Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында Білім салалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселесі талқыланды. Жиынға Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев, қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Ысқақов, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев, жекеменшік мектептердің жетекшілері, кәсіпкерлер, «Қаржы орталығы» АҚ өкілдері қатысты.
Кәсіпкерлер құқығын қорғау ұйымы басшысының орынбасары М.Өткелбаев жекеменшік мектеп басшыларының ұсынысымен қаржыландыру мәселесін талқылау мақсатында палатаға арнайы жиналғанын атап өтті. Қаржыландыру білім беру саласындағы өзекті мәселенің бірі, сол тұрғыда тиісті мекеме өкілдерінің қатысуымен болған жиында ол өз шешімін табатынына үмітті екенін жеткізді.
«Жақында қаладағы жекеменшік мектеп басшылары кәсіпкерлер палатасына қаржыландыру мәселесі жөнінде өтініш айтып келді. Білім беру ұйымының жетекшілері туындаған мәселелерді ортаға салып, бірлесіп шешу жөнінде ұсыныс білдірді. Бүгінгі отырыста осы саладағы өзекті жайттарды талқылап, ортақ шешім қабылдауға тырысамыз. Өйткені білім – қоғамдық дамудың басты тетігі. Білім болмаса адамзаттың алға жылжуы қиындайды. Бүгінде қол жеткізген бүкіл жетістік осы білімнің, ізденістің арқасында келіп отыр. Елдің көсегесін көгертетін білімді ұрпақ. Мемлекет оқушылар мен ұстаздарға бар жағдайды жасап жатыр. Сондықтан бұл салада шешімін таппаған ешқандай мәселе қалмауға тиіс», деді М.Өткелбаев.
Өз кезегінде Білім беру салалық кеңесінің төрағасы Диана Караманова жиынға себеп болған өзекті жайтқа тоқталды. Маман өз сөзінде «Қаржы орталығынан» келген хаттамалық шешімде жекеменшік мектептерді қаржыландыру тек жобалық қуаттылық шегінде жүргізілетінін, яғни әуел баста көрсетілген бала сыйымдылығына сәйкес ақша бөлінетінін мәлімдеді. Сондай-ақ қосымша қаражат егер жекеменшік мектепте бала саны сыйымдылықтан 10-15% көлемде асқан жағдайда ғана қарастырылатынын айтты. Мамандардың мәлімдеуінше, бұрынғы кезде жекеменшік мектепте нақты бала санына қарай қаржы бөлінетін. Құжатта белгіленген сыйымдылық есепке алына бермейтін. Ендігі жерде қаражат тек жекеменшік мектептің құрылыс жобасында көрсетілген орын санына қарай төленетін болды. Дегенмен сыйымдылықтан 10-15% асып кетіп жатса да қаражат қарала береді. Нақты орын санынан оқушылар тым асып кеткен жағдайда қосымша қаржы қарастырылмайды.
«Шұғыл жиналуымыздың себебі – бізге «Қаржы орталығы» АҚ-тан хаттамалық шешім келіп түсті. Онда жекеменшік мектептерді қаржыландыру сол білім ұйымдарының жобалық қуаттылығы аясында болатыны айтылған. Сонымен бірге 10-15% көлемінде бала саны асса қосымша қаржы қарастырылады делінген. Бұл шешім оқу жылы басталып қойған соң қабылданып отыр. Қазірде жекеменшік мектептерге оқушылар толық орналасып үлгерді. Тиісті келісімшарттар түзіліп, сабақ үдерісі талапқа сай жүріп жатыр. Барлық оқушылар туралы ақпарат Ұлттық білім беру деректер қорына енгізілген. Бүгінде Шымкенттегі жекеменшік мектептерде жобалық қуаттылығынан тыс 6 937 оқушы білім алып жатыр. Бұл жағдай мемлекеттік мектептердегі оқушылар санының көптігіне байланысты қалыптасқан. Осылайша, жекеменшік мектептер мемлекеттік білім ұйымдарындағы үш ауысым проблемасын шешуге өз үлесін қосты деп сенімді түрде айтуға болады. Бүгінге дейін барлық оқушыға мемлекет тарапынан қажетті қаржы аударылып келді. Егер балаларға қаралған қаржы төленбесе, жекеменшік мектептердегі мұғалімдер жалақы ала алмас еді. Тіпті жекеменшік құрылымдағы сол білім ұйымдарының жұмысы тұралап қалған болар еді», деді Д.Қараманова.
Жиынға онлайн қатысқан «Қаржы орталығы» АҚ департаментінің директоры Айнұр Қадесова жүйедегі оператор қызметін атқаратын орталық тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ маман өз сөзінде мұндай өзекті мәселе білім беру саласындағы орталық мемлекеттік орган мен министрліктер тарапынан шешілетінін жеткізді. Яғни жекеменшік мектептегі орын санынан артық қабылданған оқушыларға қосымша қаржы бөлу мәселесі жергілікті атқарушы биліктің құзырына кірмейтінін, онымен айналысу тиісті министрліктің міндетіндегі шаруа екенін тілге тиек етті. Дегенмен маман аталған жағдай ескерусіз қалмайтынын мәлімдеді. Жекеменшік білім ұялары басшыларының өтініші тиісті органда қаралып, баршасына ортақ тиімді шешім қабылданатынына сенім білдірді.
Өз кезегінде Шымкент қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев биылға қаралған қаржы қаладағы мектептердің меншік нысанына қарамастан, оқушылардың барлығын білім беру үдерісін қамтамасыз етуге жеткілікті екенін атап өтті.
Жиында оқушылардың ыстық тамағына бөлінетін қаржы мәселесі де талқыға түсті. Айта кету керек, мегаполистің білім ұяларында оқушылардың әлеуметтік жағдайына қарамастан, бастауыш сыныпта оқитын барлық бала бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Бұл білім беру саласындағы әлеуметтік мәселенің шешім тапқанын көрсетеді. Сонымен қатар бала денсаулығына жасалған қамқорлық. Өйткені ыстық тамақ ішкен бала қарны ашып дүкенге қарай жүгірмейді. Ондай жерден баланың қандай заттар сатып алатыны белгілі. Қытырлақ пен қуырылған немесе картоп фаст-фуд оқушылардың бүгінде сүйіп жейтін тамағына айналған. Ондай тағамдардың бала денсаулығына зиян екенін диетолог дәрігерлер үнемі айтып, дабыл қағып келеді. Әсіресе жас ағзасы әлі ауыр тамаққа қалыптасып үлгермеген балаларға бір мезгіл ыстық тамақ денсаулықты күшейтуге үлкен сеп. Сондай-ақ тұрмыстық жағдайына қарамай оқушылардың барлығы бірдей тамақтануы балалар арасында әлеуметтік теңдік тудырып, олардың бойында адалдық пен әділдік қасиеттерін қалыптастырады дейді мамандар. Одан бөлек, тегін ыстық тамақ оқушылар ата-анасының отбасылық бюджетті үнемдеуіне бірден-бір көмек. Бүгінде балалардың күнделікті мектепте жұмсайтын қаражатының өзі ата-аналарға оңай соқпайтыны белгілі. Баланың шығыны күнделікті біліне қоймағанымен, жинақтап есептегенде әжептәуір қаражат болып шығады. Мектептегі тегін ыстық тамақ сол отбасы шығынының бір бөлігін жауып отыр. Осы орайда жергілікті әкімдік үлкен жұмыстар атқарып келеді. Соның ішінде қаланың атқарушы билігі үлгі боларлық іс тындырып жүр. Ең тиімді инвестиция – баланың болашағына салынған инвестиция.
«Жекеменшік мектептердегі оқушыларға ыстық тамаққа бөлінетін қаржы бұған дейін білім ұйымдарына аударылған болса, қазірде қаржы оқушылардың заңды өкілінің яғни ата-анасының немесе қамқоршысының жеке шотына тікелей түсіп жатыр. Мемлекеттік мектептерде биылдан бастап асханаларға арналған ақпараттық-бағдарлама кешендері іске қосылды. Аталған жүйемен оқушылар нақты тамақтанған кезде ғана бағдарламаның статистикасына ілініп, қаржы сол мәліметке сәйкес аударылады. Айталық, «Alaqan Mektep» деп аталатын осынау бағдарламаны қолданудың нәтижесінде 1 айда 200 млн теңгеден астам қаржы үнемделді. Сондықтан жекеменшік мектептерде де осы жүйені қолдануды ұсынамын. Бүгінде елімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы іске асып жатыр. Адалдық кез келген салада болуға тиіс. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың салдарынан мемлекет материалдық зиян шегеді. Қаржыны босқа шашудан елдің қазынасы азаяды. Осындай келеңсіздіктерге жол берудің басты себебі – әділдік пен адалдық дағдыларын ұстанбау. Сондықтан қаржыны нақты тамақтанған бала санына қарай аудару әділеттілік тұжырымдамасына сай келетін нағыз адал ұстаным. Мемлекет басшысы айтқандай, әр салада үнемшілдікке ден қойсақ еліміз гүлденіп, дами түседі», деді қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қ.Ысқақов.
Кеңес отырысының қорытындысы бойынша хаттама түзіліп, оны тиісті мемлекеттік органдарға жіберу туралы шешім қабылданды.