Ел азаматтарының жартысынан астамы өз өміріне қанағаттанатынын айтты. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы жүргізген «Халықтың өмір сүру сапасы» тақырыбындағы іріктемелі зерттеу нәтижесінде белгілі болды, деп жазады Egemen.kz.
Ауыл тұрғындары өз өміріне көбірек риза
Зерттеу деректеріне сүйенсек, респонденттердің 53,2 пайызы өмір сүру жағдайларына толық қанағаттанатынын, 46,3 пайызы жартылай қанағат екенін білдірген. Ауылдық елді мекендерде тұратындардың 65,4 пайызы өз тұрмыс деңгейін оң бағалаған, бұл көрсеткіш қалалық жерлерде 51,7 пайызды құрайды.
2024 жылмен салыстырғанда қанағаттану деңгейі сәл артқан: былтыр бұл көрсеткіш 52,5 пайыз болса, биыл 53,2 пайызға жеткен.
Денсаулық пен табысқа көзқарас
Респонденттердің жартысына жуығы (51%) өз денсаулықтарына көңілі толатынын айтқан, ал 46,4 пайызы бұл сұраққа «жартылай қанағат» деп жауап берген. Денсаулыққа қанағаттану деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 1,5 пайыздық тармаққа өскен (2024 жылы – 49,5%).
Материалдық тұрғыда азаматтардың көпшілігі өздерін «орташа қамтамасыз етілгендер» қатарына жатқызады — мұндай пікірді 73,6 пайыз респондент білдірген.
Қолдау мен үміт басым
Сауалнамаға қатысушылардың 65,8 пайызы туыстары мен таныстарынан моральдық қолдау табатынына сенімді екенін айтқан. Ал 73 пайызы өз болашағына сеніп, алдағы уақытта өмір сүру жағдайы жақсарады деп үміт білдірді.
Ұлттық статистика бюросының зерттеуі халықтың әлеуметтік көңіл күйі мен өмір сапасына деген көзқарасының біртіндеп оң бағытта өзгеріп келе жатқанын көрсетеді.