• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 12:59

Еділ Жаңбыршин: Геологиялық барлауға тартылатын инвестиция көлемі жеткіліксіз

10 рет
көрсетілді

Депутат Еділ Жаңбыршин елімізде қазір мұнай-газ өндіру көлемі негізінен үш ірі кен орнына – Теңіз, Қашаған және Қарашығанаққа тәуелді екенін айтты. Ал өзге кен орындарының қоры сарқылу кезеңіне жақындап қалған, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Сондықтан жаңа мұнай мен газ қорларын анықтау – бұл тек энергетикалық емес, ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық егемендік мәселесі.Жалпы, 2012 жылға дейін еліміздің жер қойнауындағы болжамды алынатын шартты отын ресурстары 22,7 млрд тонна деп бағаланған болса, 2010–2012 жылдары жүргізілген зерттеулер нәтижесінде бұл көрсеткіш 76 млрд тоннаға дейін қайта есептелді. Оның 70 млрд тоннадан астамы Каспий маңы, Үстірт-Бозашы, Маңғыстау және Оңтүстік Торғай бассейндерінде шоғырланған. Ал қалған бөлігі аз зерттелген, бірақ әлеуеті жоғары провинцияларды орналасқан», деді Еділ Жаңбыршин.

Депутаттың пікірінше, бүгінде геологиялық барлау саласы ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігінің өзегіне айналып отыр. Сонымен қатар ол осы салаға тартылатын инвестиция көлемінің жеткіліксіз екенін тілге тиек етті. Мәселен, Қазақстанда бір шаршы шақырымға бар болғаны 8 АҚШ доллары жұмсалса, АҚШ-та – 87 доллар, Австралияда – 167 доллар, Канадада – 203 доллар бөлінеді.

«Бұл айырмашылық – біздің инвестициялық климаттағы ең әлсіз буынның бірі екенін көрсетеді. Өйткені геологиялық барлау – жоғары тәуекел мен ұзақмерзімді капитал салымын қажет ететін сала. Егер мемлекет пен заңнамалық жүйе инвестордың құқығын кепілдендірмесе, ол жаңа аймаққа қаржы салмайды. Сондықтан Парламент депутаттарының бастамашылығымен әзірленген бұл заң жобасы осы жүйені түбегейлі өзгертеді»,  деді Жаңбыршин.

Депутат заң жобасындағы негізгі жаңалықтарды да атап өтті. Біріншіден, аз зерттелген аумақ ұғымы енгізіледі. Яғни, шегінде шектеулі өңірлік зерттеулер жүргізілмеген немесе жүргізілгенімен, нәтижесінде перспективалы бассейндер анықталмаған аймақтар аз зерттелген деп танылады.

Екіншіден, өз қаржысымен геологиялық зерттеу жүргізген инвестор әрі қарай барлау және өндіру кезеңінде басым құқыққа ие болады. Бұл үшін алғашқы үш жыл ішінде келісімшарт аумағының кемінде 30 пайызын қамтитын 2D сейсмикалық зерттеу жүргізу талабы енгізіледі.

«Яғни, кім шын мәнінде зерттеуге қаржы салса – сол әрі қарай игеру құқығын алады. Бұл әдіс инвестордың мүддесін қорғайды және елге жаңа геологиялық деректер береді», деді депутат.

Үшіншіден, резервтегі учаскелердің айналымын тиімді ету көзделген. Қазір ұлттық компанияларға 53 учаске резервке берілген, бірақ олардың тек 20 пайызы ғана игеріле бастаған. Қалғандары ұзақ уақыт бойы айналымсыз тұр. Осыған байланысты заң жобасы резервтеу мерзімін шектеп, бос учаскелерді электрондық аукцион арқылы нарыққа шығаруды қарастырады.

Төртіншіден, уран саласындағы ұлттық компанияға басымдық беріледі. Депутаттың айтуынша, әлемде атом энергетикасына деген қызығушылық қайта артып келеді. Сондықтан жаңа кен орындарын іздеу және игеру бойынша ұлттық компанияға басым құқық беру – стратегиялық шешім.

Еділ Жаңбыршин заң жобасын қабылдау арқылы күтілетін нәтижелерді де атап өтті:

1 млрд АҚШ доллары көлемінде жаңа инвестиция тарту; Аз зерттелген аумақтардың жер қойнауын барлауға жол ашу; Көмірсутек саласында инвесторлар мен ұлттық компаниялар үшін тең жағдай орнату; Барлау мен өндіру арасындағы алшақтықты қысқарту; Уранды барлау бойынша ұлттық компанияға басым құқық беру.

«Құрметті депутаттар! Бүгін қаралып отырған заң жобасы — еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін, инвестициялық тартымдылығын және геологиялық ғылымның жаңа деңгейін қамтамасыз ететін стратегиялық құжат. Сонымен қатар, бұл заң – Қазақстанның табиғи байлығын ұлт игілігіне айналдыру жолындағы маңызды қадам. Сайып келгенде Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Сондықтан осы заң жобасын қолдауларыңызды сұраймын», деп сөзін түйіндеді Еділ Жаңбыршин.