Жер үйді, моншаны бір батырма арқылы әп-сәтте жылыта салатын автоматты қазандықтар Қарағандыда өндіріледі. Заманауи пеші ішкі нарықты қамтып, тіпті шетелге де экспортталып жатқан «Горняк автоматты қазандықтары» кәсіпорны – өз саласында көшбасшы. Президент Жолдауда: «Өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беретін уақыт келді» деген еді. Аталған серіктестік өңір өнеркәсібінің өркендеуіне елеулі үлес қосып отыр.
Кәсіпорын басшысы Данил Березиннің айтуынша, бұл берекелі бизнесті әуелі әкесі Андрей Алексеевич бастап, кейін ұлына сеніп тапсырған. Данил Андреевичтің де компанияға басшылық еткеніне 10 жылдан асыпты.
Әкесі Андрей – тәжірибелі дәнекерлеуші. Содан өз үйіне автоматты түрде жылу тарататын тұрмыстық қазандықты жасап шығаруды ойластырыпты. Күні-түні пеш күзетіп, машақаттан құтылуды көздеген ол технологиясын біраз уақыт іздеген көрінеді. Сөйтіп, қызуы күшті пешті жасап шығарады. Мұны көрген тамыр-танысы, көрші-қолаңы Андрейдің алтын қолынан шыққан пешке қызығып, тапсырыс береді. Осылайша, автоматты жылыту пешінің аты шығып, қазір индустриалды алып компанияға айналады.
«Үйдің шойын пештері мен автоматты қазандықтар өндіріп, қазір тәжірибелі 180 маманды жұмыспен қамтып отырмыз. 2013 жылы кәсіпорнымызды заңдастырып, «Горняк» брендін қалыптастырдық. Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен де тапсырыс аламыз. Кәсіпорында қазандықтар мен су жылытқыштардан бастап, желдеткіштер мен автоматикаға дейін өндіріліп жатыр. Қатты отын, газ, электр қазандықтары, монша пештері мен сорғылардың сапа кепілі бар», дейді кәсіпорын басшысы.
Айтуынша, таяуда италиялық маманмен серіктестік орнатып, кәсіпорынға бірқатар жаңашылдық та енгізіпті. Жақында RBK банкі мен «Даму» қорының жан-жақты қолдауының арқасында дербес ғимаратқа көшіп барыпты.
Өнеркәсіптік робототехника саласындағы әлемге «Kuka» атауымен танымал неміс компаниясының дәнекерлеу роботтары қызметтерін мінсіз атқарады: темір тігісін жоғары дәлдікпен дәнекерлейді. Яғни өнім сапасы артады. Аталған неміс компаниясы автоматтандыру және робот жасау технологияларын дамытуда әлем бойынша жетекші саналады. Оның роботтары автомобиль, логистика, электроника, медицина, металл өңдеу және басқа да салаларда кеңінен қолданысқа ие. Компанияда кең ауқымды қызмет түрі бар. Жүйе жолға қойылған. Елдің түкпір-түкпірінде кәсіпорын филиалдары мен дүкендері жұмыс істейді. Қазір Қарағанды, Алматы, Астана, Көкшетау, Петропавл, Қостанай және Өскеменде орналасқан 13 дүкені тұтынушыларға жоғары қызмет түрін ұсынып отыр.
Кәсіпорын өз өнімдерінен бөлек, халықаралық деңгейдегі әйгілі брендтердің пеш жабдықтарын да ұсынады. Мысалға, «Ferrolli» мен «Immergas» (Италия), «Kospel» (Польша), «Металлик и Ко» (Ресей), «KG Elektronik» (Түркия), «Келет» (Алматы) сияқты әлемдік өндірушілердің жабдықтары компанияның өнім желісін толықтырып, тұтынушыларға ауқымды таңдау мүмкіндігін ұсынып отыр.
Кәсіпорында газ, көмір және электрлік жылыту қазандығын кез келген аймаққа тұраққа жеткізу қызметі бар. Сапа кепілдігі де қоса беріледі. Жылыту қазандықтары жеке үйлерді, саяжайларды, өндірістік және қоймалық ғимараттарды жылыту үшін сәтті қолданылады. Әрі мұндағы тәжірибелі мамандар жабдықты таңдауға кеңес беріп, оны жеткізіп, қажет десеңіз, орнату жұмыстарына қолғабыс етеді.
Қазіргі уақытта «Автоматты қазандықтар» өз өнімдерін «Must» бренді бойынша инверторлармен толықтырып отыр. Бұл инверторлар электр қуаты өшкен жағдайда айналым сорғысын тоқтатпай, қазандықтың қызып кетуіне жол бермей, жылу беруді қамтамасыз етеді. Осындай оңтайлы құрылғыны қоса ұсынатын компания әрдайым ізденіс үстінде. Өйткені қызметкерлерін жыл сайын арнайы оқу курстарына жібереді. Өндірістік тәжірибеден өтуге келген студенттерге де есігі ашық. Тіпті жұмыс-шаруаны жедел меңгеретін болса қатарларына қосуға да дайын.
Қарағанды облысы