• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт 15 Қазан, 2025

Тағылымды турнир

40 рет
көрсетілді

Қарасай ауданының «Үшқоңыр» спорт кешенінде КСРО спорт шебері, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Бақытжан Әбдібаевтың 80 жылдығына арналған республикалық турнир өтті.

Турнир баскетбол қоғам­дас­тығы үшін ерекше мәнге ие. 18 жыл бұрын аудандық деңгейде бастау алған бұл жарыс, уақыт өте келе кең танымалдылыққа ие болып, облыстық дәрежеге жетті. Биылғы жылы алғаш рет рес­публикалық деңгейде ұйым­дастырылып отыр.

Турнирдің негізін қалаушы­лардың қатарында елімізге белгілі қоғам қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы Амалбек Тшанов, Олимпиада чемпионы мен жүлдегерлері Ермахан Ибраи­мов, Дәулет Тұрлыханов, Нұр­бақыт Теңізбаев, Демеу Жады­раев сынды танымал тұлғалар бар. Турнирдің ашылу салтанатына Бақытжан Әбдібаевтың жақын туыстары мен достары, сондай-ақ бірқатар құрметті қонақтар қатысты.

«Бақытжан Әбдібаев соғыс­тан кейінгі жылдары өсіп, қиын жағдайда спортпен айналыс­қан. Еліміздің алдыңғы қатарлы бас­кетболшылардың бірі болып, КСРО құрамасының қатарына ­ен­ді. Спортшы ретінде ғана емес, жас буын ойыншылардың тәлімгері ретінде де танылды. Турнир жай ғана жарыс емес, бұл – дәстүр мен рухтың жалғасы. Мұндай іс-шаралар арқылы жас­тар ел спортының тарихымен ­та­нысып, ерік-жігерін шыңдайды», деді Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқар­масының басшысы Ақжүрек Таңатаров.

Турнирге Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Жетісу облыстары, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, 2010–2011 жылдары туған балалардан құралған 20 команда, 250-ден астам жас спортшы қатысты. Жарыс нәтижесінде Алматы облысының құрамасы жеңіске жетті. Жүлделі 2-орынды Талғар ауданының командасы, 3-орынды Жетісу облысының командасы еншіледі. Жеңімпаздарға кубоктар, медальдар мен құрмет грамоталары табыс талды.

 

Алматы облысы