• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мәдениет Кеше

Ұлытауда «Қазақтың Қайраты» атты салтанатты кеш өтті

90 рет
көрсетілді

Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданының Мәдени-сауық орталығында ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Еңбек Ері Қайрат Байбосыновтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Қазақтың Қайраты» атты салтанатты кеш өтті, деп жазады Egemen.kz.

Қазақтың ұлттық өнеріне өлшеусіз сіңірген еңбегі үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері»  атағын алған әнші азаматын Жаңаарқа жұрты құшақ жайып қарсы алды. Жаңаарқадан «Бала Біржан» деген атақпен аттанып, алпыс жылға жуық Арқа әндерін ғана емес, қазақтың халық әндерін, қазақ композиторларының әндерін халыққа насихаттап, ұлттық ән өнерінде тұңғыш «Қазақстанның Еңбек Ері»  атағын иеленген дара тұлға туған жерінің төрінен орын алды. 

Қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай,  Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Қазақ КСР және Қазақстанның денсаулық сақтау саласының үздігі Әбілхәкім Ақмырзин, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов, Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов, ҚР Құрметті спорт қызметкері, меценат Қанат Ахметов сияқты ел алдында жүрген азаматтар ізгі ниетін жеткізді.

Қайрат Әукенұлы қазақтың әнін әлемге паш еткен күміс көмей  әнші ғана емес, қазақ дәстүрлі ән өнерін кеңінен насихаттаушы, зерттеуші, ұстаз. Ән өнерінде көптеген әннің  айтылуын, өзінің бастапқы мақамын өзгертпей жаңа тұрғыда айту үшін тер төккен. Ұстазын алқалап, қолдап, қолпаштаған Ғалым Мұхамедин, Серік Оспанов, Еркін Шүкіман, Айгүл Қосанова, Ардақ Исатаева,  Жақсылық Кемалов, Сержан Мұсайынов, Айтбек Нығызбаев, Ержан Базарбеков, Сырым Мұхамеджанов сияқты өнерде өз орындары бар шәкірттері Арқаны әнге бөледі.

Жаңаарқа жұртшылығының ардақты әншіге деген құрметі мен ықыласы шексіз.  Мерейтой иесі Қайрат Байбосыновқа өнері мен халқына сіңірген еңбегінің құрметіндей Жаңаарқа ауданы атынан автокөлік кілтін табыстады.