Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша қоғамдық тамақтану орындарында газ баллондарын сақтауға қатысты талаптардың сақталуы тексеріледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдіктер мен ТЖМ және Бас прокуратураға қоғамдық тамақтану орындарында газ баллондарының сақталуы мен пайдаланылуына бақылау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
«Тұрғын үйлерге жапсарлас салынған немесе солардың ішінде орналасқан қызмет көрсету ұйымдарына айрықша назар аудару қажет. Әкімдіктер мен Төтенше жағдайлар министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп, газ баллондарының сақталуы мен пайдаланылуын бақылау үшін қоғамдық тамақтану орындарына тексеру жүргізсін», деп атап өтті Олжас Бектенов.
Көшеден ас ішудің тәуекелі: Қоғамдық тамақтану орындарындағы қауіпсіздік деңгейі қандай?
Сондай-ақ Премьер-министр жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру мен жазатайым оқиғалардан сақтандыруды күшейтуді тапсырды.
«Өңір әкімдіктері жұмыс берушілермен бірге ұжымдық шарттарды жасасу бойынша тұрақты жұмыстарды қолға алсын. Сонымен қатар жұмыскерлерді, оның ішінде құрылыс және қызмет көрсету салаларында оқыс оқиғалардан сақтандыру шарттарына қол қою қамтамасыз етілуі тиіс», деп атап өтті Премьер-министр.
Бұған дейін Астанада арнайы рұқсатсыз жұмыс істеген тамақтану орындары анықталды.