2025 жылғы 1 қазанға дейінгі деректерге сүйенсек, елімізде 607,3 мың адам жұмысқа орналасқан. Олардың ішінде 269,1 мыңы жұмыспен қамтудың белсенді бағдарламаларына қатысқан, деп хабарлайды Egemen.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары арқылы 153,6 мың азамат еңбекке тартылған. Оның ішінде 12,7 мыңы әлеуметтік жұмыс орындарына, 21,5 мыңы жастар практикасына, 96,6 мыңы қоғамдық жұмыстарға қатысқан. «Күміс жас» жобасы шеңберінде 17 мың адам еңбекке араласса, «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы бойынша 5,6 мың жас тәжірибе жинақтауда. Сондай-ақ, «Ұрпақтар келісімшарты» бастамасы арқылы 241 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
«Еңбек нарығындағы сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 53 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 49,1 мыңы оқуды аяқтады. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 45,6 мың адам қамтылды, оның ішінде 25,9 мың адам оқуды аяқтап, сертификаттар алды. Жұмыс берушілердің өтініші бойынша кәсіптік оқытуға 8 075 адам жіберілді, оның ішінде 2 541 адам оқуды аяқтады. Оқуды аяқтағаннан кейін 1 065 адам жұмысқа орналасты. Бұдан басқа, қызмет саласын таңдау мақсатында кәсіптік орталықтарда 304,3 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтіп, кеңес беру қызметтерін алды», делінген хабарламада.
Айта кетейік, азаматтардың нақты жұмысқа орналасуы міндетті зейнетақы жарналарының аударылуымен расталады. Биыл жұмыспен қамтылғандардың 153,6 мыңы мемлекеттік бағдарламалар арқылы, 142 мыңы электронды еңбек биржасы арқылы, 283 мыңы Президенттің «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында, ал 28,7 мыңы мемлекеттік органдардың жобалары бойынша жұмысқа тұрған.
Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтарды қолдау мақсатында жаңа бизнес-бастамаларға 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі (1 572 800 теңге) қайтарымсыз гранттар берілуде. 2025 жылғы 1 қазанға дейін республика бойынша 8 964 азамат осындай грантқа ие болған.