• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Форум Бүгін, 08:55

«Taldau forum» – тұшымды пікірлер алаңы

80 рет
көрсетілді

Астанада Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен бірінші «Taldau forum: Analytics driving change» өтті. Іс-шара «Taldau community»-дің бес жылдығына орай ұйымдастырылды. Форум барысында «Why Nations prosper: Lessons for Central Asia» тақырыбына арналған панельдік сессия өтіп, оған Нобель сыйлығының лауреаты, Массачусетс технологиялық институтының профессоры, экономист Дарон Аджемоглу арнайы мейман ретінде қатысты.

Мәулен Әшімбаев форумға қатысушыларға ілтипат білдіріп, еліміздің күн тәртібіндегі және заң шығару қызметіндегі ма­ңызды мәселелерді бір­лесіп жүйелі талқылау, сон­дай-ақ ортақ ұсынымдар мен тал­дамалық құжаттар әзірлеу үшін зияткерлік орта қалып­тас­ты­рудың мәні зор екенін айтты. Палата спикері бес жыл ішін­де «Әділетті Қазақстан» тұжы­рымдамасын іске асыру жолында өздерінің тиімділігін дәлелдеген Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мен Талдау мектебінің жасампаз әрі біріктіруші рөліне де назар аударды.

«Taldau forum» сарапшыларды, белсенді кәсіби мамандарды біріктіретін «Taldau сommunity»-дің бес жылдығына орай өткізіліп отыр. Қазіргі таңда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен елімізде маңызды және кешенді реформалар табысты іске асырылып келеді. Біз теңгерімді және демократиялық саяси жүйе қалыптастырып жатырмыз. Нарықтық экономиканы дамытуға, саяси және қоғамдық институттарды нығайтуға да баса мән беріліп жатыр. Бүгінгі пікір­талас Қазақстанның зият­кер­­­лік және сараптамалық әлеуе­­тін арттыруға, еліміздегі рефор­малардың күн тәртібін тиімді іске асыруға өз үлесін қосады деп сенемін», деді М.Әшімбаев.

Отырыс барысында қатысу­шылар Қазақстанның дамуына қатысты мәселелерді талқылады және Нобель сыйлығының лауреаты, «Why Nations Fail», «Narrow Corridor», «Power and Progress» кітаптарының авторы Дарон Аджемоглумен перспективалық трендтер жөнінде пікір алмасты.

Профессор Аджемоглу өз сөзінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға беріп, саяси және эконо­ми­калық институттарды дамы­тудың, адам капиталын тұрақты инвестициялаудың маңызына ерекше тоқталды. Сондай-ақ ол экономиканы жаңғыртуға қатысты бірқатар идеясын ортаға салды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан дамудың маңызды кезеңінен өтіп жатыр. Еліміз алдында ауқымды мақсаттар мен міндеттер тұрған қазіргі таңда талдаудың және сараптамалық қолдаудың сапасы айрықша мәнге ие. Сапалы аналитика – елдің орнықты дамуына арналған тиімді шешімдер қабылдаудың негізі. Осыған байланысты бес жыл бұрын Сенат сарапшылар қауымдастығымен жүйелі байланыс орнатты. Басты мақсат – сарапшылардың жаңа буынын қалыптастыру және оларды заң шығару жұмыстарына тарту. Соның нәтижесінде бүгінде Сарапшылар клубы, «Талдау» мектебі, «Taldau talks» алаңы, «Taldau run» спорт қауымдастығы және серіктестеріміздің қаты­суымен өтетін оқыту семинарлары мен тренингтерден тұратын «Taldau» интеллектуалды экожүйесі қалыптасты деп айтуға толық негіз бар», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат спи­кері «Талдау» мектебінің бесін­ші легіне іріктеу бастал­ғанын жариялады. Сондай-ақ қауымдастықтың адалдық, ашықтық, үнемі өз беті­мен жұмыс істеу, жауапкер­шілік және қоғамдық игілікке қызмет ету сияқты құндылықтарға негіз­­дел­ген қағидаларын қабыл­дау­дың маңызды екенін тілге тиек етті. Сенат төрағасы өңірлерде «Taldau lectures» жобасын іске асыру және зерттеулер жүргізіп, жаңа идеялар қалыптастыратын алаң ретінде «Taldau lab» талда­малық зертханасын құру жөнінде де ұсыныстарын айтты.

Форум аясында елдің өркен­деуіне үлес қосу мақсаты­мен қоғамдастықты дамытуға бел­сенді атсалысқан сарапшы­ларға «Taldau аwards» арнайы сыйлығы салтанатты түрде тапсырылды.

Айта кетейік, «Taldau forum» алаңында сарапшылардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Онда Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген адам капиталын дамыту және еліміздегі цифрлық өзгерістерге қатысты мәселелер сөз болды.

Панельдік сессияға Парла­мент депутаттарымен қатар, отандық және шетелдік сарапшылар, ғалымдар, мемлекеттік органдардың, бизнес-құры­лым­дар­дың және азаматтық қоғам инс­ти­туттарының өкілдері қатысты.

Сонымен қатар бүгін форум аясында «Хабар» агенттігі Телевизиялық мамандықтар академиясының мамандары шешендік шеберлік және көпшілік алдында сөйлеу дағдысынан дәріс оқыды. Одан бөлек, «Meta» компаниясының өкілдері мен белгілі отандық медиа-тренерлер тартымды контент жасау, аудиториямен байланыс және әлеуметтік желілерде жұмыс істеудің тиімді медиа тетіктері туралы кеңес беріп, тәжірибелерімен бөлісті.