• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 08:43

Мектеп және жасанды интеллект

30 рет
көрсетілді

Журналист жұмысының бір артықшылығы бар. Ол кез келген маманның бір күнін бастан кешіп, көзбен көре алады. Сондай мүмкіндікпен мектеп партасына оқушы болып отырып, сабақ оқыдық. Мұндағы мақсатымыз – білім алушының рөліне еніп, информатика пәнінде жасанды интеллект туралы не үйрететінін білу.

Елордадағы заманауи үл­гіде салынған, су жаңа «Келешек мектептерінің» бірі. Шыны керек, бір-ақ сәтте өзімізді Американың яки Еуро­паның, болмаса еліміздегі оқу ақысы қымбат шетелдіктер аш­қан жекеменшік мектептің бірінде жүргендей сезіндік. Себебі біз оқыған 2000 жылдары мұндай сәулеті келіскен, ішкі интерьері әсем, бәрінен бұрын жайлы мектепті тек теледидардан көрген едік. Содан болар, қазіргі балаларға қызыға қарап, қуанғанымыз рас. Қоңырау соғылды. Оқушылар әрі-бері асығып, бірі қолына жүрекжалғар тіскебасарын, екіншісі оқу құралын ұстап, басқалары құрдастарымен алысып, кейбірі жайбарақат қабыр­ғаны жағалап өз сыныбын бетке алып барады. Әлден уақытта шыбынның ызыңы ғана естілетіндей тыныштық орнады. Бір минутқа жетер-жетпесте кабинеттердің есігі жабық тұрса да, хормен сәлемдескен топтың дауысы дәлізге анық естілді. Иә, олар мұғаліммен амандасып, өз орындарына жайғасты. Біз де отырдық. 9-сынып оқушыларының қатарына қосылдық.

Информатика пәнінен сабақ беруге кіріскен мұғалім Жан­нұр Ержанқызы алдымен оқу­шыларының ойын жинақ­тап алғысы келді ме, интерак­тив­ті тақтада көрсетілген бейне­тапсырмаға назарын аударды. Бей­нетапсырма жасанды ин­тел­лектінің көмегімен жасалғандай көрінді. Өйткені онда оюлы жилет киген мұғалім кейпіндегі анимациялық кейіпкер экранда көрсетілген 4 сыйлық қорабының бірін ашып, одан шыққан сөйлемдерді өз қиялыңмен, ойың­мен әрі қарай аяқтауды ұсынды. Қол көтерген бір оқушы оң жақ жоғарыдағы қорапшаны таң­дайтынын айтып еді, мұғалім өз компьютерінен тінтуірмен түртіп ашып еді, ішінен «Қазақстанның ең әдемі жері ...» деген тапсырма шықты. Қорапты ашқан оқушы бұл сөйлемді «Қазақстанның ең әдемі жері – Алакөл» деп аяқтаса, екінші бірі «Қазақстанның ең әдемі жері – Бурабай» деп жалғады. Осыдан соң басқа қорапты ашып көрдік. Ондағы «Мен елімді мақтан тұтамын, өйткені...» деген ойды оқушылардың бірі «Мен елімді мақтан тұтамын, өйткені Қазақстан жақсы дамып жатыр» деп аяқтаса, екіншісі: «...өйткені біз бостандықта өмір сүріп жатырмыз және әркім өз құқын қорғайды» деп түйіндеді.

Сабаққа кіріспе болған ой жаттығуынан кейін мұғалім жаңа тақырыпты таныстырды. «Бағдарламалық қамтамасыз етуді таңдау» деп аталады. Атауы жасанды интеллект элемент­тері енгізілген информатика сабағына алғаш кіріп тұрған бізге күрделірек көрінді. Бірақ балалар жаңа тақырыпқа қарай берілген тапсырмаға келгенде алып кетіп жатты. Әрине, ішінде өзара ақылдасып, болмаса бір-бірінен көмек сұрап, орындап отырғандары болды. Өйткені бұл жұмыс соншалықты оңай емес. Тапсырмадан бұрын Ж.Ержанқызы бағдарламалық жасақтаманы, оның жүйелік, қол­данбалы, инструменталды дейтін үш түрі бар екенін түсіндірді. Содан кейін осы үш бағдарламалық жасақтаманың өз ішінде қандай түрлері барын жіліктеп берді. Қолданбалы бағдарламалардың мысалдарына тоқталып, оның түрлері өте көп болатынын, бізге офистік, графикалық, мультимедиялық делінетін үш түрін таныстырды. Сөйтіп, осы ойды бекіту үшін экранға бірнеше бағдарламалық жа­сақтаманың логотиптерін шығарып, ауызша қай түріне жататынын анықтауды тапсырды. Мәселен, «Windows» жүйелік бағдар­ламалық жасақтамаға, «Delphi» инструменталдыға, «Visual Basic» қолданбалыға жатады.

Жаттығудан соң мұғалім сынып оқушыларын практикалық жаттығуды жасауға шақырды, «Word» бағдарламасын ашып, 4 жолақты кесте құруды тапсырды. Күнделікті бұл бағдарламамен жұмыс істеп отырған бізге мынауыңыз өте оңай болды, бірақ сабақ басталмас бұрын «Tik-tok» желісін суда жүзген балықтай қолданып отырған оқушы кес­те сызуға келгенде кідіріп, жа­нындағы көршісінен салып беруін сұрады. Бұдан кейін тапсырма бойынша екінші терезеден жасанды интеллектінің бірін таңдау керек, оқушылардың басым бөлігі «Gemini»-ды емес, «ChatGPT»-ді қолданды. Жасанды интеллектіге «Мектептің логотипін жасауға арналған графикалық редакторды таңда» деп тапсырма бере­міз, сол ұсынған жауаптарды кестедегі «Бағдарламаның атауы», «Артықшылығы», «Кемшілігі», «Бағасы ақылы/тегін» деген ұя­шықтарға толтырамыз. Сабақтың соңында тест түрінде бекіту сұрақ­тарына жауап бердік. Шапшаң да алғыр 3 оқушы тапсырманы сабақ соңына дейін толық орындап бітірді, кейбіреулері арасында компьютерлік ойынға уақыт тауып үлгергенімен, қоңырау соғылғанша тапсырманы аяқтай алмады. Сондықтан мұғалім үйге осыны мәресіне жеткізуді тапсырды.

P.s. Реті келіп тұрғанда оқырмандарға түсіндіре кетейік, осы оқу жылынан бастап «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект элементтері енгізілетіні айтылған. Бұл өзгеріс еліміздегі барлық мектептің оқу бағдарламасына енгізілмес бұрын қанатқақты жоба ретінде келешек мектептерінде сынақтан өткізіліп жатыр. Соның барысымен танысқандағы ойымызды жоғарыда баяндадық. Ал қалғаны, жобаның алдағы «тағдыры» – болашақтың еншісінде һәм сынақтан өткізіп жатқан педагогтер мен мамандардың жауапкершілігінде.