• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Сараптама Бүгін, 08:28

Стейблкоинді қарапайым халық қалай қолданады?

30 рет
көрсетілді

«Wise Invest Consulting» крипто компаниясының басшысы Темірлан Нұрахимовтың жауабы:

– Қазір криптовалюта ұғымы кеңінен тарады. Бірақ оның ішінде «стейбл­коин» деген түрі бар екенін бірен-сараны ғана біледі. Білсе де, түсіне қоймайды. Бұл да криптовалюта, бірақ бір маңызды айырмашылығы бар. Ол айырмашылық – баға тұрақтылығында.

Мысалы, биткоин сияқты танымал крип­товалютаның бағасы күн сайын өз­гереді. Бір күні өссе, келесі күні түсіп кетеді. Ал стейблкоиннің бағасы өзгермейді, себебі ол нақты ақшаға байланған. Яғни 1 стейблкоин әрқашан 1 доллар немесе 1 теңгеге тең болып қалады. Бұл тұрақ­тылық адамдарға сенімділік береді. Стейбл­­коиннің артында нақты ақша немесе құнды актив тұрады. Бос цифр емес. Әлемдегі ең танымал стейблкоиндердің бірі – «USDT» немесе «Tether» деп аталады. Бұл монетаны шығаратын компания әрбір шығарылған монетаға қарсы нақты доллар мен бағалы қағаздарды резервте ұстайды.

Тағы бір мысал – «USDC» немесе «USD Coin». Бұл – АҚШ-та шығарылған жоба. Онда да әрбір монетаға нақты банктегі доллар теңестірілген. Бұдан бөлек, компания ай сайын аудит жасап, қоғамға ашық түрде есеп береді. Осылайша, адамдар цифрлық ақшаның шын мәнінде долларға байланғанына көз жеткізіп отырады. Кейінгі уақытта елімізде де өзіміздің ұлттық стейблкоин пайда болды. Оның атауы – «EVO». Теңгеге байланған. Яғни 1 «EVO» әрдайым 1 теңгеге тең. Бұл жобаны «Intebix» криптобиржасы мен «Еуразиялық банк» бірлесіп атқарады. «EVO» қазір «моделі құмсалғыш» деп аталатын арнайы сынақ алаңында тексеріліп жатыр.

Енді қарапайым адамдар үшін мұндай цифрлық ақшаның қандай пайдасы бар екенін түсіндірейік. Біріншіден, ақшаны тұрақты бағамен сақтауға мүмкіндік береді. Егер сіз жинағыңызды долларда ұстасаңыз, оны «USDT» түрінде сақтауға болады. Бағасы өзгермейді, инфляция әсер етпейді. Екіншіден, ақша жіберу мен алу өте тез болады. Банк арқылы ауда­рым жасасаңыз, кейде бірнеше сағат немесе тіпті бір тәулік уақыт кетеді. Ал стейблкоинмен ақша бірнеше минутта жетеді. Комиссиясы да аз. Үшіншіден, фрилансерлерге өте ыңғайлы. Қазір елімізде шетелдік компанияларда жұмыс істейтін адамдар көп. Олар тапқан ақшасын «USDT» арқылы оңай алады. Бұл банктегі ұзақ тексеріс пен айырбас рәсімдерінен босатады. Тағы бір пайдалы тұсы – «EVO» арқылы ел ішінде теңгені цифрлық түрде жіберуге және алуға болады. Бұл әсіресе ауылдық жерлерде тұратын адамдарға тиімді. Себебі кейбір ауылдарда банк бөлімшелері жоқ немесе карталық қызметтер шектеулі. Ал «EVO» болса телефон арқылы тез және оңай жұмыс істейді.

Мысалы, студент шетелде оқып жүр. Ата-анасы оған «EVO» немесе «USDT» жібереді. Ақша сол сәтте жетеді. Не болма­са, кәсіпкер Қытайдан тауар алып келе­ді. Ол банк арқылы аударым жасаған­ша, жет­кізушіге «USDT» жіберіп, уақыт үнем­дей алады. Фрилансер АҚШ-тағы клиент­тен «USDC» алып, оны бірден теңгеге айыр­­бастайды.

Мұның бәрі жай ғана жаңа технология емес, қаржы жүйесінің жаңа бағыты. Ол адамдарға ақшаны ыңғайлы сақтауға, тез аударуға және халықаралық төлемдерді жеңіл жасауға көмектеседі. Болашақта мұн­дай цифрлық валюталар күнделік­ті өмірдің бір бөлігіне айналуы әбден мүм­кін. Бәлкім, бір­неше жылдан кейін біз «EVO» сияқты цифр­лық теңгемен дүкенде төлем жасап, ком­муналдық қызметке ақша ауда­рып жү­ре­тін болармыз. Сондықтан бүгіннен бастап бұл жүйені түсініп, үйрене бастаған дұрыс.

 

Дайындаған –

Елігімай ТӨҢКЕР,

«Egemen Qazaqstan»