Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никос Христодулидис келіссөздер барысында екіжақты экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің тың бағыттарын талқылады. Тараптар сауда айналымын арттыру, инвестициялық байланыстарды дамыту және логистика, қаржы, туризм мен цифрлық технологиялар салаларындағы әріптестікті күшейтуге келісті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Кипрді Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына белсенді қатысуға шақырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Президенттер мазмұнды келіссөз жүргізіп, ықпалдастықты күшейтудің тың бағыттары туралы әңгімелесті.
«Өзара сауда-саттық көлемін арттыруға ерекше назар аудардық. Тауар айналымын ұлғайту, инвестициялық қарым-қатынасты дамыту және іскер топтардың байланысын одан әрі нығайту қажет екенін атап өттік. Бұл – маңызды міндет. Мен Қазақстан-Кипр экономикалық ынтымақтастығының жол картасын әзірлеуді ұсындым. Сондай-ақ Үкіметаралық комиссия және Іскерлік кеңес құру жөніндегі бастамалар көтерілді. Бұл қадам бірлескен жобаларды іске асырып, өзара алыс-берісті арттыруға және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сонымен қатар біз логистика, қаржы, туризм, цифрлық технологиялар саласындағы өзара байланыстарымыздың келешегі зор деп санаймыз. Үкіметтерімізге осы бағыттар бойынша нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруге уағдаластық», деді Қазақстан Президенті.
Қазақстан мен Кипр арасында қандай құжаттарға қол қойылды?
Қасым-Жомарт Тоқаев кипрлық серіктестерді Транскаспий дәлізі жобасына атсалысуға шақырғанын жеткізді.
«Өздеріңіз жақсы білесіздер, Кипр әлемдік деңгейдегі теңіз хабы саналады. Орта дәліз аясында Қазақстанның құрлықтағы және Кипрдің теңіздегі инфрақұрылымын тиімді ұштастыруға мүмкіндік зор. Бұл қадам Орталық Азия аймағы, Каспий аймағы және Жерорта теңізі арасында жаңа көп салалы логистика жүйесін қалыптастыруға жол ашады. Сондай-ақ өзара алыс-берісімізді ұлғайтуға мүмкіндік береді», деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр Президентін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады