Биыл 16 шілдеде Мемлекет басшысы қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері жөніндегі Заңға қол қойды. Осы заңмен неке қиюға мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауаптылық енгізілген (ҚК-тің жаңа 125-1-бабы).
Егер әйел ұрланып, күш қолдану қаупімен немесе мүлкін жою не бүлдіру қатерімен неке қиюға мәжбүрленсе, кінәлі адамға 2000 АЕК-ке дейін айыппұл салу, не дәл сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, не 2 жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Абайсызда ауыр зардаптар туындаған жағдайда – кінәлі адам 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына тартылады.
«Неке қиюға мәжбүрлеу деректері бойынша алғашқы қылмыстық істер Шымкент және Қызылорда облысында тіркелген. Айта кетерлігі, екі жағдайда жәбірленушілер кәмелетке толмағандар болған», делінген хабарламада.
Тергеу жалғасып жатыр және прокуратура органдарының бақылауында тұр.