Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бұған дейін жолдаған депутаттық сауалына орай уәкілетті мемлекеттік органдардан Біртұтас есеп жүйесі (БЕЖ) жобасының жүзеге асырылуы жөнінде ресми түсіндірмелер мен егжей-тегжейлі ақпарат алғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Депутаттың айтуынша, қосымша зерттеу және тиісті органдармен өткізілген консультациялар нәтижесінде кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдарда оның депутаттық сауалы бұрмаланып түсіндірілгені анықталған.
«Ресми деректерге сәйкес, БЕЖ жобасы толыққанды іске қосуға дайындық кезеңінде тұр. 15 тамыздан бастап жасанды интеллект жүйесімен біріктірілген интернет-мониторингтің пилоттық жобасы іске қосылды. Ол тәулігіне 800-ге жуық заңсыз сайтты автоматты түрде бұғаттап отыр. Бұған дейін мұндай жұмыстарды мемлекеттік органдар қолмен орындап, ол бірнеше ай уақыт алатын», деді Ермұрат Бапи.
Сонымен қатар депутат фискалдық органдармен кеңесуден кейін бұрын БАҚ-та жарияланған «жүйе енгізілуі нәтижесінде заңды бизнес салық түсімдерін жоғалтады» деген тұжырымның дәлелсіз екенін атап өтті.
«Бірыңғай есеп жүйесінің басты мақсаты – Қазақстандағы ойын бизнесі саласында ашық әрі сенімді цифрлық орта қалыптастыру және халық арасында құмар ойындарға тәуелділікті тарататын заңсыз интернет-ресурстарды бұғаттау», деді ол.
БЕЖ жүйесінің мемлекеттік операторы – Туризм және спорт министрлігі жанындағы «Оператор ЕСУ» ЖШС, ол 100% мемлекеттік қатысу үлесіне ие ұйым болып табылады. Жүйе азаматтарды заң бойынша құмар ойындарға қатысуға тыйым салынған санаттардан (21 жасқа дейінгі тұлғалар, борышкерлер және т.б.) қорғауға және ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл заңнамасын сақтауға бағытталған.
Барлық деректер «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ инфрақұрылымында сақталып, жүйе толық мемлекеттік бақылауда болады. Сондықтан деректердің сыртқа шығу немесе ағып кету қаупі жоқ.
Ермұрат Бапидің бастамасымен жуық арада букмекерлік компаниялардың айналымынан 3% көлемінде мақсатты аударым енгізу туралы заңнамалық түзетулер қарастырылмақ. Оның ішінде:
1% – «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына,
1% – «SportQory» спортты дамыту қорына,
1% – Ұлттық Олимпиада комитеті жанындағы қорға бағытталмақ.
«Бұл халықаралық тәжірибелерге сүйенген шаралар ойын бизнесі саласындағы ашықтықты, сенімділікті және бюджеттік түсімдердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. ЕСУ жобасы нарықты көлеңкеден шығарып, бірыңғай ережелер орнатады», деді депутат.
Сонымен қатар Ермұрат Бапи «Оператор ЕСУ» және өзге де жобадағы тараптардың шетелдік санкциялық ұйымдармен байланысы туралы бұрын айтылған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын нақтылады.
«Мен бұл жобаның іске асырылуын әрі қарай да мұқият бақылап, азаматтарға ресми деректер негізінде тұрақты түрде ақпарат беріп отырамын. Жақын уақытта мемлекеттік органдардың ресми жауаптары да жарияланатын болады», деп түйіндеді Мәжіліс депутаты.