• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ғылым 13 Қыркүйек, 2025

Рухани кеңістіктегі ғылыми көпір

20 рет
көрсетілді

Стамбул қаласында Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығында (IRCICA) профессор Девин ДиУистің «Қазақстан мен Орталық Азиядағы Ислам және Йасауийаның мәдени тарихы» атты еңбегінің қазақ тіліндегі нұсқасының тұсаукесері өтті. Бұл іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасын кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру бағытындағы маңызды мәдени бастамалардың бірі болып табылады. Тұсаукесер Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылыми-мәдени ынтымақтастықтың жаңа белесі әрі Ясауи ілімін халықаралық деңгейде танытудың іргелі қадамы саналады.

IRCICA ұйымының қолдауымен және «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми серіктестігімен жарық көрген «Қазақстан мен Орталық Азиядағы ислам және Йасауийаның мәдени тарихы» атты кітап отандық ғылымдағы елеулі жаңалықтардың бірі болды. Бұл жинақ  әлемдік исламтану мен түркітану ғылымында беделі жоғары америкалық ғалым, профессор Девин ДиУистің соңғы қырық жыл бойы жүргізген зерттеулерінің жиынтығы. Еңбектің қазақ тіліне аударылып, ұлттық ғылыми айналымға енуі  Қазақстанның рухани кеңістігі үшін үлкен жетістік.

Профессор Девин ДиУис исламның Орталық Азияда таралуы мен мәдени ықпалын, сондай-ақ Ясауи сопылық мектебінің тарихи рөлін терең зерттеген ғалымдардың бірі. Ол шағатай, түрік, араб және парсы тілдеріндегі түпнұсқа деректерге сүйене отырып, сопылық ілімнің аймақтық ерекшеліктерін, рухани орталықтардың қалыптасуын және түркі дүниетанымының эволюциясын кешенді түрде талдайды. Ғалым әрбір тарихи құбылысты тек діни тұрғыда емес, әлеуметтік, мәдени және философиялық қырларымен сараптайды. Оның пайымдауынша, Қожа Ахмет Ясауи ілімі – ислам өркениетінің Орталық Азияда бейімделуін түсінудің басты кілті. Ясауийа дәстүрі арқылы түркі халықтары өз мәдени болмысын, рухани бірлігін сақтап қалды. Бұл тұжырымдар қазіргі қазақ ғылымындағы Ясауитану бағытымен үндес. «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы Ясауитану ғылыми орталығының бастамалары аясында жарық көрген бұл кітап ұлттық ғылыми мектеп пен халықаралық тәжірибенің өзара байланысын нақты мысалмен көрсетеді.

Бұл еңбектің қазақ тілінде жарық көруі профессор Әшірбек Муминовтың ғылыми үйлестіруімен жүзеге асты. Белгілі шығыстанушы, IRCICA ұйымының кеңесшісі ретінде ол жинақтың мазмұнын жүйелеп, материалдарды біртұтас ғылыми концепцияға біріктірді. Ғалым Девин ДиУис мақалаларының өзектілігін сақтай отырып, олардың қазақ ғылымы үшін маңызын айқындап берді. Сонымен қатар, ағылшын тілінен қазақ тіліне аударған Камила Муминованың еңбегі ерекше аталады. Ол күрделі ғылыми мәтіндерді қазақ тілінің ғылыми нормаларына сай, дәл және түсінікті тілмен жеткізе алған.

Жинақтағы мақалалар ислам өркениетінің аймақтағы мәдени бейімделуін, сопылық мектептердің қалыптасуын және Түркістанның рухани орталық ретіндегі феноменін нақты мысалдармен ашады. ДиУис Ясауи ілімін теологиялық тұрғыда ғана емес, өркениеттік феномен ретінде қарастырып, оны халықтың рухани жаңғыруының өзегі ретінде сипаттайды. Ғалымның еңбектері қазіргі қазақ ғылымында қалыптасып келе жатқан Ясауитану бағытымен терең үндес.

Кітаптың тағы бір ерекшелігі – онда профессордың Түркістан қаласына жасаған алғашқы сапарларынан қалған әсерлері мен зерттеу жазбалары қамтылған. Бұл естелік сипаттағы деректер ғалымның Орталық Азияға деген құрметін, рухани әлемге адалдығын көрсетеді. Оның еңбектері арқылы қазақ оқырманы Түркістанның ислам өркениетіндегі орнын, Ясауи дәстүрінің мәдени және әлеуметтік маңызын әлемдік ғылыми тұрғыдан бағамдай алады.

«Қазақстан мен Орталық Азиядағы ислам және Йасауийаның мәдени тарихы» атты жинақ — тек аударылған еңбектер жиынтығы емес, ол рухани және ғылыми дәстүрлер арасындағы көпір. IRCICA ұйымы мен «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының серіктестігі нәтижесінде жарық көрген бұл басылым ұлттық ғылымның халықаралық деңгейде танылуына жол ашады.

Профессор Девин ДиУистің бұл еңбегі – түркі әлемінің рухани тарихы мен Ислам өркениетінің өзара ықпалдастығын ғылыми тұрғыда саралаған, Ясауи дәстүрінің мәдени тамырларын ашатын құнды зерттеу. Кітаптың қазақ тілінде жарық көруі – ұлттық ғылым мен мәдениет үшін маңызды оқиға. Мұндай халықаралық ынтымақтастық нәтижесінде қазақ ғалымдары әлемдік ғылыми қауымдастықпен тығыз байланыс орнатып, Ясауи мұрасын жаңа ғылыми парадигмада зерделеуге мол мүмкіндік алады.

Әлия БІЛДЕБЕКОВА, Әзірет-Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы Ясауитану орталығының аға ғылыми қызметкері

 Түркістан қаласы