Қазақстанда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жеңілдетіліп, отандық кәсіпорындарға қолдау күшейді. Жаңа заңның арқасында келісімшарттар көлемі өсіп, ал шағымдар саны азайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, биылдан бастап күшіне енген «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң рәсімдерді айтарлықтай оңтайландырып, бизнестің жұмысын жеңілдетті. Бұрын ұзақ уақыт алатын сатып алу процестері қазір қысқартылған және барынша ашық жүргізіледі. Сонымен қатар, заңға отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған жаңа нормалар енгізілген.
«Жыл басынан бері мемлекеттік сатып алу саласында оң серпін байқалады. 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өткен жылмен салыстырғанда жасалған шарттардың жалпы сомасы мен отандық өндірушілерден сатып алу көлемі екі есеге артты. Шарттар саны 28%-ға, оның ішінде отандық кәсіпорындармен жасалған келісімдер 30%-ға көбейді. Ал шағымдар саны 25%-ға азайды», деді Мәди Такиев.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік сатып алулар жүйесіне жасанды интеллект элементтері енгізілген. Бұл құрал тиімділікті арттырып, бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде 781 миллиард теңге көлемінде қаржы үнемделген.