• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өнер Бүгін, 15:41

Н.Тілендиевтің 100 жылдығына орай дирижерлар байқауы өтті

30 рет
көрсетілді

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының Үлкен залында даңқты композитор, күйші, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған Республикалық дирижерлер конкурсының Гала-концерті өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен екі күндік өнер бәсекесінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген 23 үміткер бақ сынап, олардың арасынан сегіз финалист екінші кезеңге өткен болатын.

Гала-концерт шымылдығы Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестрінің орындауындағы «Менің бабам Қарасай» күйімен ашылды. Конкурс барысында қазылар алқасының талқылауынан кейін ерекше оқиға орын алған болатын. Жоғары бағаға ие болған кәсіби дирижерлар Мәди Өмірзақов пен Қуаныш Исмаилов ізгілік танытып, іні-қарындастарына жол берді. Бұл қадамға риза болған қазылар алқасының мүшелері Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы Симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі,  «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының дирижері, Қазақстанның халық әртісі Абзал Мухитдинов пен Қызылорда облыстық симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Балтабайұлы Әмзе қос дирижерға Астана қаласы әкімдігінің Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының Симфониялық және Қазақ оркестрлерімен бірлесіп жеке концерт өткізуге арнайы жолдама ұсынды.

Марапаттау рәсімі одан әрі жалғасып,  Аршат Шәріп, Дәуренбек Сүйіндік үздік өнерлері үшін арнайы дипломдармен және 200 000 теңге сертификаттармен марапатталса, астаналық Дина Ардақ «Н. Тілендиевтің шығармаларын үздік орындағаны үшін» номинациясын жеңіп алды. Қазылар алқасының мүшелері Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы Қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің кавалері, профессор Айтқали Жайымов пен бауырлас Қырғыз елінен келген Бішкек қаласы әкімдігі мәдениет басқармасының халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, Қырғызстан Республикасының халық әртісі Бакытбек Тилегенов ІІІ орын иегерлері Қабыл Арнат, Ғабитов Дәулет және Рақышев Абайды 400 000 теңгенің сертификаты және арнайы дипломмен марапаттады. Ал қазылар алқасының төрағасы Н. Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы- этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің кавалері Дінзухра Тілендиева ІІ орын тұғырынан көрінген Әли Сапарбекті 600 000 теңге сертификат және арнайы дипломмен марапаттады. Конкурстың ең басты жүлдесі Нұрғали Әшімханға бұйырып, оған   І орын дипломын және 1 000 000 теңге сертификатты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов салтанатты түрде табыстады. Ерекше айта кететін жайт, конкурсқа қатысқан барлық үміткерлер Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Алғыс хатымен марапатталды.  

Гала-концертте жеңімпаздар мен лауреаттар өз өнерлерін көрсетіп,  жеңімпаз атанған Нұрғали Әшімхан Н.Тілендиевтің «Алтын дән» шығармасына дирижерлық етті. Кеш соңында оркестрдің көркемдік жетекшісі Дінзухра Тілендиева Н.Тілендиевтің «Махамбет» күйіне дирижерлық етіп, финалда әйгілі «Құстар әнін» бүкіл зал бірге шырқап, ұлы композитордың рухына құрмет көрсетілді. Концерт соңында өнерпаздарға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ықылас гүлі табысталды.