Сот Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайырды кінәлі деп танып, 80 АЕК көлемінде айыппұл салды. Азаматтық талап арыз ішінара қанағаттандырылды, деп жазады Egemen.kz.
Мұғалжар аудандық сотында Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайырға қатысты іс қаралды. Әкімге Қылмыстық кодекстің «Ұрып-соғу» бабы бойынша айып тағылды.
- Қазбек Аққайыр Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 80 АЕК, яғни, 314 560 теңге көлемінде айыппұл салу түріндегі жаза тағайындалсын. Азаматтық талапкердің моральдық шығын өндіру түріндегі азаматтық талап арызы ішінара қанағаттандырылсын. Қазбек Аққайырдан 100 мың теңге моральдық зиян және 1966 теңге мемлекеттік баж өндірілсін. Сотталушыдан жәбірленуші пайдасына өкілдің шығыны ретінде 100 мың теңге өндірілсін. Үкімнің азаматтық талап бөлігін ерікті түрде орындау үшін үкім заңды күшіне енгеннен бастап 15 тәулік мерзім белгіленсін. Үкім жарияланған күннен бастап 15 тәулік ішінде Ақтөбе облыстық сотына апелляциялық шағым түсіруге құқылы, - деді Ғани Алмаханов.
Судья бас-ми шайқалуы, мойындағы ауырсыну бірінші сараптама қорытындысы кезінде дәлелін тапты деп түсіндірді. Ал өзге сарапшылар дене жарақатының ауырлығы бойынша ғана талдау жүргізе алатынын айтқан.
- Хат алмасу, аудио жазбалардан сотталушы мен жәбірленуші араларында оқиғаға дейін де, оқиғадан кейін де жанжал болғаны анықталды. Оқиға өз дәлелін тауып отыр деп көрсетіледі, - деді судья.