• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:03

«Бір ауыл – бір өнім» жеңімпаздары анықталды

20 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысының кә­сіпкерлер палатасында «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысқан жеңім­паздар марапатталды. Биыл Мәртөк ауданында марал өсіретін «Зәру» шаруа қожалығы, Қобда ауданында «Qobda Milk» брендімен сүт өнімдерін шығаратын «Нұр-МТС» шаруашылығы, Қар­ғалы ауданында бал шаруа­шылығымен айналысатын жеке кәсіпкер Нико­лай Ровенский үздік деп танылды.

Салтанатты рәсімде өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов пен об­­лыстық кәсіпкерлік басқар­ма­­­­сының басшысы Алмас Салық­баев жеңімпаздарға сертификат­­­тар мен арнайы мүсіншілер табыс­­тады. Үш кәсіпкер енді Ас­танада өтетін «Бір ауыл – бір өнім» көрмесіне Ақтөбе облы­сының атынан қатысады.

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ауылдардан бәсекеге қа­білетті өнім шығара алатын кәсіпкерді шығару мақсатында үш жыл бұрын қолға алған бас­тама өміршеңдігін көрсетті. Оның бір дәлелі, жыл сайын осы жобаға қатысушылар қа­тары көбейіп келеді. Биылғы үздіктерді қолдауда екі мәселеге назар аударылады. Біріншіден, жеңімпаздар өз кәсіптерін дамыту мақсатында мемлекеттік қайтарымсыз гранттар конкурсына қатысып, 5 млн теңгеге дейін қаржы алу мүмкіндігіне ие болады. Екіншіден, кәсіби маркетологтер олардың өнімдерін бірегей жоба ретінде танытуға, сертификаттауға ықпал етіп, экс­портқа шығаруға қолдау көр­­сетеді. Назар аудараралық жайт, өткен жылдан бастап қай­тарымсыз гранттар тек «Бір ауыл – бір өнім» жоба­сының жеңімпаздары мен әлеуметтік-кәсіпкерлік мәр­тебесі бар кәсіп­керлерге ғана берілетін болды. Қазірде кәсіпкерлердің жеңілдетілген несие алуына бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Мұның үздік үлгісі – «Ауыл аманаты» жобасы. «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпаздары өнім өндірушілер ғана емес, өңірлік брендті қа­лыптастырып жүрген азаматтар. Олар өз же­тістіктері арқылы жаңа кәсіп бастағандарға өнеге көрсетіп келеді. Өйткені жобаның түп негізінде жергілікті шикізатты пайдалану, қол еңбегімен бірегей өнім жасау, ауылды дамыту бас­тамасы тұр», деді облыстық кә­сіпкерлік палатасының директоры Дидар Боранқұлов.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында жер-жерде қолда бар шикізатты өңдеп, түрлі тұрмыстық, сәндік бұйымдар жасайтын, экологиялық сапалы тамақ өнімдерін өнді­румен қатар, оларды тұты­ну­­шыларға жеткізу жолдарын қалыптастырған ауыл кәсіп­керлері жыл сайын кө­бейіп келеді. Айталық, би­ылғы жыл­дың жеңімпазы «Зәру» шаруашылығының иесі Бану Тілегенова сегіз жылдан бері Мәртөк ауданының Қазан ауы­лында марал өсіріп, оның мүйіз­­дерін емдік мақсаттарға пайдалануды жақсы жолға қойған. Бұдан бөлек, кәсіпкер меди­циналық туризмді де дамытып отыр. Қысы-жазы Қазан ауы­лын­дағы шипажайға жан-жақ­тан емделушілер көп келеді.

Қобда ауданындағы «Нұр-МТС» шаруа қожалығының басшысы Нұрсұлу Сатаеваның айтуынша, шаруашылық мамандары 300 ірі қараны күтіп-баптап, сауылған сүтін өңдеп, қаптамаларға салып, жан-жаққа таратумен айналысады. Бұл – ауыл кластері үлгісі. Әзірше, шаруа­шылық өнімдерін ауданға, Ақтөбе қаласына таратып келеді. Қожалық иесі алдағы уақытта гранттық қаржыға қол жеткізсе, сүтті өңдейтін, сақтайтын жаңа жабдықтар сатып алуды мақсат етіп отыр.

Бес жыл бұрын «Ауыл аманаты» жобасымен жеңілдетілген несие алып, оған 10 ара ұясын сатып алған Николай Ровенский осы ерекше жәндікті өсірудің қыр-сырын талмай үйреніп келеді. Бұрынғы теміржол инженері осындай тәуекелге барғанына өкінбейді. Қарғалы өзенінің бойындағы тоғайда омартасын құрған кәсіпкер мамырдан күзге дейін араларын баптаумен айналысады. Бүгінде шаруашылығындағы 30 карника тұқымды ара ұясынан сатылымға төрт түрлі бал шы­ғарып отыр. Өнімдері Ақтөбе облысында жақсы сұранысқа ие.

Шара барысында кәсіпкерлік басқармасының өкілдері қайта­рымсыз гранттарға өтінім беру шарттарын түсіндірді. Грант иегері мемлекет қаржысын жабдықтар мен шикізат, франшиза сатып алуға, жаңа технология енгізуге, ғылыми зерттеу жұмыстарына жұмсауға тиіс. Өз кезегінде кәсіпкерлерге де талап қатаң. Өйткені жоба бастауға ұсыныс білдірген кәсіпкер 20% мөлшерінде өз қаражатын қо­сады. Грантты басқа мақсатқа пайдалануға мүлде болмай­ды. Түпкі нәтиже – өнім өн­діру, бірнеше жұмыс орнын құру. Жақын күндері Ақтөбе облысының кәсіпкерлерінен қайтарымсыз грант алу жобасына өтінім қабылдау басталады.

 

Ақтөбе облысы