Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтіп, оның барысында депутаттар азаматтарды әлеуметтік қорғауға арналған заңдарды қарады.
Отырыста сенаторлар «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Талқылау кезінде айтылғандай, бұл заңды қабылдау еліміздің ең төменгі жалақыны айқындауға арналған қолданыстағы тәсілдерін халықаралық деңгейде бекіту және әлеуметтік диалогтің құқықтық базасын нығайту жолында айрықша маңызға ие.
«Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң еліміздің Халықаралық еңбек ұйымының мүшесі ретіндегі міндеттемелерін орындау мақсатымен әзірленген. Конвенция азаматтардың қажеттіліктерін және мемлекеттің экономикалық даму деңгейін ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу жүйесін енгізуді көздейді. Сондай-ақ ең төменгі жалақы мөлшерін уақыт өте қайта қарау рәсімі айқындалды. Мақұлданған заң азаматтарымызды әлеуметтік қорғау жүйесін одан әрі жетілдіруге өз септігін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Осылайша, келісімді ратификациялау еліміздің Халықаралық еңбек ұйымына мүше ретіндегі халықаралық міндеттемелерге бейіл екенін растайды әрі еңбекақының ең төменгі деңгейін белгілеу кезінде әлеуметтік әділет пен экономикалық негіздеме арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.
Сенат төрағасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін ең төменгі жалақыны адамның қажеттіліктеріне, оның өмір сүру стандарттарына сүйене отырып белгілеуге шақырды. Ол ведомствоның бірінші вице-министріне қарата министрлік қажет болған жағдайда азайту жағына қарай дербес түзете алатын құр макроэкономикалық көрсеткіштерден бас тартудың маңызды екенін атап өтті.
«Сіздер өз әдістеріңізге сүйеніп, орташа жалақы мен еңбек өнімділігіне басымдық беріп отырсыздар. Алайда бұл жерде концептуалды тәсілді өзгерту туралы сөз болып отыр. Коэффициенттердің көмегімен өздеріңіз түзете алатын макроэкономикалық көрсеткіштерге жүгіне бермей, адамның қажеттіліктеріне, оның өмір сүру стандарттарына ден қою керек. Ең төменгі жалақыны соның негізінде белгілеу қажет. Біз Конвенцияның мәнін осылай түсінеміз», деді М.Әшімбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаевқа.
Сонымен қатар Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасынан келген жұмыскерлерді Қатар Мемлекетінде жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Сенат төрағасы атап өткендей, заңды қабылдау нәтижесінде Қатар мемлекетіне жұмысқа баратын еліміздің азаматтарын құқықтық және әлеуметтік қорғау қамтамасыз етіледі.
«Қаралған келісім Қазақстан азаматтарының Қатар мемлекетінде жұмысқа орналасуы үшін құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді. Осы мақсатпен тараптар арасында туындайтын қатынастар жан-жақты реттеліп отыр. Атап айтқанда, Қатар мемлекетінде жұмыс істейтін жерлестеріміздің жол мен баспана шығындары шақырушы тарап есебінен өтеледі. Сондай-ақ еңбек демалысымен және медициналық қызметпен қамтамасыз ету жұмыс берушіге жүктелді. Алдағы уақытта бұл заң Қатар мемлекетінде жұмыс істейтін азаматтарымыздың құқықтарын толық қорғауды қамтамасыз етуге өз үлесін қосады деп сенеміз», деді спикер.
Келісімге Қазақстан азаматтарын іріктеу, жұмысқа қабылдау және орналастыру кезінде олардың құқықтарын айқындау рәсімдерін белгілеумен қатар қосымша ретінде Қатар мемлекетінде Қазақстан Республикасынан жұмыскерлерді жалдау туралы үлгілік еңбек шарты бекітіледі. Бұл құжатта жұмыс берушінің Қатар мемлекетінің заңнамасына сәйкес тұрғын үй беру немесе тұруға жәрдемақы төлеу, жұмыс орнына дейін және кері қарай тегін көлікпен қамту не көлік жәрдемақысын төлеу, медициналық қызмет көрсету және жыл сайынғы демалысты қоса алғанда, жұмыскерлерді жұмыспен қамту жөніндегі міндеттері жазылады. Бұл ретте Қатардың жұмыс берушісі үлгілік еңбек шартына қандай да бір өзгерістер енгізуге құқылы емес екенін айта кеткен жөн.