Сәуір айында басталған «Қазақстан әуесқой лигасы» мәресіне жетті, деп жазады Egemen.kz.
Көктемде жалауы желбіреген әуесқойлар лигасына әр өңірдегі іріктеуде 277 команда додаға түссе, солардың арасынан үздік шыққан 20 үздік команда финалдық кезеңде тартысты жалғастырды. Жалпы лиганың ойындарына 6500-ден астам әуесқой ойыншы қатысты.
Талдықорған қаласында чемпиондық атақ үшін өткен сайыс аса тартысты өрбіді. Оралдық JelaevNAN және алматылық BKS командасының ойыншылары финалда барын салып ойнады. Матч 2:2 есебімен аяқталып, пенальти сериясында BKS командасы жеңіске жетіп, Қазақстан әуесқой лигасының алғашқы чемпионы атанды.
Қазақстан әуесқой лигасының ережесіне сәйкес, жеңіске жеткен командаға кәсіби футболға шығуға жол ашылады. Енді олар УЕФА-ның Аймақтар кубогында ел сенімін арқалап, додаға қосылады. Одан бөлек финалға шыққан бұл екі команда енді 2026 жылғы Қазақстан Кубогы мен Екінші лигаға қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Алты айға созылған сайыста әділ ойын көрсеткені үшін арнайы «Адал» жүлдесі Қарағанды облысынан келген «Абай» командасына берілді. Турнирде арнайы номинация бойынша бірнеше футболшылар марапатталды. Атап айтқанда:
«Үздік сұрмерген»: Еламан Қалдыбек («НДФЗ», Тараз)
«Алтын бала» (үздік жас ойыншы): Дәулет Досанов («Найза», Ақмола облысы)
«Үздік қақпашы»: Роман Багаутдинов (JelaevNAN, Орал)
«Үздік қорғаушы»: Александр Кислицын (RB Arman, Павлодар)
«Үздік жартылай қорғаушы»: Айдын Металлов (Barqy, Семей)
«Үздік шабуылшы»: Роман Павинич (BKS, Алматы)
«Үздік басшы»: Кенжалы Айдаров («НДФЗ», Тараз)
«Шебер» (Тәжірибелі үздік ойыншы): Дастан Айманов (Barqy, Семей)
Турнирдің ең үздік ойыншысы: Әли Сауранбаев (BKS, Алматы)
Финалдың MVP-сі: Ықылас Махамбетов (JelaevNAN, Орал)
Нұрсұлтан Әлібеков (Павлодар), Илашбек Орынбаев (Шымкент), Виктор Стасенко (Талдықорған) бастаған қазылар «Үздік төреші» деп танылды.