үш дәрігерін сапасыз медициналық қызмет көрсеткені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Ал Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының №2 соты медицина қызметкерлерінің әрекеті мен науқастың өлімі арасындағы тікелей себептік байланысты анықтап, марқұмның туыстары талап еткен моральдық өтемақыны ішінара қанағаттандырды. Сот шешімімен ауруханадан марқұмның анасы мен әпкесінің пайдасына 3 млн теңгеден астам өтемақы өндірілген.

Соттың шешімі заңды күшіне енді.