Елімізде шығармашылық иелерінің мүддесін қорғау ісінде маңызды бетбұрыс жасалды. Парламенттің екінші оқылымда қабылдаған заң жобасы авторлық құқық саласында айқындық орнатуға бағытталған маңызды қадам болып отыр, деп жазады Egemen.kz.
Бұл құжат аясында елімізде Бірыңғай цифрлық платформа құрылмақ. Ол авторлық құқық объектілерін пайдалануды толық ашық етуді, авторлар мен пайдаланушылар арасындағы өзара қатынастарды әділ жүйеге түсіруді көздейді. Сондай-ақ заңда гонорарларды бөлу үлесі қайта қаралып, енді авторлық қоғамдар 20 пайыз, ал авторлардың өздері 80 пайыз алатын болды. Бұған дейін бұл үлес 30/70 қатынасында болған еді.
Депутат Ерлан Стамбеков бұл өзгерістерге қарсы пікірлердің де болғанын, бірақ Парламент әділ шешім қабылдағанын айтып отыр. Енді Әділет министрлігі мен Зияткерлік меншік ұлттық институты Бірыңғай цифрлық платформаны енгізу бойынша ауқымды жұмысты бастамақ. Депутат шығармашылық қауым өкілдерін бұл іске белсенді араласуға шақырды.
Жаңа заң шығармашылық иелерінің еңбегін әділ бағалау мен қорғауға жол ашып, елде интеллектуалдық меншікті құрметтеу мәдениетін қалыптастыруды көздейді.