• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мирас Бүгін, 08:13

«Хикметтер» аудармашысы ұмытылмаса игі

20 рет
көрсетілді

2007 жылы магистратураны аяқтап, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығына кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа орналастым. Кітапханада біраз әдебиетпен, арасында музей экспозициясымен жете таныстым. Бір күні музей-қорықты аралап жүріп, Қылует жерасты мешіті музейінің экспозициясында тұрған «Диуани хикмет» кітабына дайындалған құжаттарды көзім шалды.

Кітапшаның мұқа­ба­сына қызыл жазумен «Хикмат», көк түсті жазумен «түркі тілінен қазақ тіліне аударған музейдің ғылыми қызметкері Хамит Зейнелұлы Имажанов», деген жазуды оқы­дым. Шыны керек, ойыма бірден Нұрлан сыныптасымның атасы Ха­мит ақсақал түсті. Бума құжат­тарды алып, парақтап көр­дім. Мұқабасының ішкі жағына ҒКҚ 1475 нөмірі жазылып, тізімге алыныпты. Келесі бетінің жоғары жағында «Қожа Ахмет Ясауи музейінің қызметкерлеріне арналған», ортаңғы жағына «түркі тілінен қазақ тіліне аударған музейдің ғылыми қызметкері Хамит Зейнелұлы Имажанов», соңғы жағына «Түркістан қаласы, 1985 жылы» деп жазылыпты. 1-хикметтен басталып, 138-хикметпен аяқталған. Соңғы екі бетінде түсіндірме сөздіктер де қамтылған екен. 

Музейде ұзақ жыл қызмет ат­қарған директордың орынбасары Қыдырбай Арыстанбеков: «Хамит ақсақал музейде 4–5 жылдай ғылыми қызметкер болып аға ғылыми қызметкер Марат Тұяқбаевтармен бір бөлмеде жұмыс істеді», деді. Оған қоса қордағы шағатай, араб, парсы тілдерінде жазылған кітаптарды қазақ тіліне аударғанын жеткізді. Мен Хамит ақсақалдың немересі Нұрланмен бір сыныпта оқыға­нымды, ақсақалдың үйінде талай мәрте болғанымды, батасын алға­нымызды жеткіздім.

2020 жылы «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қорында Қожа Ахмет Ясауидің 1845 жылы көшірілген қолжазба «Диуани хикмет» кітабын шағатай тілінен қазақ тіліне аудару жұмысын қолға алған болатынбыз. Нәтиже­сінде, 2021 жылы  Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» кітабы академиялық жинақ ретінде жарыққа шығып, ғылыми ай­на­лымға енгізілді. Әрдайым көкейімде «Қылует жерасты меші­тінің экспозициясында тұрған қызыл жазумен «Хикмат», көк түсті жазумен «түркі тілінен қазақ тіліне аударған музейдің ғылыми қызметкері Хамит Зейнелұлы Имажанов» аударған кітап неге жарыққа шықпады?» деген сауал тұрды. Бұл мақаланы жазуымның мақсаты да осы сұрақтардан туын­дады. 

Хамит Имажанов хақында филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Кәкішевтің «Зиялылардың үлгісі немесе Жамбылдың алғашқы хатшысы кім?» тақырыбымен 1989 жылы 10 ақпанда «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласының шоқтығы өте биік. «Түркістанға барған бір сапарымда Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін тағы да аралап көру және көп­жылғы мұғалім, зейнеткерлікке шыққаннан кейін музейдің ғылыми қызметкері болған Хамит Зейнелұлы Имажанов ақсақалға соға кетуді қажет деп таптым.

Ол кісімен танысуымның тарихы бар. 1982 жылы «Жұлдыз»  журналы­ның 10-санында «Сан­далт­қан Садақ» атты дерек­ті хикаям жарияланды. Сон­да 1915–1918 жылдары Б.Май­лин, Ж.Тілепбергенов, башқұрт кеңес әдебиетінің негізін қалау­шылардың бірі, қазір 95 жастағы ғұлама жазушы С.Құдашпен «Ғалия» медресесінде бір класта оқыған, ұзақ жыл халық ағарту саласындағы адал еңбегі үшін 1949 жылы Ленин орденімен наградталған, 1950 жылы 12 июньде «Қазақ КСР мектебінің еңбек сіңірген мұғалімі» атағы берілген Зейнел-Ғабиден Имажанов жа­йында жылы сөздер мен ықыласты ойлар айтылған еді. Соны оқыған үлкен келіні, халық ағарту ісінің озаты, қырық жылдай бастауыш мектепте мұғалім болған Зәпен Имажановадан алғыс жаудырған хат алғаннан кейін көп кешікпей телефон шылдыр ете қалды.

– Қарағым Тұрсынбек, мен Зейнел Имажановтың үлкен ұлы едім. Сенімен кездесуді қажет деп тұрмын, – деді. Сол күні, яғни 1984 жылғы 10 желтоқсанда үйде кездестік. 1909 жылы туса да, қимылы да сөзі де ширақ Хамит ағай әке жолын қуыпты. 1942 жылы әскер қатарына алынып, Сталинградтан Дрезден арқылы Прагаға дейін барған, 1944 жылы КОКП мүшелігіне алынған офицерді Қытайдың Шыңжаң өлкесіне жіберіп, майданға қарсы көтеріліс жасаған қазақ, ұйғыр, қырғыз туғандарына жәрдем қолын созғандығын, 1946 жылдан 1974 жылға дейін Түркістан қаласындағы Әл-Фара­би атындағы мектепте физика, математикадан сабақ берумен қатар, директор болғандығын да қысқа қайырды.

«Рахмет, ағайын-туыстардың бәрі «Сандалтқан Садақты» оқып, мың да алғыс айтып жатыр. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін жаңа өнер тауып алғанмын. Ясауи музейінде ғылыми қызмет­кер­мін, көбіне аудармамен шұғылданамын. «Арабша білесіз бе?» Ептеп, әкеден үйренгенім бар, өзімше талпынғаным бар. Соны ілдебайлап, пайдаға асы­рып жүрмін», деп үлкен порт­феліне еңкейе берді. «Біз ағарту­шылармыз ғой қағаз кемірген», деп ақ қағазбен тысталған төрт папканы қолына алды. Мұның екі данасы музейде, бір данасын Қазақ КСР Ғылым академиясы­ның М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба бөліміне тапсырдым. Ал мына данасын саған сыйламақпын. «Қожа Ахмет Ясауи. Түркістан. 1983 жыл» деген папканы парақтай бастадым. Аудармашы Хамит Имажанов «Хикметтің» ең қажетті тараулары мен беттерінен кем дегенде үш мың жолдай өлең жолдарын аударып, оның соңына қазіргі үгітшілерге айрықша қажетті үзінділерді 14 бетке іріктеп бөлек бастырыпты. Екінші папкада Қожа Ахмет Ясауидің өмірбаянын 19 бет етіп жазып, «Хикметтің» таралу тарихын сөз етеді. Ал үшінші папкада 1907 жылы Қазанда басылған «Шариат әл имани» кітабын қазақшаға аударып, төртіншісінде ауыл арасында арамза молда болып жүргендерді әшкерелеу үшін Қазан тәпсірі мен Нұманидің татар тіліндегі сүрелерінің тәржімаларына сүйеніп, қазақша түсіндірме беріпті. Осы қолжазбалар әшейін­дегі бос сөз емес, ғылым үшін айрықша мәнді дүниелер екені даусыз. Хамит ағай төтесінен бір-ақ тартты. «Мынау әкейден қалған дәптер. Осының ішінде сізге бір қызықты дерек кездесейін деп тұр. Мұны әлі ешкім жазған жоқ, білмейді», деп көкшіл түсті дәптерді ұсынды. Сыртына «Менің қысқаша өмірбаяным. Имажанов Зейнел, 1974 жыл», деп жазған қолтаңбасы ескі танысымдай жылы ұшырап қоя берді», деп жазды ғалым Т.Кәкішев.  Оған қоса жергілікті «Түркістан» газетінің 31 қазан, 2009 жылғы №49 санында сол кездегі му­зей-қорықтың Археология және та­рихи ескерткіштерді қор­ғау бө­лімінің жетекшісі, тарих ғылым­дарының кандидаты М.Тұяқ­баевтың «Хамит ата ұстазымыз еді» мақаласында: «Хамит ата ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басында Уфа, Қазан, Ташкент баспаханаларынан шыққан Қожа Ахмет Ясауидің «Хикметтерін» тұңғыш рет қазақ тіліне аударған адам, бұл жұмысты ол кісі 1984–1988 жылдар аралығында атқарып, 149 хикметтен тұратын қолжазбасын Қазақстан Ғылым академиясына өткізгені бізде құжатталған», деп жазды.

1991 жылдан бастап Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» кітаптары әртүрлі ғалым­дардың аудармасымен жарыққа шықты. Өкінішке қарай, Хамит Имажановтың 1985 жылы аудар­ған «Диуани хикмет» ең­бегі кітап болып жарық көр­меді. Осы мәселе бойынша Ха­мит Имажановпен бірге қыз­меттес болған археолог-ғалым, тарих ғылымдарының кан­ди­даты М.Тұяқбаевпен сұхбат­тасқанымызда, былайша үн қатты. «Хамит Имажа­новтың аудармасын жарыққа шығаруға кеңес өкіметі кезеңін­де мүмкіндік болмады. Ол кезде «Диуани хикметті» баспаға жібермейді. Атеистік кезең ғой. Басыңмен жауап бересің», деп түсіндірді. Хамит Имажановтың Қазақ КСР Ғылым ака­де­мия­сы­ның М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қол­­жаз­­ба бөліміне тапсырған аудар­ма­лары да жарыққа шықпаған көрінеді.

Кеңес кезеңінде басын бәйгеге тіккен ғалым Хамит Имажановтың «Диуани хикмет» аударма кітабын жарыққа шығарып, таныту керек деп білеміз.

 

Берік БАЙБОЛ,

Журналистер одағының мүшесі

 

Түркістан